Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) президенті Сальваторе Шаккитано Азаматтық авиация академиясына жұмыс сапармен барып, академияның профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жүздесуде құрметті қонақ Қазақстанның азаматтық авиацияны дамытудағы айтарлықтай жетістіктерін атап өтіп, заманауи стандарттарды енгізу, тиімді мемлекеттік саясат пен адами капиталға ерекше көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдірді. Сальваторе Шаккитаноның сөзінше, авиация – бұл тек ұшу емес, адамдарды, мәдениеттерді және елдерді біріктіретін әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды құралы.
Сонымен қатар ИКАО басшысы жаһандық авиация алдында үлкен сын-қатерлер тұрғанына тоқталды. Соның ішінде 2050 жылға қарай жолаушылар ағынының 12 миллиард адамға дейін өсуі, авиациялық оқиғаларды болдырмау, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыру және саланың инклюзивтілігін арттыру, әйелдерге тең мүмкіндік беру міндеттері бар.
Өз сөзінде Сальваторе Шаккитано авиация саласындағы әйелдердің қатысуы тақырыбына ерекше назар аударды. Бүгінде олардың жаһандық сектордағы үлесі 5%-дан аспайды, ал өсу қарқыны өте баяу. Осы бағытта Қазақстан оң динамика көрсетіп, гендерлік теңдікті ілгерілетуде белсенді бағыт ұстанып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Академияда өткен іс-шараға ИКАО-ның Солтүстік Атлантика кеңсесінің өңірлік директоры Николас Ралло, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Жарасова және Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева қатысты.
«ИКАО кеңесі президентінің сапары – жаңа бірлескен жобаларды дамытуға тың серпін беретін маңызды қадам. Академия білім ордасынан бөлек, ИКАО-ның өңірлік стратегиялық серіктесіне айналуға ұмтылады» Азаматтық авиация академиясының Басқарма төрағасы – Ректоры Бекен Сейдахметов
Сапардың басты нәтижелерінің бірі – Қазақстанның азаматтық авиациясын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі бұрын мақұлданған мастер-жоспардың расталуы. Бұл құжат ИКАО-мен бірлесіп әзірленген және ТМД өңірі үшін теңдессіз үлгі болып табылады. Мастер-жоспардың негізінде инфрақұрылымды жаңғырту, кадрларды даярлау сапасын арттыру, цифрлық және орнықты шешімдерді кеңінен енгізу, сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту секілді басым бағыттар жатыр. Бұған қосымша жаһандық үрдістер мен өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, авиация саласын жүйелі түрде трансформациялауға негіз болады.
Шара барысында азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноға және Николас Раллоға Азаматтық авиация академиясының «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Айта кетейік, Академия 2012 жылдан бастап ИКАО-мен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бүгінде оқу орны авиациялық білім берудің толық циклін – орта техникалық деңгейден бастап, PhD бағдарламаларына дейін ұсынады. Дайындық ұшқыштарды, инженерлерді, диспетчерлерді және басқарушы құрамды қамтиды.