Қарағанды облысы Балқашта туризмді дамытуға инвестиция салып жатыр

2134
Фотосурет: Gov

Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылады, туристік маршруттар желісі кеңейтіледі, жаңа туристік нысандар ашылады және инвесторлар тартылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Негізгі назар Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданының табиғи ландшафтарына шоғырланған.

Балқашта жағалауды абаттандыру, қала жағажайын жаңғырту және қонақтпрды орналастыру бойынша жаңа нысандар құру бойынша жобалар іске асырылуда. Қалаішілік су құбыры желілерін ауқымды қайта жаңарту жүріп жатыр, бұл тек Балқаш тұрғындары үшін ғана емес, туристер үшін де жағдайды айтарлықтай жақсартады.

Бұдан басқа, Тораңғалық және Шұбартүбек туристік ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28 шақырымнан асатын Балқаш — Торанғалық магистральды суағары салынуда.

Соңғы жылдары Балқашта қонақ үй кешендері салынып жатыр. Тек 2025 жылдың басынан бастап екі демалыс аймағы мен бір қонақ үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы үш туристік нысанның құрылысы аяқталады. Инвесторларды тарту үшін көл жағалауында инфрақұрылым құрылысы басталды: туристік нысандарға арналған Үлкен Қаракөл шығанағы ауданында 835 гектар жерде пайда болатын құрылыстың егжей-тегжейлі жоспары әзірленді. Демалыс аймақтары мен коммерциялық нысандар үшін алаңдар құрылуда.

– Қазір біз 3 және 4 жұлдыз санаттағы нысандарды ашқан кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіп, Қонақжайлылық мектебі аясында қызметкерлерді оқытуды жоспарлап отырмыз. Инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді Балқаш әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов.

Көлік инфрақұрылымын дамыту да маңызды рөл атқарады. Балқашта теміржол вокзалы мен әуежайды жөндеу жалғасуда. Бұл жолаушылар ағынын 30%-ға ұлғайтып, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді. Алматы – Екатеринбург тас жолында орналасқан Бектау-Ата-Балқаш учаскесінде дәмхана, супермаркет, ТҚС, ЖҚС және жол бойындағы басқа да қызмет көрсету нысандарының құрылысына учаскелер бөлінген.

Биыл демалушылардың қауіпсіздігі үшін Балқаш өңірінің туристік аймақтарында 36 бейнекамералар орнатылды, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, оған 70-тен астам құтқарушы жұмылдырылды, Шұбартүбекте модульдік полиция бекеттері мен ТЖ қызметтері іске қосылды.

Биыл 160 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде.

Тағы бір туристік бағыт – Қарқаралы ауданы. Мұнда Қарағанды – Қарқаралы жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда, «Бұғылы» туристік аймағы абаттандырылып, мәдени мұра нысандары қалпына келтірілуде, ұлттық паркте жаңа бағыттар мен туристік учаскелер құрылуда.

– Біздің мақсатымыз – туристер үшін де, бизнес үшін де тартымды орта құру. Шілде айының соңында шетелден келген қонақтардың қатысуымен ауқымды QARQARALY BUGYLY FEST – 2025 фестивалі өтеді. Бұл өңірді әлеуетті туристік бағыт ретінде танытудың жақсы мүмкіндігі, – деп есептейді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

Облыста цифрлық қызметтер де кеңейтілуде: жасанды интеллектісі бар чат-бот енгізілді, visitqaraganda.kz порталы жұмыс істейді, қонақ үйлерді онлайн-брондау жүйесі іске қосылды. Танымал бағыттарда ақпараттық ресурстарға шығатын QR-кодтар орналастырылады.

Өңірде 17 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған – бұл түрлі аудандарда қонақ үй кешендерінің, демалыс аймақтарының, апартаменттердің құрылысын қарастыратын жобалар. Екі жоба Ұлттық инвестициялық тұғырнамаға енді.

Биыл Қарағанды облысы 500 мыңға дейін турист қабылдауды жоспарлап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бір есеге көп.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -