Қазақстанда архив құжаттарын цифрландыру және қалпына келтіру бойынша оқыту курстары аяқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық архивінде «Қазақстан архив ісі саласы құжаттарын цифрландыру және қалпына келтіру» бойынша Түркия мамандарының оқыту курстары аяқталды.
Оқыту курстары барысында қатысушылар архив құжаттарын реставрациялау, басқару және цифрландыру салалары бойынша теориялық және практикалық білім алды.
Курстың тәжірибе алмасу бөлімі құжаттың анықталуынан басталып, құжатты тазарту және сияға талдау жасаумен жалғасты. Тазалау кезінде қолданылатын материалдар мен құралдар таныстырылып, құжатты тегістеу және реставрацияға дайындау әдістері меңгерілді. Желімдердің ерекшеліктері мен оларды дайындау тәсілдері туралы ақпарат беріліп, қалпына келтіру жұмысына кірісу барысында зақым деңгейін анықтап, қолданылатын әдістер белгіленді.
Қалпына келтіру әдістерін практикалық түрде қолдану, тігіліп қалпына келтірілетін құжаттардың кезеңдері, бөлшектелген парақтарды біріктірудегі жаңашылдықтар, сондай-ақ реставрация этикасы және бұл жұмыстарда пайдаланылатын құралдар мен материалдар жан-жақты талқыланды.
Тәжірибелік курсқа Астана қаласындағы 60-тан аса архив қызметкері мен реставраторлар қатысты. Оқыту аясында берілген білім мен тәжірибе Қазақстан архившілеріне архив ісін жаңаша дамытуға мүмкіндік берері сөзсіз.