Ұлттық ұлан жауынгерлері тарихи жадыны жаңғыртты

1375
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері «АЛЖИР» мемориалдық кешенінде алма бағын қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысты.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – Республика күні қарсаңында ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы ерекше тарихи әрі рухани маңызы бар іс-шараға атсалысты. Әскери қызметшілер Ақмола облысындағы «АЛЖИР» мемориалдық кешенінде алма бағын қалпына келтіруге бағытталған экологиялық-патриоттық акция өткізді.

Шара саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Әскери қызметшілер мен кешен қызметкерлері, сондай-ақ лагерь тұтқындарының ұрпақтары үнсіздік сәтінде бас иіп, боздақтардың рухына тағзым етті. Бұл көрініс шараның салтанатты әрі терең мазмұнын айқындап берді.

Іс-шара барысында тарихқа тағзым етіп, өткен мен бүгін арасындағы рухани сабақтастықты атап өткен 5573 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Аслан Оразалин бұл бастаманың мән-маңызына тоқталды.

«Алма ағашы — өмірдің, жаңару мен үміттің белгісі. Бұл жер — халқымыздың тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі. Осында отырғызылған әрбір көшет — өткенге тағзым, бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсінудің белгісі. Әскери қызметшілер үшін мұндай акциялар патриоттық сезімді арттырып, рухани тәрбие береді», — деді ол.

Өткеннің қасіреті мен үмітін өз бойына сіңірген қасиетті мекеннің иесі, ел жадының сақшысы — «АЛЖИР» мемориалды кешенінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы шараның рухани астарына тоқталды.

«Кезінде осында болған әйел-тұтқындар ауыр жағдайда болса да, өз қолдарымен алма ағаштарын еккен. Сол ағаштар олардың үміті мен өмірге деген сенімінің көрінісі еді. Бүгін сол дәстүрді Ұлттық ұланның жауынгерлері жалғастырып отыр. Бұл — тек табиғатты жаңғырту емес, рухты жаңғырту», — деді ол.

Жас болса да ел тарихының ауыр тағдырына бейжай қарамайтын, жүрегінде отанға деген мақтаныш сезімі бар қатардағы Нәсіпқали Сержан бұл шарадан алған әсерімен бөлісті.

«Біз жай ғана ағаш отырғызған жоқпыз. Бұл жердің әрбір тасы мен топырағының астарында елінің азаттығы үшін азап шеккен аналардың көз жасы бар. Сол себепті осы іс-шараға қатысу — біз үшін үлкен құрмет», — дейді жас сарбаз.

Алма бағын қалпына келтіру акциясы — тарихты ұлықтау мен ұрпақ сабақтастығын сақтау жолындағы маңызды қадам. Әскери қызметшілердің бұл бастамасы елдің бейбіт өмірінің қадірін ұғындырып, өткеннің ауыр сабағын жүрекке түйіп, болашаққа сеніммен қарауға шақырады.

«АЛЖИР» мемориалының алма бағы — өмірдің жалғасуы мен халық жадындағы мәңгілік үміттің нышаны болып қала береді.

5573 әскери бөлімінің тілшісі лейтенант Айгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -