Оның өмірі қайсар рухты өзектілігіне айналдырған киноға дайын сценарий. Ұлттық ұлан жауынгері Марат Абилгалимов қырық алтының қырқасынан аттап, қырық жетінің желкенін тігер тұста күрең береттің иесі атанады. Атап айтқан жөн, бұл Мараттың өз бағын алтыншы рет сынағанда жеткен нәтижесі. Алматы облысы Заречный кентінде өткен білектілер додасына жүз елуге жуық үміткер қатысып, ішінде жеті адам ғана күрең берет кию мәртебесіне ие болған екен. Шын мықтылар тартысында тепсе темір үзетін, жанарынан жастықтың жалын оты жарқырған жастарды шаң қаптырған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің арнайы жасақ жауынгері болған, запастағы аға прапорщик Марат Мақанұлымен сұхбат жүргіздік.
Туған өлкеден дарыхан рух
Марат Абилгалимовтың бойындағы ерлік пен батырлықтың дәнегі тереңнен тамыр жайған. Оның арғы атасы – әйгілі Қаракерей Қабанбай батырдан тараған ұрпақ. Бұл – жай мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік дейді Марат Мақанұлы. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында 1959 жылы дүниеге келген ол кіндік қаны тамған өлкесіне көршілес жатқан Жаңалық ауылындағы жалпы орта білім беретін мектептен білім алады. Ол кезде ауылда жеңіл атлетиканың қарқыны бөлек еді. Жаз мезгілінде шақырымдап жүрісек, қыста аяғымыз шаңғыдан түспейтұғын. Әркімнің үйінің ауласында белтемір бар. Түрлі тәсілмен тартылып, ауылдың қара сирақ балалары жарысатынбыз. Ауылдағы қара домалақ ұлдың үлкен бір арманы – Отан тыныштығын күзету, жасақ қатарына өтіп, үздік жауынгер атану еді. Осы ой Мараттың жігерін балаң шағынан бастап жаниды. Алайда, Марат ауылдағы білім ошағын тәмамдағаннан кейін ұжымжарда трактор жүргізіп, еңбекке ерте араласып, оқушылық ғұмырын аяқтай салысымен-ақ үлкен өмірге қадам басады. Ауыл жұмыскері 1978 жылы Отан алдындағы борышын Ресейдің Хабаровск қаласы маңындағы әскери бөлімде өтейді. Бұдан кейін Санкт-Петербург қаласына барып, арнайы әскери оқу орында білім алып, прапорщик атанады. Туған өлкесіне оралған Марат Абилгалимов шаңырақ құрады. Бүгінде бір ұл мен бір қыздың ардақты әкесі 1987 жылы Қорғаныс министрлігіне қарасты Өскемен қаласындағы 27943 әскери бөлімінде жанар-жағармай қоймасының бастығы лауазымында қызмет атқарады. Алайда, Мараттың алпыс екі тамырындағы алып күші үшін бұл қызмет «іш пыстырарлық» еді. Оның бала кезден арманы экстремизм және лаңкестікке қарсы күресу, мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету еді. Міне, осы бір жауынгерден батылдық пен шапшаңдықты, дәлдік пен қайсарлықты талап ететін 5518 әскери бөлімінің арнайы жасағына 1999 жылы ауысады. «Бүркіт» арнайы жасағының құрамындағы жауынгердің келесі кезекте күрең беретке деген талпынысы басталады.
«Сүрінген құлагер ем»
Қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы әнші Еркін Нұржановтың «Сүрінген құлагер ем» деген әнінің бастапқы тармағы Марат Мақанұлына арналғандай. Өйткені, күрең берет кию үшін арпалысқа түскен «Бүркіт» арнайы жасағынының жауынгері бес рет сыннан сүрінеді. Әрине, Батыраштың балтасы емес, сынақтарда физикалық қабілеттілік немесе жауынгерлік даярлық жетіңкіремей жатты. Ал, манағы әннің «жылаған жаным құса» деп тарқатылатын келесі тармақтың біздің кейіпкерге мүлде қатысы жоқ. Өйткені, жыламақ, түгілі жауынгер құсаланбады. Тауы шағылып, сағы сынбады. Мыңқ етпеді. Өскеменге барысымен қайта дайындыққа кірісті.
- Жалпы, күрең берет алу оңай шаруа емес. Мұны иелену былай тұрсын, «Бүркіттің» сапына өту де екінің бірінің қолынан келмейді. Өтініш білдірген үміткер жауынгерлерді командирлер іріктеп, сынақтың бірінші кезеңіне жібереді. Алғашқы сынақта жауынгерлер әскери даярлығын көрсетуге тиіс. Мәселен, радиостанция арқылы байланыс орнату, бронды техниканы жүргізе білу секілді түрлі қабілетке ие болуға тиіс. Бұдан кейін сарбаздардың біліктілігі сыналады. Үміткерлер жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша ұзын саны 25 норматив тапсырады. Содан кейін жауынгерлер қоян-қолтық төбелеске шығып, кім мықтыны анықтайды. Тоғыз минутқа созылатын жекпе-жекте бар күшін салады. Осы уақыт аралығында үміткерлер бір сәтке тыныс алмайды. Тоқтаусыз қарсыластарымен жұдырықтасады. Осындай сынақтардан мүдірмей өткені ғана күрең берет иегері атанады.
Заречный сынағы – жан мен тәннің күресі
Күрең беретке қолым жеткен сынақ Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан базасында өтті. Жалпы, күрең береттен Ұлттық Ұланның арнайы мақсаттағы бөлiмшелерiнiң жүз елуге жуық жауынгер үмiттi болған. Алайда, бiрнеше кезеңнен кейiн олардың саны едәуір азайды. 75 шақырым жүгiрiп өтiп, 20 шақты нормативтiк сынақтарды тапсыруға кез келгеннiң шамасы жете бермейтiнi анық. Жүгiруден бөлек, оқ ату, төбесiнен оқ борап, iргесiнде граната жарылған кедергiлер жолағынан өту сынақтарын тапсырды. Сондай-ақ, қиын әрi күрделi дене жаттығуларын жасап, инженерлiк-топографиялық бiлiмдерiн де ортаға салды. Алғашқы кезеңде 100 метрлік қашықтыққа белгілі бір уақыт аралығында жедел жеттім. Одан соң беліндегі қанжарды немесе сапер күрегін лақтырып нысанаға қадап және арнайы радиобайланыс құрылғысын жинап іске қостым. Сынақтың осы бір кезеңінде үміткердің біразы болдырады. Бұл сынақтан соң жауынгерлер қамысты, батпақты өзенді кешіп өтуі керек. Арнайы жасақ сарбаздарына «күрең береттің» иесі атану үшін үлкен күрес қажет. Бұл дәрежеге сапта жүрген жігіттердің бәрі қол жеткізе бермейді. Марат Мақанұлы үшін 2006 жылы Заречныйдағы сынақ – тек физикалық төзімділік емес, психологиялық тұрақтылықты да талап етеді. Жолдағы түрлі кедергілер, ауыр салмақпен ұзақ жүгіріс, күрес элементтері түрлі тапсырмаларды дәл әрі тез орындау – барлығы Марат үшін аса қиын сынақтар болды. Бірақ ол бір сәтке де мойыған жоқ. Әр кедергіден асқан сайын өз бойындағы жасырын қуатты ашып, ішкі рухының қандай мықты екенін дәлелдеді.
- Жалпы, жаралы жауынгерді қауіпсіз аймаққа сүйреуге бағытталған сынақта біраз күшіңді алып қояды. Одан, әрі газ түтікшесімен 400 метр жүгіру құр сүлдеңнен қара сорпаңды шығарады. Өйткені, әлсіреп әрең келе жатқан сарбаз газ түтікшесін кигенде, тынысы тіпті тарылады. Бұдан кейін – «Картамен бағдарлау немесе әскери топография». Бұл сынақта діттеген жерді айна-қатесіз дұрыс бағдарлау қажет, жедел жету қажет. «Оқ дәрі тасымалдау», «кедергілер жолағы», «өз қаруын тексеру» және соңғысы – «жекпе-жек». Соңғы сын – әрбір қатысушы үшін аса ауыр кезең. Тың отырған үш «күрең берет» иегерімен текетіресуің шарт. Бойыңдағы өгіздей күшіңнен тамшыдай қуат қалған уақытта қоян-қолтық ұрысқа түсіп, қарсыласыңды алып жығуға әлің жетеді ме? Құдды қуаты бес пайыз ғана қалған ұялы телефон сияқты сезінесің өзіңді. Смартфонның әл-қуаты сарқылғанда экраны қарауытса, сенің көзің қарауыта бастайды екен. Алайда, менің қоян-қолтық сайысына дайындығым қайманалардан бөлек еді. Мен әдейі өзімнен салмағы ауыр қарсыластарды таңдадым. Себебі сайыста жеңіл болу үшін. Дайындық барысында менің ағзам әбден өзімнен салмағы ауыр, салмағы ауыр болған соң балғадай аяқ-қолы да тиген жерін оңдырмай сыздататын қарсыластарға әбден машықтаныпты. Сайыста маған үзеңгілес салмақтағы қарсыластардың толассыз жаудырған соққыларын шыбын құрлы көрмедім. Дегенмен, өзімнің де лап беріп шабуылға шығар әл-дәрменім жоқ. Құрышты білегіммен қорғаныс жасап жүріп, ұрымтал шақта омақасы құлатпасам да, соққыларымды менімен жұдырықтасқан жауынгерлерге дарыта білдім. Күрең берет жолындағы бәсеке жыл сайын өтедi. Мәре сызығына темiрдей төзiмдi, болаттай берiк жауынгерлер ғана жолдама алады. Өйткенi, тапсырмалар өте қиын. Сынақ алаңы жыл сайын өзгерiп отырады. Мәселен, кейде жiгiттер аптап ыстық күнi шөл далада сынға түссе, келесi жолы тау-тасты кезiп, орман-сулы өңiрлерде кәсiби дайындықтарын дәлелдейдi. Менің міндетім – еліміздің тыныштығын сақтау, бейбіт күндердің себепкері болу.
- Сізге қай сынақ қиын болды?
- Маған ешбір сынақ қиын болмады. Тек, сынақтардың уақыт кестесіне орай қаз қатар орналасуына бойымды үйрете алмадым. Мысалы, аптығып жүгіріп келеміз де карта сызуға кіріп кетеміз. Тізе бүгіп, ақыл-ойды қажет ететін тапсырмаға ден қойып, орындап жатқанда, қайта жүгіреміз. Міне, осылай алма-кезек жалғаса береді. Ал, бір отырып, демігіп қалған соң қайта жүгіру қиындыққа соғады. Мәселен, радиостанция арқылы байланыс орнату, бронды техниканы жүргізе білу секілді түрлі сайыстарды алдыңнан күтеді. Үміткерлер жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша ұзын саны 25 норматив тапсырады. Содан кейін жауынгерлер қоян-қолтық төбелеске шығып, кім мықтыны анықтайды. Тоғыз минутқа созылатын жекпе-жекте бар күшін салады. Осы уақыт аралығында үміткерлер бір сәтке тыныс алмайды.Тоқтаусыз қарсыластарымен жұдырықтасады. Осындай сынақтардан мүдірмей өткені ғана күрең береттің иегері атанады. Марат Мақанұлы 100 метрлік қашықтыққа белгілі бір уақыт аралығында жүгіруде алдына қара салмайды. Сынақтың осы бір кезеңінде үміткердің біразы болдырады.Бұл сынақтан соң сарбаздар қамысты, батпақты өзенді кешіп өтуі керек. Қара күздің кезіндегі су да тастай салқын емес пе? Осы кезде аяқтары тартылған көп сарбаздың сабыры сарқылады.
- Сіздің күрең беретке таласқандығыңыз жастарға үлгі әмбе сізге қарап, оларда жігерлене түскен болар?
- Дәл айтасың! (жымиып) Маған өздерінше «шал» деген лақапат қойыпты. Сынақта жүгіріп бара жатқанның біреуі озып, біреуі ентігіп, оларды шаң қаптырып отырдым. Дегенмен, бір жас жігіт менен қалған сәтте қайта жігерленіп мені артында қалдырады. Кенет, менің алдыма шыққанның қалжырап, сілікпесі шыққанын түрінен бөлек, босаңсып кеткен буындарынан байқап келемін. Бір заматта ентіккеннің жанынан тағы да озып өттім. Мен жалпы, соңғы мәреге дейін белгілі бір жылдамдықты ұстап келемін. Мәреге бір айналма қалғанда ғана ақтық демімді жинап үдете түсемін. Әлгі жігіт менің алдыма шықса болдырып, менен қалса қайта қуып басып, ақыры мәреге осылай бірге келдік. Манарақта айтқан, жүз елуге жуық қатысушының ішінен небары жеті әскери қызметші күрең берет иегері атанды. Соның бірі мен болсам, ал ендігісі сол жігіт. Басымызға күрең берет тағып, шат-шадыман сезімде тұрғанда Қарағанды қаласынан келген азамат маған келіп, сайыс аяқталған соң ағынан жарыла ақтарылып, алғысын айтпасы бар ма?! «Шал, мен сенің арқаңда күрең беретке ие болдым. Елу жасар адам алдымды орап кеткенде бойымды намыс кернеп, артыңыздан жүгіре беріппін түкке қарамай. Ертең мынаны көргендер айтады үлкен адамнан қалып қалды деп» дейді. «Сізге көп рахмет. Сіз болмасаңыз мен жарыстан шығып қалар едім.Өзімді іштей, «Масқара, ұят болады деп қамшыладым. Өлімнен ұят күшті. Ақыры, мен де сіздей күрең береттің иесі атандым. Барлығы сіздің арқаңыз» деп арқамнан қағып, бөркімді аспанға атып, ризашылықтарын білдіруде.
«Балықты аяғыммен ұстап алдым»
- Күш атасын танымас деген бар. Дегенмен, сіздің біреудің сындарлы сынақтан сәтті өтуіне мұрындық болғаныңыз қандай керемет. Жақсылыққа жол бастар темірқазықтай, бағамды бағыт түзеген сізге ілесіп, қатарласып жеңіске жеткен үміткерлер де сіздей қуанған болар. Жүзден асқан адамнан жеті адамның оқ бойы озып, суырылып шығуы тайынбас батылдықпен шыңдалған шымырлықтың айқын көрінісі. Сынақ барысында қызықты сәттерге тоқталсаңыз?
- Ой, қазір не есте қалды дейсің? (Құдды төбеде жасырған бір заты бардай, жоғары қарап, жоқ іздегендей қарашығын сан саққа жүгіртті.) Бір қызық оқиға болды, айпақшы!(Күрең берет иегерінің жанарында жасын жарқ еткендей, көздері шырайлана кетті) Сынақ барысында, судан жүзіп өтуіміз қажет. Жүгіріп келіп, Ілеге қойып кеттік. Қос қолыммен суды қайшылай тіліп, алға қарай жүзіп келемін. Кенет, біреу аяғымнан шап бергендей, аяқтарым бір кедергі тап болғанын сездім. Жарыстың аты жарыс. Аяққа қарайтын мұрша жоқ. Қос қолыммен суды туырлай, құдды қайық ескегіндей алма-кезек сермеп, жағаға жетіп, әрімен қарай жүгіре кеттім. Судан шыққан сәтте-ақ құлағыма «таста, ауымды», «ауымды алып барасың», «андағы менің сеткам» деген дауыстар талып жетпесі бар ма? Сөйтсем, бір балықшының суға қойған ауына аяғым оратылып, шырмалған торға дес бермей, жыртып, созып, өзіммен әкетіп бара жатыр екенмін. Ұялы телефонға жалғайтын сымды құлаққаптардай аяғыма оратылып қалған аудың түйнек жерін таппай, балықшыға қолымды бір сілтеп, аумен қоса жүгірдім де кеттім. Тастақты жерде бір сүрінгенім бар, сол кезде балыққа арналған тор аяғымнан сытылып түсті. Қасымда бірге жүгіргендер, «Ертістің бойынан келген Марат, Іледен аяғымен балық ұстап алды» деп қалжыңдап еді.
- Сонда аяғыңызға оратылған ауға балықтар түсіп пе?
- Оған көз жеткізер уақыт болмады. Ұсақ балықтарды көрдік дейді, қатар жүгірген қаруластар. Шамасы, жағадағы балықшының даурығып, байбалам салғанына қарағанда құрған торына біраз балық түскен сияқты ғой?! (бір күлісіп алдық)
- Күрең берет иесі атану үшін жауынгер бойынан қандай қасиет табылу қажет?
- Арнайы жасақ сарбаздарына «күрең береттің» иесі атану үшін қажымас қайрат қажет. Сонымен қатар жасына қарамай, ортекедей ойқастап алдыға шығып, жалындаған жастардың ар-ұятын оятар мен сияқты елуге тақап қалғандар керек,- дейді, мырс күліп. Күрең беретке Ұлттық ұлан сабында түрған жауынгерлердің барлығы дерлік қол жеткізе алмайды. Мысалы, менің өзім, бес рет сүрініп, алтыншысында ғана қажырлы қайратпен қайтпас қайсарлықтың арқасында арқасында ғана осы деңгейге қол жеткіздім. Кейде күрең берет көзден бал-бұл үшқан қиялдай, ұстатпас сағымдай көрінді маған. Әттең, жастайымнан Ұлттық ұлан сапында жүргенде, жастық жігерге толы жастық шағымда күрең беретті еш қиналмай алар едім деген сұрақ жанымды жегідей жейтін. Заречныйдағы сынаққа ақтық демім қалғанша дайындалдым. Әскери бөлімдегі қызмет бабында «сен сайысқа барады екенсің» деп басыңнан сипап, қызметіңнен босатып немесе салмақ түсірмей, жеңілдетер ешім жоқ. Әмбе мен, бес рет барып, қатыран бес мәрте әскери бөлімге тауым шағылып, ұнжырға түсіп қайтты. Алайда, мен жастайымнан мойымауға бейіммін. Келер жолы барлығын мойындатуға өзіме сөз беріп, қызметтен тыс уақытта тыңғылықты дайындыққа кірістім. Өскемен қаласының айналасы тау-тасқа толы. Демалыс уақытында шың құзды өрмелеп, құзар асуды бағындырдым. Қоян қолтық ұрыс өтетін спорттық нысандарда уақыт өткізуді әдетіме айналдырдым. Жаттығуда лайықты қарсылас деп өзімнен салмағы ауыр, білекті спортшыларды таныдым. Алғашқы белдесулерде жауырыным жер иіскегенімен, уақыт өте келе қарсыласыма тойтарыс беріп, тіпті кейбір шақтарда түрлі әдістерге салып, белдескеннен басым түсіп отырдым. Мені неге өзімнен жоғары салмақтағы спортшылармен білек сыбасты деп ойлайсыз. Өйткені, сайыста салмағы өзіммен пара-пар қарсыласпен шығарады. Ал, мен одан әлді қарсыласпен күш сынасқан соң, өзіммен тең салмақты қарсыласты бұйым құрлы көрмеймін деп ойладым.
- Сонымен, әп-сәтте қарсыластың аяғын аспаннан келтіріп, бұйым құрлы көрмедіңіз бе?
- Жоқ. Аяғын аспаннан келтірдім деп айта алмаймын. Алайда, тойтарыс бердім. Мәселе, мен қоян-қолтық ұрысқа қандай күйде келдім. Бұл да үлкен рөл ойнайды. Күш қуатын бойына жинап тұрған спортшыны сау тамтығы алмай, екі аяқтың арқасында құр сүлдерін сүйреген адаммен салыстырып көріңіз. Жалпы, жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі де құрметті саналатын күрең берет құқығын иеленуге арналған сайыс бірқатар сайыстардан құралады. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей қоян-қолтық сайысы ең аяғында болады. Жарыстың межелі мақсаты – Отан үшін оққа кеуде тосу аталған бөлімше қызметкерлерінің жауынгерлік даярлығын барынша шыңдау. Міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді пысықтау. Бұл жетістік бір күнде келген жоқ. Бұл – жылдар бойы төгілген тердің, сарқылмас сабырдың, үздіксіз дайындықтың, рухани биіктің нәтижесі.
- «Күрең береттің иегері екеніңізді естігенде туыстарыңыз бен жақындарыңыз қандай сезімде болды?
- Туысқандарым, отбасым, анам, әйелім қуаныштан көздеріне жас алды. Олар үшін мен құдды Олимпиада жеңімпазы атанғандаймын. Өйткені олар менің бұған қаншама уақыт арнағанымды, армандағанымды және ұмтылғанымды біледі, бәрі де қуанышты болды. Қаруластарым мен достарым арасында да құрметке ие болғандаймын. Кейде мерейлі жеңісіме қызғанышпен қарағандар да болды. Мен өзім бағым мен бабым қатар шапқандықтан биік тұғырдан көріндім деп ойлаймын. Сондықтан, күрең беретке қол жеткізуде сәттіліктің үлесі әрқашан да бар. Күрең берет - бұл барлық әскери аспектілерде білімді әрі әмбебап жауынгердің басынан табылады. Және де физикалық дайындықтың ғана емес, моральдық тұрақтылықтың, рухани беріктіктің символы рәуіштес.
Марат күрең беретке алғаш рет тапсырған сәттен бастап-ақ бұл сынақтың жай ғана спорттық жарыс емес, ерік-жігердің шыңдалу алаңы екенін түсінді. Алты жыл бойы тоқтаусыз дайындалып, әр сәтсіздікті рухани сабаққа айналдырып отырған ол, алтыншы мүмкіндігін жібермей, ақыры діттеген мақсатына жетті.. Жасы елуді еңсеруге таяп қалған шағында ол жастармен иық тірестіріп, бірдей талаппен бақ сынасып, мәреге жетті. Бұл – бүгінгі жас сарбаздар мен жас буын әскери қызметшілер үшін үлкен өнеге. Күрең беретке алты рет тапсыру – жай ғана талпыныс емес, нағыз қайсарлықтың, мойымастың үлгісі. Әр сәтсіздіктен кейін үмітін үзбей, қайта тұрып, қайта шыңдалуы – оның бойындағы темірдей тәртіп пен оттай ыстық патриоттық сезімнің көрінісі.
Ұстанымы берік ұстаз
Қырық жеті жасында күрең берет киген Марат Мақанұлы – әскери қызметшілері ел есінде ерлігімен қалған тұлға ғана емес, болашақ Отан қорғаушыларға бағыт беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Оның өмірі – қайсарлықтың, еңбек пен төзімнің, шынайы ерліктің жарқын үлгісі. Маратпен сөйлескеннен кейін үлкен тілек білдіргенде қалаған нәрсеге қол жеткізуге болатынын түсінесің, ең бастысы қолдан түспеу және оған шын жүректен ұмтылу. Марат - осының шынайы дәлелі. Ол Өскемен қаласындағы №11 мектеп-лицейінде алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беріп, жас ұрпаққа Отансүйгіштік пен жауынгерлік рухты сіңіруде. Оның сабақтары – жай теория емес. Ол әр сөзін өз тәжірибесімен тұздықтап, оқушының жүрегіне жеткізе алатын сирек педагогтардың бірі. Жасөспірімдер Маратты үлгі тұтып, оның сабағына ерекше ықыласпен қатысады. Өйткені олар үшін Марат – жай мұғалім емес, нағыз батыр, тірі аңыз.
- Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі атанғаннан кейін Марат ұстаздың қырына жетілдіре түсті.
- Алғашқы әскери дайындық әскер және әскери құрамаларда қызмет етуге дайындайтын мемлекеттiк жүйенiң негiзгi құрамы болып табылады. Ал, қазіргі таңда әскерге деген жастардың, жалпы қоғамның көзқарасы сізге де түсінікті болар. «Мұнда военкомат келе жатыр» десе болды жастардың көздері баданадай болып, қас қағым сәтте зым-зия жоғалады. Сондықтан ер азаматты мектеп қабырғасынан Отан алдындағы борышын өткеруге дайындап, бойларына патриоттық тәрбиені сіңіру қажет. Келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын намысы мол, жігерлі жастарды тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азамат даярлау басты міндет. Патриоттар даярлаудағы жауапкершілікті неғұрлым терең сезініп, бар мүмкіндікті пайдаланып, шыныққан шымыр отансүйгіш азаматтар әзірлеу үшін өз ісіңнің жетік маманы болуға тиістісің. Әскери пәндерді оқытып қоймай, Қазақстан Республикасы азаматын тәрбиелей отырып, оқыту арқылы адамгершілік-рухани тұрғыда егемен еліміздің ұлттық сана-сезімі мен намысы оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, бойында білімге негізделген ізгілікті қасиеттері қалыптасқан азаматқа айналдыру ұстаз борышы деп ойлаймын. Алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі пәндері бірін-бірі толықтырып тұрады. Дене шынықтыру сабақтарын саптық дайындықсыз өткізу мүмкін емес. Ол өз негізінде өмірдің қауіпсіздік негіздері пәнімен қосыла, болашақ бастауыш әскери дайындық пәнінің негізін қалайды.
- Сіз білім ордасында күрең беретіңізді киіп жүресің бе? Қаншама маңдай термен келген бас киімге мектеп оқушылары құрметпен қарайтын шығар?
- Жасыратыны жоқ. Олай емес. Кейбір ата-аналар балаларына күрең береттің қандай жауынгерлік дайындықтың, нендей қайсарлықтың арқасында берілетіндігін, қаншама сынақтардан сүрінбей, соңына дейін жете білген адам ғана алатындығын тәптіштеп түсіндірген болар менің төбем алыстан қарауыта сала, маған амандасуға бір-бірімен жарысып, алып-ұшып келеді. Кейбірі «Мұғалім, сіз сияқты күрең берет иесі болу үшін қазірден бастап қандай спортпен шұғылдануға болады» деп сұрақ қояды. Ол шақта мен де ағытыламын. Белтемірге қалай тартылу керектігін айтып, бұлшық етті бұлтитар жаттығуларды жасауға кеңес беремін. Сонымен қатар, арнайы әскери оқу орындарды тізбектеп шығамын. «Біз де сіз сияқты арнайы жасақ жауынгері болып, күні ертең ел мақтанышына айналамыз» деп тарқасады олар. Өкінішке орай, оқушылардың басым бөлігі үшін мен біріншіден ұстазбын. Әрине, мен де күрең берет иесі екенмін деп бәлсінбеймін. Менің күрең беретім - бұл менің нәтижем. Мен күрең берет алу арқылы бар болғаны өз мақсатымды орындадым. Өзіме өзімнің жасампаздығымды дәлелдедім. Өскелең ұрпақты осындай биік мақсаттарға жетелеу үшін 1-сыныптан бастап париотизмге, Отанын, елін сүюге тәрбиелеу – мектептің негізгі міндеті. Жалпы, ШҚО бойынша күрең береті бар ұстаз мен ғанамын. Бұл мен үшін ерекше рөл ойнайды. Әсіресе, маған әскери бөлімдермен байланыс орнатқан өте жеңіл. Мен әскери бөлімге оқушыларды алып барайын деп қолқа тастасам, ешқашан кеудемнен қаққан емес, керісінше, балалардың барыс-келістеріне автобус әзірлеп, түрлі заманауи әскери техникаларды оқушыларға көрсетіп, сарбаздардың өміріне саяхат жасатып, соңында әскери бөлім асханасынан ауқаттандырып, тіпті әскери өнерпаздардың концерттік бағдарламасында ұйымдастырып жібереді. Әрине, мұндай шараны олар оқушылардың әскери патриоттық рухын көтеру үшін қолға алады. Дегенмен, оқушыларда бастап келе жатқан мені көргенде кез келген ұйымдастыратын тағылымды шараларға деген жауапкершілігі одан сайын ұлғаяды. Оқушылардың әскери бөлiмдердегi ұрыстық техника және қару- жарақпен, жеке құрамның тұрмыс-тiршiлiгi және олардың орналастырылуымен танысуы, қажеттi әскери бiлiм мен тәжірибелік дағдыларға ие болуы; төтенше жағдайларда адамның тiршiлiк әрекетiнiң қауiпсiздiк негiздерiн меңгеруi бұл алдымен жас буынның сенімділігін, саналы түрде ер жеткенде ел егемендігін қорғау қажеттілігін, әскери қызметке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру болып табылады. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес айқындалады. Пәннің міндеті – келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл, қайсарлы қыз тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азамат даярлау. Осылайша, әскери пәндерді оқыту арқылы Қазақстан Республикасы азаматын тәрбиелей отырып, оқыту арқылы адамгершілік-рухани тұрғыда егемен еліміздің ұлттық сана-сезімі мен намысы оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, бойында білімге негізделген ізгілікті қасиеттері қалыптасқан азамат тәрбиелеуге болады. Өзім әскери салада қаншама уақыт қызмет атқарған соң, оқушыларды Отанын сүюге бағытталған шараларға баса мән беремін. Дәстүрлі түрде 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында Жеңіс күні құрметіне әскери патриоттық айлықтар өткізіледі. Әсіресе, биыл Ұлы Жеңістің сексен жылдығына орай оқушылар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырдым. Білім алушылардың оқу-білімін, мәдени һәм физикалық қабілетін арттыратын сайыстарға олар мол шабытпен қатысып, ерекше әсер алды. Жалпы, алғашқы әскери дайындық пәні оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің міндеті ғана емес, олардың бойында іскерлік, әскери дағдылармен қатар туған жерін, елін сүйетін, ел дәстүрін қастерлейтін патриоттық сезімін арттырумен сабақтасуда. Шыныменде, жас өрендерді отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа, қайсарлыққа, әділдікке, адалдыққа және де күні ертең өз ошағын қорғай алатын азамат қылдырып тәрбиелеуде басқа пәндермен қатар алғашқы әскери дайындық пәнінің атқаратын жүгі ересен зор. Дені сау, мықты болашақ жауынгерлерді тәрбиелеудің маңыздылығын жан жүрегімен түсініп, оқушыларды ерлік дәстүр рухында тәрбиелеуді мақсат тұтқан ұстаз ғана ел намысын қорғайтын, пендешілік мүддеден ұлт мүддесін жоғары қоятын шын мәнісіндегі азаматтарды тәрбиелей алады деп ойлаймын. Тұлғаны тәрбиелейтін ұстаздың өзі де тұлға болуы тиіс. Ол өзінің еңбекқорлығымен және әр істі зор жауапкершілікпен атқаратын іскерлігімен танылады. Әр оқушыны бала ретінде емес, терезесі тең азамат ретінде, елдің ертеңі ретінде бағалап, зор сенім артуы арқылы балғын жігіттердің сеніміне ие болады. Әр шәкірт оны ұстаз-аға, ұстаз-дос ретінде таниды. Қазіргі қоғамда, басқасы басқа алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімің білікті маман болғаны абзал. Өйткені, қазіргі таңда жастардың әскерге барып, Отан алдындағы борышын өткеруге деген құлшыныстары бәсең. Әлеуметтік желіде әскерге бармаймын деп қашып жүргендерді көргенде түрлі бейнероликтерді көргенде амалсыз күрсінесің. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап, оқушыларға әскери өмірдің статусын айқындап, жауынгерлік қызмет жайында толыққанды ақпарат таратып, алғашқы әскери дайындық пәні арқылы жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбиені молынан беру қажет. Өйткені, жастардың әскер десе төбе шаштары тік тұрады. Әрине, сан түрлі бейресми ақпарат көздерінен адам түршігерлік оқиғаларды көрген соң, ой-пікірі де негативті қалыптасуы мүмкін. Ал, алғашқы әскери пәні арқылы әскери бөлім есігін, әскерге бармай тұрып ашып, сарбаз өмірін біреудің сөзімен емес, өз көзімен көрген оқушының пікірі де мүлде басқандай болады.
Өмірін спортпен өрген сардар
Адам өмірінде өзіне серік болған, жан дүниесін шыңдап, рухын биіктететін тұрақты әдеттің орны ерекше. Біреулер үшін бұл шығармалық яғни өнер өлкесі болса, енді біреулерге — кітап оқу. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз үшін бұл – спорт. Қаншама жыл Отан қорғау жолында тер төккен, талай жорықтың бел ортасында болған, бүгінде зейнет жасында болса да, сергектігін жоғалтпаған Марат Мақанұлының — Өскемен қаласында спортпен айналысатын зейнеткерлер арасында ерекше тұлға. Ол — әскери тәртіп пен спортты өз өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жан. Марат Қамбарұлы үшін спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, мінезді шыңдаудың, тәртіпке бағынудың, ұжыммен бірлесе әрекет етудің мектебі. Тек өткен жеңісімен өмір сүріп отырған жоқ. Ол бүгінде де спорттан қол үзбей, белсенді өмір салтын жалғастырып келеді. Волейбол, футбол сынды бұқаралық спорт түрлерінен бірде-бір жарыстан қалыс қалмайды. Жергілікті деңгейдегі турнирлерге қатысып, ұдайы үздік ойыншылардың қатарынан көрінеді.
— Сіз спортпен қай кезден бастап айналыса бастадыңыз?
— Менің қызығушылығым мектеп кезінде басталды ғой. Тарбағатай ауданы Жаңалық ауылында әсіресе, жеңіл атлетика спорты қарқынды түрде дамыды. Сондықтан болар, ауылдағы жалпы орта білім беретін мектепте оқып жүргенімде-ақ жеңіл атлетикаға әуестігім оянды. Әсіресе, алыс қашықтыққа жүгіру мен шаңғы жарысында үнемі бірінші қатардан көрінетінмін. Қыстың аязында шаңғымен қалың қар кешіп, көктемде сай-саланы жүгіріп өту мен үшін ермек емес, өмір салты болатын, — деп жымиып жауап берді күрең берет иесі. Әскери өмір жолын таңдаған жауынгер спорттағы қайсарлығын сарбаздық қызметінде де көрсетті. Оның айтуынша, нағыз сарбаз тек мылтық ұстауды ғана емес, өз денесін де басқаруды білуі керек.
— Қоян-қолтық ұрыс – ерік-жігерді тәрбиелейді. Қарсыластың әр қимылын алдын ала сезіп, қитұрқы тұста дұрыс шешім қабылдау қаншалықты маңызды?
— Қоян-қолтық ұрысқа мен қазақ күресі арқылы келдім. Ептеп былғары қолғап киіп, боксқа да барғаным бар. Тек аяқпен тебу осал тұсым еді әу басында. Қоян-қолтық ұрыс осының барлығын біріктіреді. Мен қоян-қолтық ұрыстан бөлек, күніге спорт кешеніне барамын. Тіпті, бір-екі әдеткі күн тәртібімді үзіп алсам, өзімді жайсыз сезінемін. Суда жүзу мен үшін бұлшық етті шынықтырумен қатар, жан дүниені тыныштандыратын құрал. Ал үстел теннисі — көздің шапшаңдығын, ойлау қабілетін дамытады. Ал волейбол болса — командалық рух пен серіктестікке үйретеді. Ал қоян-қолтық ұрыс болса - менің жұдырығымды берік қылдыра түседі.
Марат аға бүгінде волейболдан облыстық әскери ардагерлер құрамасында өнер көрсетеді. Өз қатарластары арасында үздік ойыншылардың бірі ретінде танылған. Жақында ғана Өскемен қаласында өткен жарыста оның командасы жүлделі орынға ие болған. Онымен әңгімелесе келе, спорттың адам өміріне берер пайдасы туралы терең ойға қаласың. Ол спортты денсаулықтың ғана кепілі емес, өмірді мәнді ететін құрал ретінде қарастырады.
— Спорт – тәртіп. Спорт – мақсат қою. Спорт – ерік-жігер. Егер адам күнделікті спортпен шұғылданса, ол өмірге өзгеше қарай бастайды. Таңертең оянып, денеңді шынықтырып, терлеп барып шәй ішу — осының өзі бір рахат. Қазір зейнет жасына шықтым деп үйде жататын заман емес. Дене қозғалысы тоқтаса, өмірдің мәні де сола бастайды. Адам баласы қозғалыс арқылы тірі. Күнделікті жаттығу — жан мен тәннің үйлесімі, — дейді Марат аға сөз соңында.
Кейіпкеріміздің әңгімесі арқылы бір нәрсеге анық көз жеткізесіз. спортпен айналысу үшін жас шектеуі жоқ. Шынайы ниет пен тұрақты әрекет болса, кез келген жаста спортты серік етуге болады. Марат Мақанұлы — соның жарқын дәлелі. Оның өмірі жастар үшін де, жасы келгендер үшін де үлгі боларлық. Адамның рухани және физикалық дамуы қатар жүргенде ғана шын мағынасында бақытты өмір сүре алады. Спорт – сол дамуға бастар сенімді жол. Марат аға секілді жандардың өмірі — осы ақиқаттың айғағы. Күрең берет – кез келген әскери адамның арманы. Бірақ оған қол жеткізу оңай емес. Әсіресе, жасы ұлғайған әскери қызметкер үшін бұл сынақ – еселенген ауырлықты білдіреді. Алайда, жауынгердің жастайынан спортпен шұғылданғаны күрең беретке жетуге бірден бір себеп сияқты.
Бүгінде Марат Мақанұлы – арнайы жасақ жауынгерлері үшін аңыз тұлға. Оның ерлігі – кітап бетіне түсірілер оқиға, деректі фильмге арқау боларлық тағдыр. Ол күрең беретпен бірге өз бойындағы табандылық, төзімділік, қайсарлық секілді асыл қасиеттерді де көпке танытты. Ол – жеңісті жастарға ғана емес, үлкендерге де бұйыратынын, бастысы – мақсатқа адалдық пен рухани беріктік екенін көрсетті. Ол ешкімге еліктемей, тек өз жолымен жүріп, өзінің шын шеберлігін, айқын мақсатын дәлелдеді. Азамат күрең берет арқылы тек марапат емес, рух пен қайсарлықтың белгісін кигендей болды. Осындай тұлғалар – ел қорғаны, ұрпақ ұлағаты. Олардың жанкештілігі болашақ жауынгерлерге жол көрсетіп, қайсарлықтың биік үлгісіне айналады деген сенімдеміз.
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы