2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы электрондық бөлшек сауда көлемі жаңа рекордқа жетіп, 3,2 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш айтарлықтай 29,4%-ға өсті.
Сондай-ақ электрондық сауданың жалпы бөлшек сауда көлеміндегі үлесі де артуда: 1,4 пайыздық тармаққа артып, рекордтық 14,1%-ға жетті. Салыстыра кетсек: 2023 жылы бұл үлес 12,7%, 2022 жылы 12,5% болды, бұл — маркетплейстермен бірге алынған көрсеткіш. Ал 2022 жылға дейінгі статистикада маркетплейстер ескерілмеді, ол кезде бұл үлес ең көбі 4,1%-ға ғана жетті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда маркетплейстер арқылы жасалған электрондық сауда көлемі 2,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 51,6%-ға көп.
Ыңғайлылық, тауарлардың мол түрі әрі дамыған логистика маркетплейстерді сатып алушылар үшін таңдаулы сауда алаңына айналдырып отыр, ал бизнеске тиесілі жеке онлайн-ресурстар аудиториясы мен айналымын жоғалтып жатыр. Осылайша, маркетплейстер еліміздің электрондық сауда құрылымында басты ойыншыларға айналуда.
Электрондық сауданың өсімі бюджетке түсетін салықты да арттырады. Еске сала кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша маркетплейстер арасында салық төлемдері бойынша Kaspi.kz көш бастады: 2024 жылы компания мемлекеттік қазынаға 133,7 млрд теңге аударды, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 28,8%-ға көп.
2024 жылы салық төлемдері бойынша үздік 5 маркетплейс қатарына мынадай компаниялар кірді: Wildberries («ИМВБКЗ» ЖШС) — 37,5 млрд теңге, Ozon («ОЗОН Маркетплейс Қазақстан» ЖШС) — шамамен 10 млрд теңге, OLX — 3,6 млрд теңге және Flip.kz — 831,4 млн теңге.
Айта кетерлігі, маркетплейстер арқылы жасалатын бөлшек электрондық сауданың жалпы көлемінің 96,1%-ы шағын және орта кәсіпкерлікке (ШОБ) тиесілі. Нақтырақ айтсақ, оның 79%-ын орта кәсіпорындар, 17,1%-ын шағын кәсіпорындар, ал қалған 3,9%-ын ірі компаниялар құрайды. Демек, маркетплейстер Қазақстандағы ШОБ үшін желілік сауданың дамуына серпін беріп, микро-, шағын және орта бизнеске дайын инфрақұрылым ұсынуда, өсу мүмкіндіктерін туғызып, сатып алушыларға қолжетімділік беруде.
Маркетплейстер арқылы ең көп сатылған тауарлар тобы:
• Нарықтың 27,4%-ын телефондар мен гаджеттер құрайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сату көлемі 735,1 млрд теңгені құрады.
• Екінші орында — тұрмыстық техника: 355,6 млрд теңге немесе нарықтың 13,3%-ы.
• Үздік үштікті «Киім, аяқ киім және спорт тауарлары» санаты түйіндейді — 277,4 млрд теңге, немесе нарықтың 10,3%-ы.
Сонымен қатар ең көп сатылған тауарлар қатарына мынадай тауарлар да кірді: компьютерлер, ноутбуктер, бағдарламалық қамтамасыз ету және компьютерлік тауарлар (152,2 млрд теңге); үй мен саяжайға арналған тауарлар (152,2 млрд теңге); автотауарлар (151,6 млрд теңге); жиһаз (127,8 млрд теңге); азық-түлік өнімдері (111,4 млрд теңге).
Яғни, Қазақстандағы маркетплейстер тауар мен қызмет түрлері бойынша іс жүзінде ешқандай шектеуге ие емес және тұтынушыларға кең ассортимент ұсынады. Қолданудың ыңғайлылығы мен жоғары сервистік сапаның үйлесімі оларды елдегі бөлшек сауда нарығындағы ең бәсекеге қабілетті ойыншылардың біріне айналдырды.