Азаматтар шенеуніктерге қарсы сотқа жиі жүгінетін болды. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (ҚСжАЕК) деректеріне сәйкес 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бірінші сатыдағы соттарға мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға қатысты шамамен 17,2 мың әкімшілік іс түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қаңтар–маусым айларымен салыстырғанда, 9,3%-ға көп. Мұндай істердің басым бөлігі (99,7%) — мемлекеттік компаниялардың немесе жекелеген шенеуніктердің іс-әрекеттеріне қатысты талап-арыздар.
Қазақстандықтар көбінесе қай мемлекеттік органдарға қарсы сотқа жүгінеді? Бірінші сатыдағы соттарда қаралатын әкімшілік істердің басым бөлігі әкімдерге, әкім аппараттарына немесе әкімдіктердің қарамағындағы ұйымдарға қатысты істер. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚСжАЕК есептерінде осындай 5,7 мың іс тіркелген. Мұндай істер бір жыл ішінде айтарлықтай 23,7%-ға артты. Демек, жергілікті билік пен қоғам арасындағы дауларды сотқа дейін шешу жұмысының тиімділігі төмендеп барады.
Талап-арыздардың саны бойынша екінші орында Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы тұр. Алты айдың ішінде олардың заңсыз әрекеттеріне және/немесе әрекетсіздігіне байланысты сотқа 4,7 мың талап-арыз түскен. Азаматтар талап-арыз жиі түсіретін мемлекеттік органдардың үштігіне ҚР Қаржы министрлігі де ілікті. Министрліктің мұндай «беделге ие болуына» оған бағынышты Мемлекеттік кірістер комитетіне қарсы берілген 1,5 мың талап-арыз себеп болды.
Жарты жыл ішінде ешбір сот талап-арызы түспеген орталық мемлекеттік органдар тізіміне Сенат пен Парламент Мәжілісі , конституциялық сот аппараты кірді.
Даулардың түрлері бойынша ең жиі кездесетіні — сот орындаушыларына қатысты істер. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында олардың үлесі жалпы істер санының 29,4%-ын құрады. Абсолюттік көрсеткішпен алғанда, бұл — 5 мыңнан сәл асатын әкімшілік істер (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 12,7%-ға көп). Екінші орында — жер дауы. Алты ай ішінде қазақстандықтар жердің меншікке немесе жалға берілуіне қатысты келіспеушіліктер үшін шенеуніктерге қарсы 1,8 мың рет сотқа жүгінген. Ең көп таралған даулардың үштігіне мемлекеттік сатып алуларға қатысты істер де енді: 1,8 мың іс, өткен жылмен салыстырғанда, 54%-ға көп. Тамыз айының ортасында мердігерлердің неге мемлекеттік органдарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша сотқа береті туралы толық жазған болатынбыз.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік органдарға қарсы сот істерінің динамикасын қарастырсақ, мүліктік даулар бойынша талап-арыздардың саны 3,2 есе, сәулет және қала құрылысы саласындағы істер 33,4%-ға, сондай-ақ құқық қорғау саласында даулардың саны 16,3%-ға өскен.
Соңғы жылдары қазақстандықтардың шенеуніктерге қарсы сотқа жүгінуі айтарлықтай артты. Көпжылдық динамика бойынша әкімдіктер мен министрліктерге қарсы сот істері екі есе өскен. Егер 2021 жылы мемлекеттік органдарға қарсы небәрі 14,5 мың талап-арыз берілсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 32,9 мыңға жетті.
Енді шенеуніктерге қарсы сот істерінің нәтижелерін қарастырайық. Айта кетейік, берілген талап-арыздардың бәрі бір кезеңде қаралмайды, кейде олардың қаралуы кейінге шегеріледі. Бұдан бөлек, олардың бір бөлігі даудың реттелгеніне, бітімгершілік келісімге келуге немесе өзге себептерге байланысты талапкерлерге қайтарылады. Мысалы, биылғы қаңтар–маусым айларында берілген 17,2 мың талап-арыздың тек үштен бірі — 5,1 мыңы шешім шығару арқылы қаралды. Бұл істердің 53,6%-ы талапкерлердің мүддесіне шешілді. Ал қаралған істердің жартысына жуығын сот қанағаттандырмады.
Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік органдарға қарсы жеңіп шыққан істердің үлесі әр ведомствода әртүрлі. Мысалы, әкімдіктерге қарсы талап-арыздардың 65,7%-ы талапкерлердің пайдасына шешілді. Бас прокуратураға қарсы сот ісінде жеңіп шығу мүмкіндігі аз: бірінші сатыдағы сот істердің небәрі 7,7%-ын талапкерлердің пайдасына шешкен.
Азаматтардың немесе компаниялардың құқықтары бұзылған жағдайда, іс нәтижесіз аяқталса да, мемлекеттік органдардың кейбір қызметкерлері өз басшылығының тарапынан жеке жауапкершілікке тартылумен қатар, сотта қателіктері немесе заңсыз әрекеттері үшін де жазаланған. Оларға процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде айыппұл қолданылған. Бірнеше жылдық деректер көрсеткендей, сот тарапынан осындай жазаны әр жыл сайын 200-ден астам шенеунік алады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мұндай шаралар мемлекеттік органдардың 79 қызметкеріне қолданылған.