Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 800 мың гектардан астам егістік жер суарылды

1683
Фотосурет: kstudio/freepik.com

Қазақстанда суару кезеңі басталғалы бері ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су жіберілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Биылғы суару кезеңі басталғалы бері Қазақстанда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су пайдаланылған. Бұл көлемнің шамамен 7,7 млрд текше метрі елдің оңтүстігіндегі бес өңірге тиесілі.

Қызылорда облысында «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен су беру бойынша 1 015 келісімшарт жасасқан. Бүгінде облыста 126,6 мың гектар жер суарылып, жалпы су жіберу көлемі 2,766 млрд текше метрді құрап отыр.

Облыста бес магистральдық және үш шаруашылықаралық каналдар арқылы кезекпен су беріледі. Қазіргі уақытта өңірдің барлық егістігінің 98%-ы кезекпен суарылады.

Қызылорда облысының егіс алқаптарына су беруді жақсарту үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі ирригациялық каналдарда жылжымалы сорғы қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізді. Барлығы 324 қондырғы орнатылды.

Түркістан облысында су пайдалану көлемі - 3,01 млрд текше метр, ал суарылған алқаптардың ауданы – 367,9 мың га. «Қазсушардың» жергілікті филиалы шаруалармен су беру бойынша 9 608 шарт жасасқан.

Облыстың Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілді. Бұл егіс алқаптарын қосымша су көлемімен қамтамасыз ету үшін қажет. Ордабасы ауданында 17 тік дренажды ұңғыма жөнделді.

Сондай-ақ өңірде «Достық» мемлекетаралық каналының төменгі ағысындағы шаруа қожалықтарын сумен қамтуды жақсарту және «Қазсушардың» Түркістан филиалының каналдарындағы су деңгейін көтеру үшін «Машиналық әдіспен су көтеру каналын» механикалық тазартуды аяқтады.

Жетісу облысында бүгінде су беруге 7 492 шарт жасалды. Өңірдегі жалпы су алу көлемі шамамен 673 млн текше метр, вегетация кезеңі басталғалы бері 103,8 мың га жер суарылды. Сонымен қатар 17 мың гектарға ылғалдандыру жұмысы жүргізілді.

Жамбыл облысында су алу көлемі – 588,6 млн текше метр, суарылған егістік көлемі – 66,6 мың гектар. Өңірде су беру бойынша 3 872 келісімшарт жасалған. Вегетация кезеңіне дайындық аясында «Қазсушардың» жергілікті филиалы 28,8 км каналға механикалық тазалау жүргізді.

Алматы облысында нақты су алу 631,4 млн текше метр. Вегетация кезеңі басталғаннан бері өңірде 128,4 мың га жер суарылды. Оның ішінде «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» арқылы 46 мың гектардан астам алқапқа 226,84 млн текше метр су берілген. Кәсіпорын су беру бойынша 2 740 келісімшарт жасасқан.

Егіс алқаптарына суды тиімдірек жеткізу үшін Қазақстанның барлық облысындағы «Қазсушар» филиалдары 780 км ирригациялық каналға механикалық тазарту жүргізді. Сондай-ақ 78 гидротехникалық нысан жөнделді.

«Биыл жоғары температура мен жауын-шашынның болмауына байланысты Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде суару кезеңі 20 күнге ерте басталды. Сол себепті вегетация басында су тұтыну орта есеппен 50%-ға артты, бұл су ресурстарына қосымша жүктеме түсірді. Суды ұтымды пайдалану және тапшылыққа жол бермеу мақсатында су кезекпен беріліп жатыр. Сонымен қатар су тек «Қазсушар» РМК-мен тиісті келісімшарт болған жағдайда ғана беріледі. Вегетация кезеңінің өту барысы министрліктің тұрақты бақылауында» Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -