Астанада өткен XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалі аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше концерт ұсынылды – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери оркестрі өз өнерін тікелей өзен үстінде көрсетті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Су үстіндегі концерт екі күнге созылған «Әскери керней» фестивалі аясында өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Есіл өзенінде қатынаған кеме бортында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетілім оркестрі өнер көрсетті. Музыканттар танымал патриоттық марштарды, заманауи шығармаларды және халық ән-күйлерін орындады.
«Мұндай форматтағы концерт – әрі музыканттар үшін, әрі көрермендер үшін жаңа тәжірибе. Біз елорда тұрғындарына есте қаларлық әсер мен эмоция сыйлағымыз келді», – деді оркестр дирижері Төрехан Жаудинов.
Сонымен қатар фестиваль аясында «Ғашықтар», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарындағы ашық алаңдарда бірқатар әскери ұжым өнер көрсетті. Олардың қатарында – Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі мен орталық ансамблі, Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі және ҰҚК Шекара қызметінің орталық ансамблі бар.
Фестивальдің қорытынды концерті – Гала-концерт 6 шілде күні сағат 16:30-да «Қазақ елі» алаңында өтеді.
«Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамытуға, күштік құрылымдар мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталған.