Фиат ақшадан электрондыға және керісінше

1760
Фотосурет: @ Катерина Малама

Электронды ақша мен цифрлық теңгенің айырмашылығы неде, криптоактивтерді кім, қашан және қалай сатып ала алады – бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) Кеңесінің төрайымы Елена БАХМУТОВА сұхбатында айтты.

– Елена Леонидовна, талқыланып жатқан банк қызметі туралы заң жобасында цифрлық активтер (ЦА) туралы нақты ақпарат жоқ, дегенмен мұндай ақпаратқа сұраныс жоғары. Цифрлық активтер нарығының конфигурациясы қалай ұйымдастырылмақ?

– ЦА туралы егжей-тегжейлі ақпараттың өзі банк туралы заң жобасында емес, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы қатар жүретін заң жобасында қамтылған. Ақпараттың бір бөлігі төлемдер мен төлем жүйелері туралы заңда, бір бөлігі – Ұлттық банк пен цифрлық активтерге қатысты заңдарда. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы ЦА айналымын ұлғайту жөнінде тапсырма берген. Ұлттық банк қатар жүретін заң жобасында цифрлық активтер нарығын дамытудың өз көзқарасын ұсынды. Бұл – әлі аяқталмаған, талқыланып жатқан тұжырымдама екені түсінікті.

Ұлттық банктің ЦА нарығының конфигурациясы бойынша ұстанымы қандай? Біріншіден, ЦА-ны қаржылық цифрлық активтер және басқалары – қаржылық емес, соның ішінде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер (криптовалюталар) деп түбегейлі бөлу ұсынылып отыр.

Қолданыстағы цифрлық активтер туралы заңда мұндай жіктеу болған жоқ – барлық активтер қаржылық емес активтерге жатқызылып, олардың айналымына тек АХҚО шеңберінде рұқсат берілген болатын. Екіншіден, цифрлық активтер қызметін ұсынатын нарықты реттеумен тікелей Ұлттық банк айналысады, ал цифрлық қаржылық активтерді шығаруға және оларды сатып алуға рұқсат беру жөніндегі реттеу – Ұлттық банкпен келісу арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзырында болады. Меніңше, бұл өзгерістер қаржы нарығына елеулі әсер етеді.

Орталық депозитарийдің қызметі цифрлық қаржылық активтер платформасының операторы ретінде кеңейтіледі, ал KASE цифрлық қаржылық активтер бойынша сауда платформасының операторы болады. Цифрлық қаржылық активтерді шығаруға және оларды сатып алуға құқығы бар ұйымдардың тізімін Агенттік бекітеді.

– Ал криптовалютаға қатысты қандай жағдай?

– Қазіргі таңда ол тек АХҚО шеңберінде ғана шығаруға және айналымға жіберуге рұқсат етілген. Қызметін тек АХҚО құзырындағы тәуелсіз реттеуші лицензиялап, реттейтін криптобиржалар мен криптоброкерлер бар. Майнерлерге қатысты реттеу бөлек жүргізіледі. Бұл – Қазақстанның жалпы заңнамалық аясында. Дегенмен, цифрлық активтер туралы заңда Қазақстандағы майнерлер майнинг процесі арқылы алынған криптовалютаның кемінде 50%-ын АХҚО-да жұмыс істейтін криптобиржа арқылы сатуға міндетті деген норма бар.

Қазір бұл нормаларды қайта қарау және майнерлер үшін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді (криптовалюталарды) шығару мүмкіндігін кеңейту мәселесі талқыланып жатыр. Бұдан бөлек, Ұлттық банк қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер айналымын Қазақстан нарығына шығарып, криптоайырбастау орындарының қызметін заңдастыруды ұсынып отыр. Бұл ретте олардың қызметін лицензиялау және қадағалау тікелей Ұлттық банктің құзырында болады.

Мұндай қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер провайдерлерінің (криптоайырбастаушылардың) қызметі бөлшек клиенттер үшін криптовалюта мен ақшаны айырбастауға ғана бағытталады және өзге қызмет түрлерімен қатар жүргізілмейді. Ал АХҚО шеңберінде жұмыс істейтін криптобиржалар, сірә, өз қызметін жалғастыра береді. Дегенмен, бұл мәселе жүйелі көзқарас қалыптастыру және реттеушілік арбитражға жол бермеу үшін қосымша талқылауды қажет етеді.

Бөлшек клиенттердің криптовалюта сатып алу мүмкіндігі белгілі бір тәуекелдермен байланысты, олар бұл тәуекелдерді түсініп, қабылдауы тиіс. Менің ойымша, бұл тұтынушылар құқығын қорғау тәсілдерін қайта қарауды, қызмет провайдерлерінің ғана емес, клиенттердің де жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Сонымен қатар, криптовалюта – бұл мүлік. Яғни, жеке және заңды тұлғалардың қарыздық міндеттемелерін орындау тетігі тиімді жұмыс істеуі үшін мұндай ерекше мүлік түріне де өндіріп алу шаралары қарастырылуы керек. Бұл үшін Азаматтық кодекс пен басқа да заңдарға өзгерістер енгізу қажет болуы мүмкін.

– Жақында бір депутат Ұлттық банкке тұтқындалған криптовалюталарға резерв құруды ұсынды. Бұл қаншалықты орынды ұсыныс?

– Меніңше, мұндай резерв құру Ұлттық банктің мандатына мүлде кірмейді. Тұтқындалған криптоактивтерді заңды жолмен сатып, оларды мүлікке – ең дұрысы, бюджетке аударуға немесе зардап шеккендерге өтеуге болатын ақшаға айналдыру тиімдірек болады.

Тағы бір кең таралған мүлік түрі – бұл электрондық ақша. Кең таралған жағдай – сот орындаушысы клиенттің банктік шотына тыйым салады, бірақ электрондық ақша қалдығы клиенттің электрондық әмиянында есептеледі, ал банктік шот төлем жүйесінің операторының атына рәсімделгендіктен, нақты тұлғаның электрондық әмиянына тыйым салу мүмкін болмайды.

Электрондық ақшаның эмиссия көлемі ұлғайған сайын, клиенттің әмиянындағы қалдықтар туралы ақпаратты ашу тетіктерін жетілдіру қажет, оларды қарыздық міндеттемелерді орындаудан жасыруға жол бермеу керек. Қолданыстағы «Төлемдер мен төлем ұйымдары туралы» заңға сәйкес, электрондық ақшаны тек банктер мен Қазпошта шығара алады. Яғни, клиенттерге банктік шоттар ашуға құқығы бар ұйымдар ғана. Электрондық ақша жүйелерінің операторлары – төлем ұйымдары. Ұлттық банк заң жобасында төлем ұйымдарының функционалын кеңейтіп, оларға электрондық ақша шығару және банктік аударым операцияларын жүзеге асыру құқығын беруді ұсынуда, бірақ бұл банктердің өз қызметімен бәсекелестікке түсіп, «көлеңкелі» аймақтардың пайда болуына жол бермеуі тиіс. Себебі банктерге қойылатын талаптар әлдеқайда қатаң.

Менің ойымша, Парламентке заң жобаларын енгізбестен бұрын қаржы нарығын жүйелі және тұтас реттеу тұрғысынан бұл жаңашылдықтардың қаншалықты орынды екенін қосымша зерттеу қажет.

– Цифрлық теңге – бұл электрондық ақша ма?

– Цифрлық теңгенің эмитенті – тек Ұлттық банк. Бұл – ақша, бірақ цифрлық формада. Оны кез келген сәтте банк шотындағы қолма-қол емес ақшаға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болады, бұл үшін цифрлық инфрақұрылым қолданылады.

– Төлем ұйымдарының электрондық ақша эмиссиясына қатысуы ақша массасының ұлғаюына, соның ішінде баға деңгейіне әсер ете ме?

– Ең алдымен мына нәрсені түсініп алайық: қолма-қол, қолма-қол емес және цифрлық теңгенің номиналы бірдей. Ал электрондық ақша – бұл мүлде басқа. Электрондық әмияныңызға белгілі бір соманы салу үшін сіз ол үшін теңге төлейсіз – бұл сома қолма-қол ақшамен де, банктік аударыммен де берілуі мүмкін. Яғни, сіз ол ақша үшін нақты төлейсіз және бұл ақша массасына әсер етпейді.

Одан кейін бұл электрондық ақша тек электрондық ақша иелері арасында айналымда болады. Былайша айтқанда, сіз бір клубқа кіргендей боласыз. Сіз қандай тауар мен қызмет үшін қандай электрондық ақшамен төлеуге болатынын, оларды қандай жағдайда қайта фиат ақшаға айналдыруға болатынын білуіңіз керек (фиат ақша – құнын мемлекет айқындап, кепілдік беретін ақша – ред.). Мұның бәрі электрондық ақшаны шығару мен пайдалану ережесінде нақты жазылуы тиіс.

– Электрондық ақша туралы тұтынушы не білуі керек?

– Ең бастысы – сіз белгілі бір төлем жүйесінде айналымда жүрген электрондық ақшаны пайдаланып жатқаныңызды нақты білуіңіз керек. Яғни, клиент өз таңдауына жауапты болуы тиіс.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -