Қазақстандағы балаларды қолдау: құқықтық, медициналық және қаржылық саладағы мемлекеттік шаралар

3443
Фотосурет: Коллаж: ulysmedia.kz

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн бізге баланың құқықтарын қорғаудың және оның қалыпты дамуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығын еске салады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың мемлекет үшін стратегиялық маңызды басымдыққа ие екенін бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жауапты министрліктер арқылы кәмелетке толмағандардың жағдайын жақсартуға және оларды қолдау мен қорғаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыруда. Қойылған міндеттер шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, кәмелетке толмағандарды әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Балалардың құқығын қорғауды күшейту

Бүгінде елімізде 6,9 млн бала тұрады, оның 3,9 млн-ы мектептерде, 556 мыңы колледждерде, 1 млн-нан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда оқиды. Білім беру саласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептердегі қауіпсіздіктен бастап балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кәсіптік бағдарлауға дейінгі ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар іске асырылуда.

2024 жылы бала құқықтарын қорғаудың құқықтық жүйесін нығайту бөлігінде елеулі өзгерістер болды. Құқықтық базаны едәуір күшейтіп, Балаларды қорғаудың пәрменді тетіктерін енгізуге ықпал еткен үш негізгі заң қабылданды.

Атап айтқанда, бұл Білім беру және тәлімгерлік мәселелері жөніндегі ҚР Заңы. Оның нәтижесінде елде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоғамға бейімдеу үшін тәлімгерлік институты құрылды.

Сондай-ақ, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР Заңы қабылданды. Құжатта кәмелетке толмағандарды қорлағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, баланы көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды, балаларға қарсы құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейтілді және балаларға қатысты құқық бұзушылықтар үшін нормалар қатаңдатылды.

Кәсіби асырап алушы отбасыларды құру және жетім балалар үшін жағдайды жақсарту жөніндегі нормаларды көздейтін мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР Заңы қабылданды.

Маңызды жетістіктердің қатарына – отбасыларға орналастырылған балалар санының өсуін айтуға болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде жетім балалардың 82%-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа жанұя тауып, 330 адам тәлімгер болды, ал қамқоршылық органдарының штаты 2,5 есеге ұлғайды. Биыл 1 шілдеден бастап отбасылық құрылымның жаңа нысаны – кәсіби отбасы қабылдау институты енгізілуде.

Мектептер салу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 105 мектеп пайдалануға берілді, оның 44%-ы ауылдық жерлерде. Тағы 112 «Жайлы мектеп» 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

2019 жылдан бастап Қазақстанда 1200 жаңа мектепте 1 млн-нан астам оқушыны орындармен қамтамасыз еткен ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. 2023-2024 жылдары 510 мың оқушыға арналған 422 мектеп пайдалануға берілді.

2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 93,1%-ды құрайды, балабақшаларға кезек 2 есеге азайды.

2025 жылы қамтуды 95%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады.

Мектеп өмірінің маңызды құрамдас бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып саналады. Дабыл түймелері мен турникеттер орнатылды, лицензияланған күзет енгізілді және қауіпсіздік нұсқаулары күшейтілді. 2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығына жылдам жүгіну үшін QR-кодтар енгізілді. Жыл басынан бері 77 мыңнан астам өтініш түсті.

Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бүкіл ел бойынша буллингке қарсы финдік Kiva және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары жұмыс істейді, ДОСБОЛLiKe және «Ата-ана бақылауы» науқандары өткізіледі, «Менің бауырым» жобасы жүзеге асырылуда.

Психологиялық қолдау орталықтарының да рөлі маңызды. 2024 жылы 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасылары көмек алды. Медиация қызметтері мен балалар омбудсмендері жұмыс істейді, тәлімгерлер психологиялық дайындықтан өтеді.

Әр балаға қол жетімді көмек

2024 жылы 510 мың бала 22,2 млрд теңге сомасына «Жалпыға бірдей оқыту» қоры арқылы көмек алды. Көмектің орташа мөлшері әр балаға 43 407 теңгені құрады. 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде жекеменшік мектептердің 1-4 сыныптарының 25 мың оқушысы. Әлеуметтік қолдау аясында кейбір өңірлерде оқушылар үшін тегін жол жүру мүмкіндігі бар.

Инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді. Мемлекеттік деңгейде білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға жүйелі тәсіл бекітіледі.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы қолдаумен қамтылды, мектептердің 90%-ы инклюзивті оқытуға бейімделді. 11 өңірде 18 ерте көмек кабинеті жұмыс істейді, ал 10 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырудан өтті.

121 психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті және 504 мамандандырылған ұйым жұмыс істейді. Отбасы мен баланы қолдаудың ведомствоаралық тетіктерін қамтитын «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» жеке заң әзірлеуде.

Қосымша біліммен 3,3 млн бала қамтылған – бұл жалпы санның 86,3%-ы. Еліміз бойынша 1 713 ұйым, 380 үйірме және 800 қоғамдық орталық жұмыс істейді, 200 мекеме жаңғыртылды. 2027 жылға дейін тағы 100 мекеме іске қосылады.

Балалардың жазғы бос уақытына байланысты – 2025 жылы 3,2 млн оқушы, оның ішінде мұқтаж отбасылардан шыққан 500 мың бала демалып, денсаулығын сауықтыратын болады. «Жаздық жолдама» жобасының аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 10 мың бала тегін демалады. Балалардың демалысын жүйелі ұйымдастыруға 120 мың педагог-ұйымдастырушы, 12 мың студент және еріктілер тартылды. Штабтар жұмыс істейді, гайдбуктар, орталықтардың тізімдері мен нұсқаулықтар дайындалды.

2024-2025 оқу жылында қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын. Қазақстаннан қатысқан әрбір екінші қатысушы марапатпен оралды. Қазақстандық команда Алматыда өткен, 81 елден қатысушылар келген IBO-2024 халықаралық биология Олимпиадасында 100% медальдық нәтиже көрсетті. IBO-2024 әлемдік академиялық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.

Ауылда білім алып жүрген жүлдегер оқушылардың саны 10 есеге өсті. Халықаралық олимпиадалардың 26 жүлдегері үшін 77,5 млн теңге және 24 педагог үшін 6,4 млн теңге бөлінді.

Орта-техникалық білім: Жұмысшы мамандықтар жылы

Мектеп реформаларымен қатар орта-техникалық білім беруді жаңғырту жалғасуда. Өзгерістердің негізгі бағыты – Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы». Осы бастаманы іске асыру шеңберінде кешенді шаралар қабылданды. Алғаш рет педагога-профориентатор лауазымы енгізілді, жоғары сынып оқушыларына біліктілік беріледі, ал 11-сынып түлектері колледж дипломын ала алады. Қазірдің өзінде 905 оқушы осындай оқуды аяқтады. 2025 жылдың ақпан айында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтті. 300-ден астам іс-шара өткізіліп, 250 меморандумға қол қойылды.

30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті.  «Үздік 100 студент» байқауы, JasSkills, JuniorSkills және «Мансап Компасы» науқаны басталды. 173 мың студент колледждерде оқуды аяқтайды, 2024 жылғы түлектердің 81%-ы жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушілермен бірлесіп 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленді. 4 мыңнан астам кәсіпорын колледждермен ынтымақтастық орнатқан, ал 2,5 млн оқушы кәсіптік бағдарлаумен қамтылды, 8 жаңа жатақхана іске қосылды. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттік стипендиялар 2 есеге ұлғайтылады.

Барлық балалар медициналық бақылауда

Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдықтарының бірі – өскелең ұрпақтың салауатты, қауіпсіз және жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, әр бала дүниеге келгеннен бастап медициналық бақылау жүйесімен қамтылған. Жыл сайын 0 – ден 6 жасқа дейін 2 млн-нан астам бала скринингтен, 4,5 млн-нан астам бала профилактикалық тексеруден, 1,5 млн-нан астам бала міндетті иммундаудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі шеңберінде ұсынылады.

Медициналық қолдау шаралары мектеп оқушыларын да қамтиды. Елімізде 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, ал әрбір мектеп емханаға бекітілген. Көмек көп деңгейлі тәсілге сәйкес көрсетіледі: патронаждық сапарлардан бастап ерте араласуға дейін және «диагнозға дейін – мүгедектікке дейін» моделі бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған орталықтар бар. 2025 жылдан бастап мұндай орталықтар емханаларда жұмыс істей бастады.

Жаңа туған нәрестелерге ерекше назар аударылады. Қазақстан Орталық Азияда неонаталдық көмек стандартын енгізген бірінші ел болды, онда реанимацияда бір сәбиге бір медбике келеді. Сондай-ақ 1 мыңнан астам мамандарды қамтитын неонатологтардың онлайн-қауымдастығы құрылды.

Қазақстандық дәрігерлер салмағы 500 грамнан асатын жаңа туған нәрестелерді емдейді. Төсек қорының 20%-ға ұлғаюының нәтижесінде жыл сайын туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңға дейін ота жасалады. Отадан кейінгі өмір сүру деңгейі 93%-ға жетті.

Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар, бала жасындағы ауруларды біріктіріп басқару тәсілдері және ерте шақтағы балаларды патронаждық қадағалаудың әмбебап-прогрессивті моделі халықаралық ұсынымдарға сай енгізілуде.

Ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың нәтижесінде елде бала өлімінің көрсеткіштері тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті: неонаталдық өлім – мың тірі туғанға шаққанда 3,37, нәресте өлімі – 6,80, балалар өлімі – 9,30.

Сонымен қатар, онкогематология белсенді дамып келеді. Емдеу халықаралық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі және құрамында полихимиотерапия, сәулелік терапия, хирургия мен гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау  бар. Бұл – аллогенді, аутологты және гаплоидентикалық әдістерді қамтиды. 2013 жылдан бері 515 трансплантаттау жүргізілді, оның ішінде 28-і халықаралық донорлар тіркелімінен (Ресей, Германия, Польша) алынған туыстық емес донорлармен жүзеге асырылды.

Инновациялық тәсілдердің – интраартериялық химиотерапия, «өсетін» эндопротездердің 3D-моделдеу технологиясы және таргеттік иммунотерапияның нәтижесінде балалардағы онкологиялық аурулар бойынша жалпы өміршеңдік 70%-дан асты.

Оңалтуға қол жетімділікте кеңейіп келеді. Биыл 1–3-дәрежелі есту қабілеті бұзылған балаларды есту аппараттарымен және сөйлеу процессорларын ауыстырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа заңнамалық нормалар қабылданды. Еліміздегі жетекші клиникалардың базасында балалар денсаулығын сақтау бойынша тәсілдер үнемі жетілдіріліп, жаңа технологиялар мен диагностикалау және емдеудің заманауи әдістері енгізілуде.

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау – жәрдемақылар және Атаулы әлеуметтік көмек

Балалары бар отбасыларға әлеуметтік көмек жүйесі дәйекті түрде нығайтылуда. Осы мақсатта қазақстандық отбасылардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған түрлі қолдау шаралары жүзеге асырылуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта балалары бар 2 млн-ға жуық отбасы түрлі жәрдемақылар мен төлемдер алады. Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,7 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 870,7 млрд теңге және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 855,9 млрд теңге. 2025 жылы жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға артқан.

Қолдаудың негізгі бағыттарының ішінде бала туылған кезде кезектілігіне қарай 149 416 теңгеден (38 АЕК) 247 716 теңгеге (63 АЕК) дейінгі біржолғы жәрдемақы бар. Осы жылдың алғашқы төрт айында төлем 21,1 млрд теңге сомасына 117 мың азаматқа берілді.

Сондай-ақ жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған.

 Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 5,76 АЕК-тен (22 648 теңге) 8,90 АЕК-ке (34 995 теңге) дейін ұлғайта отырып, баланың туу кезегіне байланысты төленеді. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылар саны орта есеппен 123,3 мың адам, оларға 14,4 млрд теңге төленді.

Жұмыс істейтін әйелдер МӘСҚ-дан төлем алады. Жүктілік және босану бойынша біржолғы жәрдемақының орташа мөлшері 1,6 млн теңгені құрады. Бұл төлемді 81,8 мың әйел алды, жалпы сомасы – 117,3 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Орта есеппен 85 221 теңге. Бұл сома соңғы екі жылдағы орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. Төлемнің орташа мөлшері – 85 221 теңге.

Мемлекет сонымен қатар бала күтімі бойынша демалыстағы әйелдерге зейнетақы жарналарын субсидиялайды, бұл зейнетақы капиталының жинақталуына ықпал етеді.

4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы қарастырылған.

Төлем мөлшері балалар санына қарай сараланды: 4 бала – 63 030 теңге, 5 бала – 78 798 теңге, 6 бала – 94 565 теңге, 7 бала – 110 332 теңге, 8 және одан да көп бала – әр балаға 15 728 (4 АЕК) теңгеден. Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға орта есеппен 176 млрд теңгеге 611,5 мың отбасы жәрдемақы алды.

Көп балалы аналардың беделін арттыру үшін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, ол табысына қарамастан, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге төленеді. Бүгінгі таңда 242 мың марапатталған көп балалы ана жәрдемақы алушылар болып саналады, оларға 25,9 млрд теңге төленді.

Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен мүгедек бала кәмелетке толғанға дейін оған күтім жасау бойынша жәрдемақы төленеді, оның мөлшері 74 428 (1,61 ЕТКД) теңгені құрайды. Жыл басынан бері 33,7 млрд теңге сомасына 111,7 мың адам алды.

Отбасының бір мүшесінің табысы кедейліктің белгіленген шегінен төмен отбасылар үшін мемлекет атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді, оның шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем де жүзеге асырылады. Бұл төлемнің мөлшері 1,5 АЕК құрайды, бұл 2025 жылы әр бала үшін 5 898 теңгеге тең. Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша төлем 1,4 млрд теңге сомасына 74,4 мың балаға тағайындалды.

«Ұлттық қор – балаларға» – болашаққа инвестициялар

Медициналық және әлеуметтік қолдау жүйесін толықтыра отырып, мемлекет болашақ ұрпақ үшін қаржылық тұрақтылықтың ұзақмерзімді тетіктерін енгізуде. Мұндай тетік 2022 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы болды. Оның мәні Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару болып саналады. Жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану ұсынылады.

Бастама болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға, жастардың білім алуын табысты бастау және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған. Іске асыру мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Бағдарлама ресми түрде 2024 жылдың 1 қаңтарында басталды. Оның шеңберінде 2006 жылдан бастап туылған әрбір балаға Ұлттық қордан жыл сайын қаражат аудару көзделеді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы бағдарламаға 6 919 131 адам – 2006 жылдан 2023 жылға дейін қоса алғанда туылған балалар қатысты. Олардың әрқайсысына $100,52 аударылды.

Есептеудің жалпы сомасы $695,5 млн-ды құрады. Ұлттық қордан ақша есептелген балалардың жалпы санынан 2024 жылы 304 815 адам 18 жасқа жетті, оларға жалпы сомасы $30,6 млн аударылды.

2025 жылы қатысушылар саны 6 921 035 балаға дейін өсті, оның 324 430-ы биыл 18 жасқа толады, ал аударымдар $129,38 құрады.

Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балаларда инвестициялық кірісті қоса есептегенде, жинақтардың жалпы сомасы – $232,94. Ұлттық қордан берілген жалпы сома $1,5 млрд-ты құрады.

Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталады, содан кейін оларды тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Осы мақсаттарға 118 мыңнан астам өтінім берілді. Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға 63 871 өтінім, оқу ақысын төлеуге – 54 270 өтінім келіп түскен.

Бүгінгі таңда «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы әрбір баланың болашағы үшін қаржылық база құруға бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тетігі болып саналады.

ІІМ алдын алу және қауіпсіздік шараларын жандандырады

Президенттің тапсырмалары шеңберінде Қазақстанда кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі шараларды күшейту үшін Ішкі істер министрлігі жүйелі негізде мектептердегі құқық бұзушылықтардың алдын алудан бастап интернеттегі зорлық-зомбылық пен қауіп-қатер жағдайларына дейінгі кешенді жұмысты іске асыруда.

Соған сәйкес, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Назар аударыңыз – балалар!» және тағы басқа кең ауқымды профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіледі.

