Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін Шолпан-Ата қаласына (Қырғызстан) келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келген бетте Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан» шипажайының жаңа ғимаратының құрылыс алаңында болып, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев пен ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың Қырғызстанда орналасқан қазақстандық курорттық-рекреациялық төрт нысанның жағдайы туралы баяндамаларын және инвесторлармен серіктестікте оларды кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарларын тыңдады.
Премьер-министрге «Қазақстан» шипажайының жаңа ғимараты құрылысының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқаны: демонтаждау және құрылыс орынын дайындау жұмыстары аяқталғаны, негізгі корпустардың, коттедждер мен шаруашылық блоктардың іргетасы мен монолитті қаңқасын салу жалғасып жатқаны туралы баяндалды.
Сондай-ақ 500 орындық «Самал» демалыс үйіне жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазірдің өзінде инвестор анықталып, инвестициялық келісімнің жобасы дайындалып, жыл бойы жұмыс істейтін 3-4 жұлдызды заманауи қонақ үй салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Бостери (Ыстықкөл облысы) ауылындағы «Университет» спорттық-сауықтыру лагері бойынша курорттық-рекреациялық аймақты дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Нысанды реконструкциялау бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Аталған нысан базасында қазақстандық спортшыларды жаттықтыруға арналған спорттық инфрақұрылым – спорт залдары, бассейндер және тағы басқа нысандар құрылады.
Сондай-ақ қазақстандық инвестормен бірлесіп «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығын жөндеу, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялау және қосымша спорт ғимараттарын салу мәселесі пысықталуда.
Премьер-министр жауапты министрліктер мен мүдделі мемлекеттік ұйымдарға жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді және реконструкциялауды бастау үшін қажетті рәсімдерді жеделдетуді тапсырды. Жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауында.