Қазақстан ет пен сүт өндірісін дамытуға басымдық беріп отыр

1386
Фотосурет: UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Онда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, бірқатар өңірдің әкімдері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері: аусыл бойынша Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның субөңірлік үйлестіру кеңсесінің басшысы Мереке Тайтубаев, ветеринария ұлттық референттік орталығының бас директоры Мақсат Бердіқұлов, «Qazaq sut» Республикалық сүт және ІҚМ-нің аралас тұқымдары палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 млрд теңгеден асты. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісінде өсуі байқалды.

Мал шаруашылығы саласын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қаралып отыр.

«Ежелден ата кәсіп саналған   мал шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған дәстүрлі сала. Мемлекет басшысы биыл қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда   жыл сайын   саланы субсидиялау мен несиелеу жүргізілуде. Биыл бюджеттен шамамен 160 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бізге мал басының және мал шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» Олжас Бектенов

Бүгінде ірі қара мал саны 9,6 млн басқа дейін өсті,  ал жылқы саны 5 млн-ға жетті. Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдарының егіс алқабы  3,3 млн гектарға дейін ұлғайды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі атап өтілді. 2022 жылдан бастап 11 млн гектар жайылымдық алқап кері қайтарылып, оның көп бөлігі  халыққа қайта бөлініп берілді.

Премьер-министр еліміздің мал шаруашылығы саласының ішкі әлеуеті зор екенін атап өтті. Мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігіне назар аудартты. Оларды заңсыз әкетуге жол бермеу және аналық малды субсидиялауды қолдау маңызды екенін айтты, бұл өз кезегінде өнімнің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.

Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Жол картасында көзделген индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етсін;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қыс айларында ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 1 қазанға дейін мал азығын дайындау науқанын аяқтасын;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін қолда бар ресурстар шеңберінде мал шаруашылығын жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағыттарын енгізу мәселесін пысықтасын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -