«Астана Балет» театр маусымының шымылдығын «Carmina Burana» балет-кантатасының ғаламат премьерасымен жапты

1177
Фотосурет: Астана Балет

5-6 шілдеде «Астана Балет» театрының сахнасында көптен күткен «Carmina Вurana» балет-кантатасының – хор, оркестр және балет труппасы алғаш рет бір сахнада тоғысқан бірегей жобаның тұсаукесері өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Экспрессионист-композитор, ХХ ғасырдың көрнекті неміс композиторларының бірі Карл Орф жазған мистикалық, баурап алар «Carmina Burana» кантатасы философиялық әрі эмоционалды балеттің негізіне айналды. Бұл ХХ ғасырдың ең жұмбақ әрі таң қалдырарлық қуаты бар туындылардың бірі. Заманауи мәдениетте ол классика мен танымал музыка арасында ерекше орын алады.

Композитор кантатаның мағынасын адам рухының жеңісі ретінде сипаттап, өз шығармасын оптимистік әрі қуанышқа толы деп санады. Бұл шығармада Фортуна құдайының тақырыбы астарлап жеткізіледі. Ол тағдыр дөңгелегін айналдырып, адам баласын бірде тұңғиыққа құлатып, бірде бақытқа кенелтеді.

«Carmina Burana» балеті – адам баласының болмысы, жан арпалысы мен азабы, адамның кұдірет күшімен үзілмес байланысы туралы ой-толғау. Балет сахнасында материалдық және рухани, жасампаз және қиратушы күш текетіресі көрсетіледі. Мұның бәрі – Фортуна дөңгелегінің үздіксіз қозғалысы, жалындаған өмір мен жанның реинкарнациясы жайлы баяндайды.

Балет оқиғасы екі жанның (Бозбала мен Бойжеткен) айналасында өрбиді. Олар біріне-бірі ынтық. Екеуара пәк сезімдері махаббатқа ұласады. Бірақ, болмысыңды сақтап, махаббат сырын тану үшін өзгенің алдап-арбауынан, азғыруынан бойыңды аулақ ұстасаң ғана мүмкін екен.

Спектакль бейнелері Орфтың музыкасынан ғана емес, Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің туындыларынан да шабыт алған. Спектакльде жасампаз және жойқын күштер, шартты түрде  Жаратушы және Азғырушымен байланысты символдық кейіпкерлер ретінде көрінді.

«Carmina Burana» балет-кантатасын, шартты түрде, бір-бірінен музыкалық жағынан ерекшеленетін төрт бөлімге бөлуге болады. Қойылым тобы мұны пластикалық түрде жеткізуді жөн көрді. Спектакльде әртістер классикалық хореографиядан еркін пластикасы және contemporary элементтері бар биге ауысып отырды.

«Әртістерге осындай әртүрлі музыкалық материалмен және түрлі пластикалық материалмен жұмыс істеген өте маңызды», – деп атап өтті қоюшы-балетмейстер Тимур Загидуллин.

Жаңа хореографиялық туындыны жасауға дарынды өнер қайраткерлері қатысты. Карл Орфтың музыкасы қойылымның негізіне алынып, оның ауқымы мен эмоционалды тереңдігін арттыра түсті. Қоюшы-балетмейстерлер Мукарам Абубахриева (Авахри) және Тимур Загидуллин шығарманың драматургиясын жеткізетін көркем хореография тілін қолданды.

Костюм суретшісі Варвара Плетнева сценография мен костюмдердегі символизм мен заманауи танымды біріктіре отырып, қойылымның көрнекі бейнесін жасады. Жарық суретшісі Денис Солнцев дәл және мәнерлі жарық шешімдері арқылы іс-әрекетке ерекше атмосфера дарытты. Бейнесуретші Марат Сағадинов сахна кеңістігіне табиғи түрде өрілген динамикалық проекциялар арқылы спектакльдің көрнекі әсерін күшейте түсті.

Қойылымның музыкалық жетекшісі әрі дирижері Арман Оразғалиев театрдың симфониялық оркестрінің күшімен қуатты әрі әсерлі музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз етті. Вокалды бөлім Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігіндегі хордың қатысуымен жүзеге асырылып, көрерменді тәнті еткен спектакльдің ауқымы мен дыбыстық кернеуін арттыруға мүмкіндік берді.

«Carmina Burana» балетінің премьерасы шын мәніндегі тың дүниеге айналды. Алғаш рет хор, оркестр және балет біртұтас өнер кеңістігінде бірігіп, ауқымды әрі жаныңды баурап әкетер қойылым жасады. Мұнда – музыкалық екпіннен пластикалық қимылға дейінгі әрбір элемент – осы мәңгілік шығарманың терең мағынасын аша түсуге күш салды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -