Қазақстан онлайн-қызметтерді дамыту индексі бойынша үздік 10 елдің қатарына кіреді

1749
Фотосурет: freepik.com

Қазақстандағы тұрғын үй нарығы белсенді кезеңде тұр. Биылғы жылдың мамыр айында тұрғын үйді сатып алу-сату жөнінде шамамен 34 мың мәміле тіркелген, бұл өткен жылға қарағанда 9,4%-ға көп. Ал жыл басынан, яғни, қаңтар–мамыр аралығында жасалған мәмілелер саны 158,5 мыңға жетті, бұл 2024 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 5%-ға артық.

Осы жылдың қаңтар–мамыр айларында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 6 млн шаршы метрді құрады, бұл өткен жылға қарағанда 5,7%-ға көп. Ал 2024 жылы көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп, 19 млн шаршы метрге дейін өсті, бұл алдыңғы жылға қарағанда 8,1%-ға артық.

Мұндай динамика — көңіл қуантатын жайт, өйткені қазақстандықтардың баспанаға деген мұқтаждығын үнемі жазамыз. Мынадай фактіні естеріңізге сала кетейік, елімізде бес және одан да көп жандардан тұратын отбасылардың 5%-ы бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.

Тұрғын үй саласындағы тағы бір жағымды жаңалық — «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» құрылуы. Бұл жаңа бастаманың аясында Қазақстанда тұрғын үйді бөлу бойынша өкілеттіктер әкімдіктерден Отбасы банкіне берілді. Мұндай қадам жұмыс барысын жеңілдетіп, саланың ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жүйе тұрғын үйді орталықтандырылған түрде бақылауға, тіркеуге және бөлуге жағдай жасайды. Бұл шешім бұған дейін азаматтар тарапынан жиі айтылатын әділетсіз бөлініс мәселесін жоюға бағытталған. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап барлық жұмыс бірегей ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп жатыр, бұл өз кезегінде әділеттілікті қамтамасыз етеді әрі ыңғайлы.



«Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі orken.otbasybank.kz порталында берілген. Оның көмегімен тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тұруға болады. Мұны соңғы 5 жылда өзінде де, отбасында да меншігінде баспанасы болмаған кәмелетке толған азаматтар жасай алады.

Маңызды жайтты айта кетейік, өтініш беру үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек, себебі 1414-тен растау коды көрсетілген SMS жіберіледі (оны eGov mobile немесе eGov.kz порталы арқылы ЭЦҚ-мен онлайн тіркеуге болады). Отбасы банкі 14 мемлекеттік деректер базаларымен жұмыс істейді, ал өтініш беруші мен оның отбасы туралы мәліметтерге қол жеткізу қолайлы қолдау шараларын ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 600 мыңнан астам адам* тұр. Мемлекеттік қолдау шаралары ең алдымен, жүйе Отбасы банкіне берілгенге дейін кезекке тұрған азаматтарға көрсетіледі. Әлеуметтік тұрғын үйдің 70%-ы жыл сайын басымдық берілген санаттар арасында бөлінеді: ардагерлер, жесір қалған жандар, көпбалалы отбасылар және басқа да жандар. Қалған 30% тұрғын үй мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, әскери қызметкерлер, қандастар және науқас жандар арасында бөлінеді. Тұрғын үй кезекке тұру ретіне қарай беріледі: кім бұрын тіркелсе, сол бірінші алады.

Қосымша маңызды мәліметтер ақпараттық кестеде көрсетілген.

* тек ескі кезекте (kezekte.kz), 24 мамырдан бастап тағы 273 мың адам есепке тұрды (11.07.2025 жылғы жағдай бойынша)
Айта кетерлігі, Отбасы банкінің «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» іске қосудағы негізгі мақсаты мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету жұмыстарының толық ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ «бір терезе» аясында ыңғайлы құрал жасау болып табылады. Бұл Қазақстандағы осындай алғашқы бастама емес, мұндай ыңғайлы цифрлық шешімдер жеке және заңды тұлғалар үшін ғана емес, қазақстандықтар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ халықаралық қауымдастық тарапынан да мойындалып отыр.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан онлайн-қызметтерді дамыту индексі бойынша БҰҰ рейтингісіндегі үздік 10 елдің қатарына кіреді. Индекс бес ішкі индексті қамтиды: институционалдық құрылым, қызметтердің қолжетімділігі, контент ұсыну, технологиялық компонент және электрондық қатысу.

Мәселен, институционалдық, яғни, мемлекеттік органдар мен билік институттары тарапынан ұйымдастырылған құрылым тұрғысынан Қазақстан үздік көрсеткіштерге, жоғарғы индекске ие: 1. Біздің еліміз осы санат бойынша бірінші орынды Жапония, АҚШ, Норвегия, Корея, Канада, Нидерланды сияқты және басқа да дамыған мемлекеттермен бөліседі. Салыстырайық, сектордағы орташа индекс — 0,8480, минималды — 0.

Тағы бір көрсеткіш — қызметтердің қолжетімділігі бойынша Қазақстан 0,9879 индексімен үшінші орында, ал әлемдік орташа мән бар болғаны — 0,5606.

Осылайша, кең әрі үнемі кеңейіп отыратын қолжетімді қызметтердің ауқымы және мемлекеттік институттар қамтамасыз ететін цифрлық инфрақұрылым Қазақстанның онлайн қызметтерді дамыту жағынан әлемдегі үздік он елдің қатарына кіруіне мүмкіндік берді, ал бұл өз кезегінде, елімізге Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша елдер рейтингісінде құрметті 24-інші орынды алуға жол ашты.

«Ақылды» сервистерді дамыту іс жүзінде қазақстандықтарға көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен жайлылығына ықпал етіп қана қоймай, еліміздің әлемдегі беделін көтереді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -