Бүгін Қазақстан Республикасының Атомдық энергия жөніндегі агенттігі ресми түрде мәлімдеді:
ҚР Атомдық энергия агенттігі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясымен бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде атом электр станциясына ұсынылған реакторлық технологиялар мен әлеуетті жеткізушілердің басқа да ұсыныстарына кешенді (интеграцияланған) бағалау жүргізілді.
Бағалау мынадай негізгі бағыттарды қамтыды:
- АЭС қауіпсіздігі,
- технологиялық және қаржылық көрсеткіштер,
- халықаралық тәжірибе,
- кадрларды даярлау деңгейі,
- жергіліктендіру әлеуеті және басқа да маңызды аспектілер.
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салуға арналған халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде «Росатом» мемлекеттік корпорациясы таңдалды.
«Росатом» — әлемдік ядролық технологиялардың негізін қалаушы, ең дамыған әрі тәжірибелі «атом мектебіне» ие компания. 1954 жылы әлемдегі алғашқы атом электр станциясы Ресейдің Обнинск қаласында іске қосылған болатын.
Сондай-ақ, ерекше атап өтерлік жайт — әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік жылдам нейтронды реактор — БН-350 ресейлік технологиялар негізінде Қазақстанның Ақтау қаласында, Каспий теңізінің жағалауында салынған және ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген.
Көрнекілік үшін шорт-листке енген елдер мен компаниялардың көрсеткіштерін салыстырып көрейік.
Қазақстан үшін қарастырылған барлық реакторлық технологиялар қауіпсіздік талаптарына жалпы сәйкес келеді:
- олар жобалық ең жоғары 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады немесе бейімделуі мүмкін;
- белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған;
- ауыр апаттардың салдарын басқаруға арналған шешімдер қарастырылған;
- қос қабатты қорғаныс қабығы бар.
Сонымен қатар, Ресей мен Қытай қазіргі таңда өз елдерінде де, шет мемлекеттерде де 20-дан астам реактор салып жатқанын атап өткен жөн. Ал Франция мен Корея тек екі реактордан ғана іске асырып отыр — атап айтқанда, Кореяда APR1400, Чехияда APR1000, Ұлыбританияда EPR1200 технологиялары бойынша.
Сонымен қатар, Ресей мен Қытайдың халықаралық консорциумдарға қатысу тәжірибесі әлдеқайда мол, себебі олар әртүрлі өндірушілердің жабдықтарын бір жоба аясында тиімді үйлестіре алады.
Онымен қоса, Ресейдің шетелде атом электр станцияларын салу бағытындағы тәжірибесі ең озық деп саналады. Бүгінде Ресей Қытайда, Түркияда, Бангладеште, Беларусьта, Үндістанда, Иранда және Мысырда 20-дан астам реактор құрылысын жүзеге асыруда.
Бұл жобаларда ресейлік тарап әр елдің ұлттық талаптарына бейімделіп, жергілікті өндіріс орындарымен тығыз жұмыс істеп, жобадағы жергілікті үлесті барынша арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Ерлан Ғадлетұлы Батырбеков, Қазақстан Республикасы «Ұлттық ядролық орталығы» РМК Бас директоры