Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда экономикалық теңсіздік жағдайы оңала қойған жоқ.
Бұған халықтың ең кедей 10%-ы мен ең ауқатты 10%-ының табысы бойынша жасалған статистикалық деректер дәлел. 2019 жалдан 2023 жылды қоса алғанға дейін бұл екі топтың табыс алшақтығы 5,9–6 есе болса, өткен жылы рекордтық 6,2 есеге жетті.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мамандары халықтың табысын есептегенде, бүкіл халықты децильдік деп аталатын 10 топқа бөледі. Бұл орайда кедейлер қатарына халықтың ең төменгі 10%-ын ғана емес, одан кейінгі кемінде төрт топты да қосуға болады. Бұл топтарда жан басына шаққан табыс тіпті 85 мың теңгені құрайтын ең төменгі жалақыға да жетпейді. Ел бойынша барлық табыстың тек 30,2%-ы ғана халықтың осы шартты жартысына тиеді.
Статистика мынаны растайды: Қазақстанда кірістің көп бөлігі азғантай топқа тиесілі. Мысалы, ең ауқатты 10% қазақстандық елдегі жалпы табыстың бірден төрттен бірін (24,1%) алады. Маңызды дерек: ҰСБ деректеріне сүйенсек, халықтың осы 10%-ына айлығы 181,3 мың теңгеден 1,6 миллион теңгеге дейін жететін жандар кіреді. Айырмашылық өте үлкен. Шынымен де, 181,3 мың теңге алатын адамды «ауқатты» деуге бола ма? Осы 10%-дың ішінде нағыз дәулеттілердің үлесі үлкен емес деуге болады.
Қазақстандағы ауқатты азаматтардың шамамен қанша екенін анықтаудың тағы бір тәсілі — барлық жалдамалы жұмысшыларды айлық көлеміне қарай бөлу. Мамандар жасаған есеп тек жалдамалы жұмысшылар арасындағы экономикалық айырмашылықты көрсетеді. Бұл статистикада өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын кәсіпорындарда (қызметкерлері 100 адамға дейін) жұмыс істейтіндер ескерілмеген. Сонымен, ҰСБ деректеріне сәйкес өткен жылы еңбекақысы 1 млн теңгеден асқан қазақстандықтардың үлесі 3,3%-ды немесе 112,1 мың адамды құрады. Ал айлығы 100 мың теңгеге дейін жеткендердің саны бұдан бес есе көп болды, бұл — 210,6 мың адам, яғни, жалдамалы жұмыскерлердің жалпы санының 6,1%-ы. Өткен жылы ең көп үлесті 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін айлық алатындар (23,9%) және 200 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін табысы барлар (23,2%) құрады.
Айлығы 1 млн теңгеден асатын қызметкерлер ең жоғары жалақы төленетін экономика саласында көп болды. Мысалы, қаржы және сақтандыру қызметі саласында осындай жалақыны жалдамалы қызметкерлердің 13,9%-ы, ал ақпарат және байланыс секторында 12,6%-ы алды. Сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызметпен айналысатын компанияларда да мұндай еңбекақы алатындардың үлесі жоғары — 10,1%-ды құрады. Ал шенеуніктер арасында айлығы 1 млн теңгеден асатындар өте аз: бар болғаны 0,7%-ға тең.
Айлығы 100 мың теңгеге дейін ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің ең көбі әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында (18,4%) және ауыл шаруашылығы секторында (12,2%). Экономиканың көп саласында ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейінгі аралықта болды.
Табыс деңгейінің біркелкі бөлінбеуі тек экономика салаларына ғана емес, өңірлерге де байланысты байқалады. Төменде берілген кестеде ең төмен жалақы алатын жалдамалы жұмысшылар мен айлығы 1 млн теңгеден асатын жұмысшылардың үлесі көрсетілген. Бұл статистика дамыған мұнайлы өңірлер, мегаполистер мен экономикалық тұрғыдан артта қалған оңтүстік және солтүстік облыстар арасындағы айырмашылықты айқын көрсетеді.
2024 жылы миллионер қызметкерлердің ең көп үлесі Маңғыстау облысында (14,5%) және Атырау облысында (11,5%) тіркелді. Мұнайлы өңірлерден аздау болғанымен, Алматыда (6%) және Астанада (4,8%) айлығы 1 млн теңгеден асатындардың үлесі аз емес.
Жалақы мөлшері 100 мың теңгеге дейінгі қазақстандықтардың үлесі бойынша Түркістан (11,1%), Солтүстік Қазақстан (10,3%) және Жамбыл (10%) облыстары ең төменгі көрсеткішке ие. Айта кетерлігі, биылғы жылдың бірінші тоқсанында кедейлер ең көп тіркелген өңір Түркістан облысы болды: мұнда табысы күнкөріс минимумынан төмен халықтың үлесі 8,1%-ды құрады, ал республика бойынша орташа көрсеткіш 4,5%-ға тең. Аталған оңтүстік өңірде 175 мыңнан астам отбасы адам басына шаққанда айына 52,5 мың теңгеге дейінгі табысқа күн көріп отыр.
Кедейлер мен «шартты түрде ауқаттылардың» жұмсайтын шығынында қандай айырмашылық бар? Бұған дейін айтқанымыздай, ең ауқатты 10%-дың ішінде орта таптың үлесі көп болғандықтан, олардың шығыны аз қамтылғандардан аса қатты ерекшеленбейді. Мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында екі топ та тұтынушылық шығындарының көп бөлігін азық-түлікке жұмсаған. Аз қамтылған отбасылар өз бюджетінің 60,6%-ын тамаққа жаратса, ал ең ауқатты 10% бұл мақсатқа 51,7%-ын жұмсаған. Ал өмір сүру деңгейі әлдеқайда жоғары Еуропа елдерінде азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі небәрі 8–12%-ды құрайды.
Төменде келтірілген деректер ең кедей және ең ауқатты қазақстандықтың арасындағы айырмашылықты растайды. Ауқатты адамдар көбінесе кафе мен мейрамханаларда тамақтанып, тұтынушылық шығындарының 3,4%-ын осы мақсатқа жұмсайды. Ал аз қамтылғандар мұндайды өздеріне рұқсат ете алмайды, дайын тағамға тек 0,8% бюджетін жұмсайды. Сондай-ақ ауқатты адамдар алкогольге қаражатының 0,9%-ын жұмсайды, ал аз қамтылған жандарда бұл көрсеткіш 0,2% құрайды.
Екі топта да ақылы қызметтерге кететін шығын үлесі шамамен бірдей: кедейлерде — 20,7%, ауқаттыларда — 21,8%. Алайда ең ауқатты 10% қазақстандықтарда кредитке байланысты ауыртпалық әлдеқайда жоғары. Мәселе олардың кредитті жиі және көп алуында емес, олардың тұтынушылық шығындарындағы кредиттік төлемдерінің үлесі едәуір жоғары — 11,5%, ал аз қамтылғандарда — 3,6%.