Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведомство қызметінің негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сөз басында Еңбек министрлігінің басшысы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақытылы және толық көлемде орындалып жатқанын атап өтті.
«Жыл басынан бері барлық төлемдер индекстеліп, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Әлеуметтік төлемдермен 4,7 млн. адам қамтылған. Еңбек министрлігінің бюджеті 6,1 трлн. теңгені құраса, 3 трлн. теңгеге жуық қаржы игерілген», – деді Светлана Жақыпова.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саласында атқарылған жұмыстар туралы хабардар еткен министр Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай 3,3 млн. азаматты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді тапсырғанын, бүгінгі таңда жоспар 66,5%-ға орындалғанын еске салды.
«Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 250 мың адам жұмысқа орналастырылды. Әрбір жұмыс орны міндетті зейнетақы жарналарымен расталады.
Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының өсімі 3,8 млн. құраса, бүгінде экономикада 2,6 млн. (2024 ж. – 2,4 млн., 2023 жылы – 2,2 млн.) бар.
Халықтың әлеуметтік осал топтары азаматтарының кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 4,2 мың грант бөлінді.
Платформалық жұмыспен қамтуды реттеу аясында Яндекс платформасында жұмысқа орналасқан 87 мыңға жуық адамның қызметі мен әлеуметтік қорғалуы рәсімделді. Қазір басқа операторлармен белсенді жұмыс жүргізілуде», – деді Светлана Жақыпова.
Еңбек министрлігінің басшысы көші-қон саясатын жүзеге асырудағы негізгі көрсеткіштерге де тоқталды.
«2025 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 16,5 мың көлемінде белгіленді, 14,2 мыңы бойынша рұқсат берілді.
Шетелдік жұмысшылармен еңбек шарттарын, яғни олардың елде болуының заңдылығын бақылау үшін еңбек инспекциясымен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Осылайша, бүгінгі күні еңбек шарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесінде 14 мың рұқсат бойынша 9 мыңнан астам еңбек шарты тіркелді.
Шетелдік жұмыс күшін тарту үшін сұранысқа ие мамандықтар тізіміне 51 мамандық енгізілді, 566 жұмысшы тартылды», – деді Светлана Жақыпова.
Ол Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек құқықтарын қорғау үкіметаралық келісімдер шеңберінде қамтамасыз етілгенін айтты.
Көші-қонның оң сальдосы 3,8 мың адамды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға көп.
Солтүстік өңірлерге 2 мыңнан астам қандас пен қоныс аударушы көшірілді, ағымдағы жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша кері қайту жағдайлары тіркелген жоқ.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау аясында 285,7 млрд теңгеге жәрдемақылар мен төлемдер жасалды.
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 300 мыңнан астам техникалық құралдар мен оңалту қызметтері көрсетіліп, 18,6 мың адам инватаксиді қолданды.
2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау енгізілді. Бүгінгі таңда 568 орталық лицензия алды.
Жаңа кәсіби стандарттар бойынша әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде, барлығы 10,5 мың адам оқытылды. Біліктілікті тану орталығы құрылды.
Біз қазір мүгедектікті белгілеу кезінде жасанды интеллектті енгізу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Бұл жерде біз медициналық ақпараттық жүйелердің дайындығына назар аударамыз», – деді Светлана Жақыпова.
Министр Мемлекет басшысы биылғы жылы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударғанын ерекше атап өтті. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп Жол картасы әзірленді. Оның аясында ірі кәсіпорындардың еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Алдағы уақытта үздіксіз цифрлық мониторинг жүйесі енгізілетін болады.
«Есепте өндірістік жарақат алу жағдайларының 16,6%-ға, өлім жағдайлары 15,6%-ға төмендегенін атап өттік.
Жұмыс берушілермен жүргізілген жұмыс 3 мыңнан астам кәсіпорынды тәуекел аймағынан шығаруға, 23 мың жұмысшының құқығын қорғауға мүмкіндік берді.
Тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындар саны 26,2%-ға азайды.
Тексеру нәтижелері бойынша 3 608 бұзушылық жойылып, 234 млн теңге сомасына айыппұл салынды. 755,4 миллион теңге жалақы бойынша берешек өтелді», – деп хабарлады Светлана Жақыпова.
Сөз соңында Еңбек министрлігінің басшысы Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу туралы хабарлады, оған ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін барлық өңірлер қосылуы жоспарланып отыр. Бұл мемлекет басшысы тарапынан көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларының мақсатты сипатын қамтамасыз етеді.