Тоқаев судьяларды кәсіби мерекесімен құттықтады

1199
Фотосурет: Аkorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекесі – Судья және сот қызметкері күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында биылғы жылдың – Конституция қабылдануының 30 жылдығына арналған ерекше маңызын атап өтіп, әділ қоғам құрудағы сот төрелігінің айрықша рөліне назар аударды:

"Құрметті Судьялар және сот қызметкерлері!

Биыл – сот төрелігін атқаруға жауапты азаматтар үшін айрықша маңызды жыл. Себебі, осыдан 30 жыл бұрын ел егемендігінің, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың мызғымас тірегі саналатын Қазақстан Конституциясы қабылданды.

Қуатты әрі тәуелсіз сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру ісінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан біз осы стратегиялық маңызы бар салада жүйелі түрде реформа жүргізіп келеміз. Сот ісі жетілдіріліп, басқару үдерістері оңтайландырылып, осы салаға цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Бұл қадам азаматтардың және бизнестің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған институционалдық мүмкіндігін едәуір аттырады.

Жұртшылықтың әділдікке деген сенімі көбінесе судьялардың кәсіби біліктілігіне, кез келген істі қараған кезде ұстанымына берік болып, бейтараптық таныта алуына тікелей байланысты. Осы маңызды әрі жауапты миссия терең құқықтық білімді, заң үстемдігін үнемі бәрінен биік қоюды талап етеді.

Сот қызметкерлері мен ардагерлеріне қажырлы еңбегі мен өз кәсібіне адалдығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сіздер Әділетті Қазақстанды құру ісіне өлшеусіз үлес қоса бересіздер деп сенемін!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!"

 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -