2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 13 банк шетелдің қатысуымен, оның ішінде 9 еншілес банк, деп хабарлайды DKnews.kz.
Банк секторының активтері 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша негізінен банктердің несие портфелінің 1,5%-ға 37,2 трлн теңгеге өсуі есебінен ағымдағы жылғы сәуірде 1,0%-ға (2025 жылдың басынан бері 1,7%-ға өсу) ұлғайып, 62,6 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2025 жылғы сәуірде 2,0%-ға 35,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 3,8%-ға өсу). Экономикаға берілген кредиттердің құрылымында 2025 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша ұлттық валютада берілген кредиттер 2,1%-ға 32,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасында берілген кредиттер 0,5%-ға 2,7 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңге бағамының АҚШ долларына қатысты 1,6%-ға әлсіреуі нәтижесінде оң қайта бағалау салдарынан ұлғайды.
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2025 жылғы сәуірде негізінен айналым қаражатын сатып алуға берілген қарыздардың 2,8%-ға 5,1 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2,9%-ға 13,3 трлн теңгеге дейін өсті (2025 жылдың басынан 1,8%-ға өсу). Бизнеске берілген кредиттер құрылымында ірі бизнеске қарыздар 1,2%-ға 5,0 трлн теңгеге, ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 3,3%-ға 5,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер 5,3%-ға 2,5 трлн теңгеге дейін өсті.
Салалар бойынша 2025 жылғы сәуірде бизнеске берілген кредиттердің өсуі барлық салада байқалады. Мәселен, өнеркәсіпте кредиттер 1,1%-ға 4,3 трлн теңгеге дейін, саудада 2,3%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін, көлікте 11,1%-ға 1,0 трлн теңгеге дейін, ақпарат және байланыста – 15,9%-ға 0,2 трлн теңгеге дейін, құрылыста 1,5%-ға 0,6 трлн теңгеге дейін, ауыл шаруашылығында 5,4%-ға 0,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
2025 жылғы сәуірде бизнес субъектілеріне 1,7 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2024 жылғы сәуірмен салыстырғанда 16,2%-ға артық. 2025 жылдың басынан бері бизнеске жаңа кредиттер беру көлемі 5,6 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға артық.
2025 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі, оның ішінде ДК қарыздары бойынша мөлшерлеменің 31,4%-дан 31,1%-ға дейін азаюы есебінен бір ай бұрынғы 21,6%-дан 21,3%-ға дейін төмендеді.
Халыққа берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 1,9%-ға 14,7 трлн теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,3%-ға 6,2 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 2025 жылғы сәуірде 1,5%-ға ұлғайып, 21,7 трлн теңгені құрады (2025 жылдың басынан 5,0%-ға өсу).
2025 жылғы сәуірде тұтынушылық қарыздар бойынша мөлшерлеменің 20,4%-дан 21,2%-ға дейін ұлғаюына байланысты халыққа теңгемен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,9%-ға дейін (2025 жылғы наурызда – 19,7%) өсті.
Банктердің несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, 01.05.2025ж. жағдай бойынша кредиттік портфельдің жалпы көлеміндегі 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі 2025 жылғы наурыздағы деңгейде сақталып, 3,4%-ды немесе 1,3 трлн теңгені құрады.
Халықтың кредиттері бойынша NPL90+ қарыздарының үлесі 01.05.2025ж. жағдай бойынша 4,2%-ды немесе 906 млрд теңгені, бизнеске берілген кредиттер бойынша 2,3%-ды 354 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі 67,7%-ды құрады (01.01.2025ж. – 67,0%).
Банк секторының міндеттемелері 2025 жылғы сәуірде негізінен клиенттер салымдарының ұлғаюы есебінен 1,8%-ға 53,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында клиенттердің салымдары басым түседі – 80,3% немесе 43,0 трлн теңге.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2025 жылғы сәуірде негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің 2,6%-ға 31,9 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 2,1%-ға 41,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Валюталық депозиттер 0,3%-ға 9,4 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі аясында оң қайта бағалау нәтижесінде өсті. Нәтижесінде 01.05.2025ж. жағдай бойынша депозиттерді долларландыру деңгейі бір ай бұрынғы 23,2%-дан аздап төмендеп, 22,8%-ды құрады.
Заңды тұлғалардың депозиттері 2025 жылғы сәуірде 1,7%-ға 18,5 трлн теңгеге дейін өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 2,4%-ға 22,8 трлн теңгеге дейін өсті.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2025 жылғы сәуірде 15,4%-ды (2025 жылғы наурызда – 15,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 14,0%-ды құрады (2025 жылғы наурызда – 13,6%).
Банктердің меншікті капиталы 2025 жылғы сәуірде негізінен жекелеген банктердің дивидендтер төлеуіне байланысты өткен жылдардағы бөлінбеген таза пайданың азаюы нәтижесінде 3,3%-ға 9,0 трлн теңгеге дейін азайды (2025 жылдың басынан бері 1,6%-ға өсті). 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,5%-ды (01.01.2025ж. – 20,4%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,0%-ды (01.01.2025ж. – 22,0%) құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2025 жылғы қаңтар-наурызда банктердің таза пайдасы 905 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,5%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 4,5%-ды (01.04.2025ж. жағдай бойынша – 4,6%), капитал рентабельділігі (ROE) 31,6%-ды (01.04.2025ж. жағдай бойынша – 31,8%) құрады.