Қазақстан жаңа буын аккумуляторларына арналған компоненттерді экспорттауға дайын

1155
Фотосурет: Nazarbayev University

Қазақстан аккумулятор батареяларын өндіру арқылы емес, жергілікті шикізат негізінде жасалған, жоғары қосылған құны бар компоненттерді әзірлеп, экспортқа шығару арқылы аккумулятор технологияларының жаһандық жеткізу тізбегінде өз орнын ала алады. Бұл туралы Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana-ның Энергетика және жаңа материалдар туралы ғылым орталығының директоры NU профессоры Жұмабай Бәкенов INESS-2025 халықаралық конференциясы аясында мәлімдеді. Конференция Университеттің 15 жылдығы мен академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

INESS бағдарламасына Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Марокко, Біріккен Араб Әмірліктері және Нидерланд сияқты 11 елдің ғалымдарынан 60-қа жуық баяндама енді. Күн тәртібінде — наноматериалдар мен энергия сақтау технологияларындағы серпінді жаңалықтар, оның ішінде литий-ионды және натрий-ионды батареялардың тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру жолдары қарастырылды.

NU президенті профессор Вакар Ахмад атап өткендей, бұл конференция 13 жыл ішінде Орталық Азиядағы ғылыми идеялар және жетістіктермен алмасуға арналған ықпалды алаңға айналды.

“Наноматериалдар мен заманауи энергия сақтау жүйелерін дамыту — біздің неғұрлым тұрақты, тиімді әрі сенімді болашақты құруға бағытталған күш-жігеріміздің өзегі. Университет ашылғалы бері ол академиялық үздік білім мен зерттеу орталығына айналып, инновацияны қолдауға және мағыналы өзгерістерге жол ашуға ұмтылып келеді. INESS секілді шаралар ғылым мен білімді өмірмен ұштастыруға мүмкіндік береді”, — деді ол.

Жаңартылатын энергия көздерінің, дата-орталықтардың, электромобильдер мен жеке құрылғылардың қарқынды дамуы аясында энергия сақтау жүйелеріне деген сұраныс артып келеді. Ғалымдар ондаған жыл бойы литий-ионды және натрий-ионды аккумуляторлардың қауіпсіздігі мен энергия тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ экологиялық жағынан тиімді, бірақ әлі коммерциялық жолға қойылмаған жаңа буын батареялары да әзірлену үстінде.

Конференцияның негізгі спикерлерінің бірі — Жапония өнеркәсібінің жетекші сарапшысы Токио Метрополитен университетінің профессоры Киеши Канамураның айтуынша, алдағы онжылдықта литий-ионды батареялар өз позициясын сақтап қалмақ: 

«Литий-ионды аккумуляторлар әлі де маңызды. Дегенмен болашақта келесі буын батареялары — мәселен, қатты денелі батареялар назарда болуы мүмкін. Бірақ оларды коммерцияландыру өте күрделі. Жиырма жылдан кейін мүлде жаңа түрдегі аккумуляторлар пайда болуы мүмкін. Мен соған үміттенемін. Алайда ол үшін әлі де көптеген ғылыми-технологиялық міндеттерді шешу керек», — деді ол.

Қазақстандық зерттеушілер де өздерінің стратегиялық маңызы бар әзірлемелерін таныстырды. Солардың бірі — аккумуляторларға арналған катод материалын жергілікті шикізаттан, авторлық синтез технологиясы арқылы өндіру. «Біз никель өндіретін компаниялармен жұмыс бастадық және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесе отырып, осы жылдың соңына дейін катод материалдарын пилоттық өндіріске қосуды жоспарлап отырмыз. Жылына 50 тонна өнім шығара алатын өндірісті ұйымдастыруға дайынбыз. Негізгі экспорт бағыты — Қытай. Қазір инвестиция күтудеміз. Мақсатымыз — қосылған құны жоғары өнім шығару», — деді профессор Бәкенов.

Оның айтуынша, Қазақстанда толық аккумулятор өндірісін жолға қою экономикалық жағынан тиімді емес. Оның орнына зерттеушілер никель, марганец, кобальт пен табиғи графит сияқты жергілікті шикізат негізінде жаңа материалдарды әзірлеуге назар аударып отыр. 

«Аккумулятор шығару өте қымбат процесс. Оның үстіне Қытай сынды арзан әрі қуатты бәсекелесіміз бар. Біз никель, марганец, кобальт пен тапшы табиғи графитке негізделген материалдарды әзірлеуге басымдық береміз», — деп толықтырды ол.

Профессор Бәкеновтің ғылыми тобы электромобильдерде қолданылатын дәстүрлі литий-ионды аккумуляторлардың сипаттамаларын жетілдірумен қатар, микроэлектроника мен автономды энергетикалық желілерге арналған натрийлі, калийлі және өзге де болашағы бар энергия сақтау жүйелерін зерттеуде.

Сонымен бірге ғылыми әріптестік географиясы да кеңеюде. Биыл жаңа серіктестер қатарында Sejong University, Hanyang University, Tokyo Institute of Technology, Chungnam National University, University College London, Institut de Chimie et des Matériaux Paris-Est және басқа да жетекші оқу орындары мен зерттеу орталықтары бар.

Конференция аясында жас зерттеушілерге де айрықша көңіл бөлінді: олар үшін интерактивті шеберлік сабақтары, тәлімгерлік сессиялар мен шетелдік әріптестермен бірлесіп мақала жариялау жобалары ұйымдастырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -