Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетованы қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуде адам құқықтарын қорғау, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Баян Жалмағанбетова Мемлекет басшысына аталған салаға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді.
Президент 2023 жылдың желтоқсан айында арнайы Жарлықпен Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілгенін атап өтіп, омбудсмен және оның өкілдері осы құжатты тиімді жүзеге асыру ісінде негізгі институт рөлін атқаратынына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқаны үшін Баян Жалмағанбетоваға ризашылығын білдіріп, басқа өңірлер елордаға қарап бой түзейтінін, сондықтан бұл істе оған айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтты.
Президент мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын шешу үшін әкімдікпен және министрліктермен тығыз жұмыс істеу, үкіметтік емес ұйымдарды ортақ іске жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.