Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев Қытайдың Экспорт-импорт банкінің (ҚХР Эксимбанкі) басқарма төрағасы Чэнь Хуайюймен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оның барысында тараптар қаржы-экономикалық бағыттағы өзара байланыстың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ Қытай Эксимбанкінің еліміздегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыру жолдарын талқылады.
Мәди Төкешұлы қытайлық банкпен арадағы экономикалық әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, бұл ынтымақтастық Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» және «Жаңа экономикалық бағыт» бағдарламалары аясындағы бастамаларды іске асыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Бұған қоса ведомство басшысы еліміздің орнықты даму, логистика және «жасыл» экономика салаларында өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі екенін айтты.
Өз кезегінде Ч. Хуайюй Қытай Эксимбанкінің Қазақстанның өндірістік және экспорттық әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ еліміздің өңірлік транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін айтты.
Кездесудің қорытындысы бойынша екі жақ нақты ынтымақтастық бағыттары бойынша диалогты жалғастыруға келісіп, Қазақстан-Қытай әріптестігі одан әрі күшейетініне сенім білдірді.