Әскерде жүрген полиглот сарбаздар туралы бұрын да айтылған. Биылғы жас сарбаздардың ішінде де алты тіл меңгерген сарбаз бар екені белгілі болды. 21 жастағы қатардағы Бахтярхан Турсунходжаевтың тіл игеру тәжірибесі қызықты. Ол – Түркістан облысының тумасы. Әкесі – әзірбайжан, анасы – өзбек, сондықтан бұл екі тілді отбасында жақсы меңгерген. Қазақ мектебінде оқыған.
Түрік тілі туралы, оның әзірбайжан тіліне көп ұқсас екендігін, сондықтан оны өз бетімен тез үйренгендігін, түрік тіліндегі кино, сериалдарды көріп жүріп, тілдік қорын кеңейткенін айтты. Орыс, ағылшын тілдерін мектеп қабырғасында жүргенде игерген. Ағылшын тілін меңгергені оған Еуропаға жол ашқан. Тілді білгенінің арқасында Еуропаның бірқатар елдерін емін-еркін аралаған. Тіпті Францияның астанасы Парижде тұрақтап, біраз уақыт жұмыс та істеген екен. Сонда жүріп, француз тіліне де жаттығып қалған.
Бахтярхан өзі Шымкент қаласындағы Индустриалдық-техникалық колледжді 2020 жылы аяқтаған, автоэлектрик деген мамандығы бар, автомеханиканы жөндеуді ұнатады. Ол спортты өте жақсы көреді. Спорттың ушу-саньда, бокс түрлерімен айналысады. Сайрам ауданындағы «Пахтакор» футбол клубында ойнаған. Сонымен қатар, Шымкент қаласында жұмыс істейтін түрік фирмасы біраз уақыт Бахтярханның аудармашылық қызметіне жүгінген болатын. Осының бәрі – Бахтярханның сегіз қырлы жігіт екенін көрсетеді.
- Полиглот болу дарын ғана емес, адамның өзінде қызығушылық болу керек, ізденіп, еңбектенуге көп нәрсе байланысты. Маған бұл қасиет анам Мунажаттан дарыған болу керек. Анам өзбек, қазақ, түрік, әзірбайжан, орыс тілдерін жақсы меңгерген. Ол кісі Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада жұмыс істейді. 19 жастағы қарындасым Умида да бес тілді жақсы меңгерген. «Көп тіл білген адам көшеде қалмайды» - деп әкем Бахромхан үнемі айтып отырады. Көп тіл білу сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін білуге, көптеген достар табуға жол ашады. Адамның мінез-құлқын, ішкі мәдениетін, тәрбиесін қалыптастырады, - деп, көп тіл білудің адам өмірінде алатын орнын атап көрсетті сарбаз.
Бахтярхан болашақта әлемді аралауды, бұдан да көп тілді меңгеруді мақсат етіп отыр. Қазақстаннан шыққан атақты аудармашы болғысы келеді. Елде балаларға арналған тілдерді үйрететін тегін оқу орталығын ашқысы келеді.
Қатардағы Бахтярхан Турсунходжаев жақында ғана әскери ант қабылдады. Енді ол құқықтық тәртіп әскерінің толыққанды сарбазы. Әскери борышын Ұлттық ұланның Тараз қаласында оналасқан 5513 әскери бөлімінде өтейді. Жас сарбаз курсынан ойдағыдай өткен Бахтярхан мерзімдік әскери қызметін абыроймен өтеп шығуға тастүйін дайын. Оның көп тіл білетін қабілеті қызметте қажет болары анық.
Запастағы подполковник
Данара Баймағанбетова,
«Оңтүстік - ақпарат»