Биыл 30 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Заңда IT-саладағы сақтандыру секторына қатысушылардың қызмет түрлерін кеңейту жөніндегі нормалар көзделген.
Сақтандыру ұйымдары сақтандыру қызметін автоматтандыру, маркетплейстер құру және онлайн қызметтерді дамыту үшін бағдарламалық қамтылымды дербес әзірлейалады.
Сонымен қатар, сақтандыру ұйымдары мен сақтандыру холдингтері IT -компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестерін сатып ала алады. Бұл оларға жаңа цифрлық өнімдерді белсенді дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және клиенттік сервистің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының функционалы сақтандыру ұйымдарының қызметін автоматтандыру, сақтандыру саласындағы мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеумен толықтырылды.
Осы бастамаларды іске асыру қаржы нарығына барлық қатысушылар үшін инклюзияны арттыруға, сақтандыру өнімдеріне қолжетімділікті кеңейтуге, сақтандыру қызметтерінің шығасыларын төмендетуге және автоматтандыруға, қаржы нарығындағы бәсекелестік деңгейін арттыруға байланысты тікелей пайда әкеледі.
Заң алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.