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде ел аумағында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші кезеңі өткізілді. Іс-шара балалардың құқықтарын қорғауға, жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Барлығы 26 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде ең көп тарағандары – кәмелетке толмағандардың түнде ересектердің бақылауынсыз болуы, ата-аналық міндеттерін орындамау, жасөспірімдерге алкоголь сату фактілері және ұсақ бұзақылық.

Сонымен қатар өз міндеттерін орындамайтын 800-ден астам ата-ана есепке алынды. Және кәмелетке толмағандардың психикалық және физикалық денсаулығы үшін ықтимал қауіпті 4 мыңнан астам интернет-контент бұғатталды. Сондай-ақ оқушылармен 20 мыңға жуық құқықтық әңгіме өткізіліп, әкімдіктерге бос уақытты ұйымдастыру бойынша 367-ден астам өтініш жолданды.

19-31 мамыр аралығында «Жасөспірім» акциясының екінші кезеңі өткізіледі. Бұл уақытта «Түнгі қаладағы балалар» жобасына ерекше назар аударылады, оның барысында заңды өкілдердің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және көшелерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталады. Жыл басынан бері мұндай бұзушылықтар үшін 50 мыңнан астам ата-ана мен 1 мыңнан астам кәсіпкер жауапқа тартылды. 

Жазғы демалыс кезінде балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мәселелеріне ерекше мән беріледі. 20-26 мамыр аралығында «Назар аударыңыз – балалар!» оның барысында тасымалдау бағыттары тексеріліп, жолдардың қауіпті учаскелері талданып, білім беру органдарымен кеңестер өткізілді. Бұдан басқа, балаларды автобустармен тасымалдау талаптарының сақталуын тексеру ұйымдастырылды, жергілікті авариялық ошақтар орындарына талдау жүргізілді, балалардың жазғы демалыс нысандарының маңындағы көше-жол желілері зерттелді, сондай-ақ білім беру органдарымен нұсқаулық кеңестер өткізілді.

Сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл бөлігінде полицияның жұмысы күшейтілді. 2024 жылдан бастап анықтау тәсіліне баса назар аударылды, оқу орындарында профилактика күшейтілді, бұл жасөспірімдер арасында бопсалау фактілерін көбірек анықтауға мүмкіндік берді.

Кәмелетке толмағандарға алкоголь, темекі бұйымдарын сату, олардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болу фактілерін анықтау, сондай-ақ балалардың жаппай демалатын орындарында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс күшейтілді.

Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанда кәмелетке толмағандарды қорлағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, Ішкі істер министрлігі буллингтің алдын алуды Оқу-ағарту министрлігімен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады. Бекітілген алдын алу қағидалары бойынша кәмелетке толмағандарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Өз кезегінде ІІМ барлық мектептерге 7,5 мыңнан астам полицейді бекітті, олар жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді.

Балаларды қоғамдық көліктен түсіруге тыйым салу туралы нормаға келетін болсақ, жыл басынан бері балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсірудің 59 фактісі тоқтатылды, норма енгізілген сәттен бастап – 66.

Ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру мақсатында ата-аналарға олардың құқықтары мен міндеттері туралы тақырыптық дәрістер өткізіледі. Биыл ата-аналармен кездесулерді қоса алғанда, барлығы 52 мыңнан астам құқықтық дәріс өткізілді.

Алдын алу шаралары цифрлық ортаны да қамтиды. ІІМ-де Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті жұмыс істейді, онда тәулік бойы заңсыз контентті анықтау үшін интернет-кеңістік бақыланады. Тек осы жылы 58 мыңнан астам заңсыз ресурстар анықталды, олардың ішінде «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен 21 мыңнан астамы бұғатталған.

Балаларды қорғау – қоғам тарапынан үнемі назар аударуды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және қолдауды талап ететін басым міндет. Осыған байланысты мемлекет балаларды туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін олардың өсуінің барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау үшін, сондай-ақ олардың мүдделерін қорғау, қылмыстық қол сұғушылықтардан, қауіпті азғырулардан және сырттан теріс ықпалдан қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Жауапты мекемелердің басты бағыты – қауіпсіздік, дамудың тұрақты ортасы және әр баланың назардан тыс әрі қамқорлықсыз қалмайтынына сенім ұялату.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -