Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мыңға жуық білім гранттарына ие болды

2805
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері үшін маңызды оқиға өтті. Республикалық «Срочник 2.0» байқауының нәтижесі бойынша мерзімді қызметтегі сарбаздарға білім гранттары салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Гранттарды Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жеке өзі табыстады.

"Республика бойынша 910 ұландық, соның ішінде елордалық бригададан 114 сарбаз Қазақстанның жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификаттарға лайықты түрде ие болды. Бұл — жай ғана көтермелеу емес, бұл — қызмет барысында көрсеткен табандылықтарыңыздың, тәртіпке берік болуларыңыздың, білімге деген құштарлықтарыңыз бен қол жеткізген жоғары нәтижелеріңіздің жемісі. Мемлекет әскер мектебінен абыроймен өткен жастарға  сенім артып отыр. Бұл сенімді ақтап, сапалы білім алып, ел дамуына өз үлестеріңізді қосып, келер ұрпаққа  үлгі бола алатындарыңызға күмәнім жоқ" Аңсаған Балтабеков

Қарулы күштер мен еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы бұл бастама 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Келісімдерге сәйкес, мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға мемлекеттік білім беру гранттары қарастырылған.

Мемлекет есебінен оқумен қатар, жастарға шәкіртақы, тегін жатақхана және әскери кафедраға конкурстан тыс қабылдану мүмкіндігі беріледі.

«Срочник 2.0» жобасы – әлеуметтік белсенді әрі жауапты әскери қызметшілерді қолдауға бағытталған алғашқы бірегей байқау болды.

Еліміздің барлық өңірінен 5,5 мыңнан астам құқықтық тәртіп әскері сарбаздары байқауға қатысуға өтініш білдірді. Жеңімпаздар жауынгерлік даярлығы, тәртібі мен арнайы тапсырмаларды орындауы бойынша үздік нәтижелер көрсеткендер арасынан анықталды. Осы бағалар негізінде гранттардың бөлінуіне әсер ететін рейтинг қалыптасады.

"Әскердегі қызмет — бұл өмір мектебі. Әскерге шақырылғанға дейін Нархоз университетіне түсуді армандадым, бірақ көздегенім орындала ма, жоқ па білмедім. Құқықтық тәртіп бригадасында маған үздік қызмет еткен сарбаздардың тегін оқуға грант ұтып алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Қызметтегі және оқудағы жетістіктерімнің арқасында осы грантты иелендім. Енді білімімді жалғастырып, ел игілігі үшін еңбек етемін" 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Даниял Қабдолла

Айта кету керек, Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны байқау жеңімпаздарын оқуға қабылдау туралы меморандумға қол қойған.

Білім гранттарын табыстау — әскери қызметтің беделін арттырып, жастар үшін шынайы жеке және кәсіби өсу мүмкіндіктерін ашатын маңызды ынталандыру шарасы болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -