21–22 тамыз аралығында Қостанайда Qostanai Investment Forum 2025 өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ол - цифрландыру, инновациялар және түрлі экономикалық салаларда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдануға арналған өңірлік деңгейдегі басты алаңға айналды. Айтулы іс-шара озық технологияларға инвестиция тартуға, стартаптарды қолдауға және цифрлық трансформацияны жеделдетуге бағытталған ең ауқымды іс-шара болды.
Форум жұмысына цифрлық даму вице министрі Дмитрий Мун, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсакалов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы басқарушысы Ренат Бектұров, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Алешко Симкич, KIA Kazakhstan компаниясының бас директоры Ким Дэ Ки, сондай-ақ IT-компаниялар, халықаралық ұйымдар мен венчурлық қауымдастық өкілдері қатысты.
Вице министр Дмитрий Мун Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамыту жайлы баяндады. Ол өз сөзінде ұлттық суперкомпьютерлік инфрақұрылымды құрудан бастап, мемлекеттің цифрлық қызметтеріне ЖИ сервистерін енгізу, стартаптарды және мамандарды қолдауға дейінгі бастамаларды атап өтті. Ол Qostanai Hub сынды өңірлік бастамалар елдегі цифрлық трансформация стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі екенін ерекше атап өтті.
«Qostanai Hub жоғары нәтижелер көрсетуде: Startup Garage бағдарламасы бойынша өңір келіп түскен өтінімдер саны бойынша Астана мен Алматыдан кейін үшінші орынды алды» Дмитрий Мун
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде агроөнеркәсіп кешені, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және мал шаруашылығында ЖИ ді қолдану үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Осылайша, ауыл шаруашылығында «ақылды ауылшаруашылық» және «цифрлық ветеринар» концепциялары енгізілсе, ТКШ жүйелерінің жылу желілерін ЖИ технологиялары арқылы диагностикалау ұсынылып отырған көрінеді.
METOS компаниясының басшысы Sergiu Smocinschi ЖИ ді ауылшаруашылық дақылдарының ауруларын болжау және өнімділікті арттыру үшін қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Ал, Қазақстанның IT компаниялар Ассоциациясының президенті Ирина Сулименко «цифрлық ветеринар» жүйесін таныстырып, оның фермаларда аурулардың алдын алуға және өнімділікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Сол сияқты форум аясында қазақстандық EasyTap стартапы таныстырылды. Ол – бөлшек сауда және HoReCa салаларында сағаттық жұмысшыларды онлайн түрде табуға мүмкіндік беретін қызмет болып табылады.
Сол күні Qostanai Hub жастар кәсіпкерлеріне арналған бастамалар, оның ішінде Pizza Pitch атты ашық алаң ұйымдастырды. Онда қатысушыларға түрлі идеялар таныстырылып, стартаперлер өз жобаларын инвесторларға ұсынды.
Qostanai Investment Forum 2025 өңірдің цифрландыру, ЖИ және озық технологияларды экономика мен әлеуметтік салаға енгізуге деген талпынысын айқындады . Цифрлық даму министрлігі өңірлерде IT-экожүйені нығайтуға және жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бастамаларды одан ары қолдау жұмысын жалғастыратын болады.