Астанада саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дәріс өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында елорда колледждерінің студенттеріне онлайн-дәріс ұйымдастырды.
31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті беттердің бірін еске алу күні. Бұл күн тарихи жарақаттарды түсіну мен азаматтық сананы қалыптастырудағы маңызды кезең болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін осы қасірет құрбандарын еске алу мақсатында мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Қазіргі уақытта бұл жұмыс жалғасуда және оның мақсаты – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және ұрпақ жадында сақтау. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз».
Дәріс барысында студенттерге 1930 жылдардағы ашаршылықтың алғышарттары мен зардаптары, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің ауқымы, қуғын-сүргінге ұшыраған ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, жазушылардың, сондай-ақ тұтқындалып, түрмеге жабылған қарапайым азаматтардың тағдырлары жайлы айтылды. Студенттерді Қазақстан аумағына әртүрлі этностардың депортациялануы және қоныс аударған адамдардың жаңа, көбінесе қиын жағдайларға бейімделуі тақырыбы ерекше қызықтырды.
Жеке блок ГУЛАГ лагерінің жүйесіне, оның ішінде республика аумағында жұмыс істейтін ірі лагерьлерге және тұтқындардың өмір сүру жағдайларына арналды. Тарихтың ақтаңдақ беттері – диссиденттердің тағдыры, идеологиялық қысымға қарсылық, сондай-ақ жастардың наразылығы мен азаматтық ұстанымының символына айналған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы да сөз қозғалды.
Дәріс мұрағаттық материалдармен, құрбан болғандардың өмірбаяндарымен, тарихи деректермен толықтырылды. Қатысушылар қазіргі қоғамдағы жады мен тарихи шындықтың маңыздылығы туралы сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.