ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз қаласында электронды тұтыну жүйелерін (вейптер), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз айналымға шығарумен айналысқан топты анықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тыйым салынған өнімдер Telegram мессенджеріндегі «VAPE SHOP MAXI MALL» арнасы арқылы сатылып, курьерлік жеткізу арқылы жіберіліп отырған.
Нәтижесінде 5 600-ден астам вейп пен олардың бөліктері тәркіленді. Аталған өнімдер сатылғанда қылмыстық табыс 100 млн теңгеден асатын еді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында қойма мен сату нүктелері анықталды.
Ерекше назар аударатын жайт — бұл өнімдер кәмелетке толмағандар, соның ішінде мектеп оқушылары арасында кеңінен таралған. Заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар электронды темекілерді жасөспірімдерге сатып, олардың денсаулығына қауіп төндірген.
Тергеу амалдары жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
2025 жылдың басынан бері Агенттікпен вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек тіркелді, 440 мыңнан астам бұйым тәркіленіп, жойылды.
Айта кету керек, вейп қолдану денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді, өйткені олардың құрамындағы заттар жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелеріне кері әсер етіп, инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың даму қаупін арттырады.