Гүл – мамандық ретінде: Астанада халықаралық тәжірибесі бар болашақ флористтерді дайындауда

2200
Фотосурет: Gov

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіби-техникалық білім беруге және жұмысшы кадрлар даярлауға ерекше мән беріліп отыр. Мәселен Астана қаласындағы Сервис және туризм колледжі сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды оқытып келеді. Солардың бірі – флористика мамандығы, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл мамандық тек гүлдермен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, эстетика және сервис саласындағы білім мен дағдыны қажет етеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Колледжде арнайы «Флористика»,«Ландшафт дизайны», «Оранжерия», «Гидропоника» зертханалары бар. Оқу барысында студенттер «Сарыгүл», «Арыстан ауыз гүлі», «Қызылгүл», «Әйел бақыты» сияқты т.б. түрлі гүлдерді отырғызады.

Колледж директоры Салтанат Басығараеваның сөзінше, жаңа оқу жылына бұл мамандық бойынша 25 студентті қабылдау жоспарланып отыр.

«Флористика мамандығы бойынша алғашқы студенттер 2024 жылы қабылданып, бүгінде 10 студент білім алып жатыр. Жаңа оқу жылына 25 студент қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 10 студент ерекше білім беруді қажет етеді. Болашақ флористер 2 жыл 10 ай бойы колледж базасындағы зертханаларда және біздің әлеуметтік серіктестер қолдауымен тәжірибеден өтеді. Бұл мамандықты таңдаған талапкерлердің биология, математика және оқыту тіліне байланысты қазақ және орыс тілінің орташа бағасы есептеледі. Сонымен қатар сұхбаттасу жүргізіледі. Біз 9-сыныпты бітірген талапкерлерді қабылдаймыз және олар оқуға түскен жағдайда мемлекеттік грант есебінен білім алады»,- дейді Салтанат Басығараева.

Оқу ордасында ландшафтық дизайн, орман шаруашылығы мамандықтары да оқытылады. Жалпы бүгінде бұл мамандықтар бойынша 60 студент білім алып жатыр.

Флористика мамандығына үйрететін арнайы білікті оқытушылар бар. Олар Ресейдің Татарстан аймағында «Флористика» мамандығы бойынша халықаралық тағылымдамадан өткен. Жас мамандарға шетелдік Flower Circus компаниясы шеберлік сабағын өткізіп тұрады. Одан бөлек колледж Romantic гүлдер орталығы, «ҚазФлор» гүл дүкенімен және орман шаруашылығы мамандығы бойынша «Астана-Зеленстрой», «Жасыл аймақ» сияқты компаниялармен тығыз жұмыс істейді.

Колледж директорының сөзінше, студенттер түрлі жобаға белсенді атсалысады.

Биыл колледж түлегі Ержан Балтабай EuroSkills Herning 2025 байқауының іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен.

Сонымен қатар колледж аумағында жылыжай орналасқан. Онда орман шаруашылығы бойынша білім алатын студенттер көкөністер мен жидектерді күтіп баптайды.

«Бақшадан – дастарханға» жобасы аясында жылыжайда Қызылорда өңірінде кеңінен таралған «Әміре» қауыны өсіріліп жатыр. Оның салмағы 15 келіге дейін жетеді.

Елордалық колледжде флористика мен орман шаруашылығы салаларына үлкен мән беріліп, студенттерге сапалы әрі заманауи білім беріліп жатыр. Бұл мамандықтар шығармашылық пен кәсіби дағдыны біріктіріп, халықаралық тәжірибе мен практикалық білім арқылы болашақ мамандарды даярлайды. Осындай білім беру арқылы жастар еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті кадрға айналып, елдің дамуына үлес қосады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -