Түркістан облысында вегетация кезеңі аяқталып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңірдегі шаруа қожалықтары суармалы суды дер кезінде жеткізіп отырғаны үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыстарын білдіріп жатыр.
Қазіргі таңда Ордабасы, Сауран және Отырар аудандарындағы мақта алқаптарын суару аяқталды. Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында да суару жұмыстары аяқталуға жақын.
Вегетация кезеңінде министрлік жұмыс топтарын құрғанын еске сала кетейік. Жұмыс топтары оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайын бақылап отырды. Сондай-ақ мамандар суармалы судың әділ бөлінуін қадағалап, каналдар арқылы кезекпен су беру кестелерін бекітті және заңсыз су алу деректерін анықтау үшін тексерулер жүргізді.
Шаруалар су саласы мамандарының еңбегін жоғары бағалап отыр.
«Биыл аптап ыстыққа байланысты жұмысты ертерек бастадық. Шілденің 1-інен бастап су алдық. Біздің 22-ші каналда 4200 гектарға жуық жер бар. Соның 3100 гектары мақта. Егістікті уақытылы суардық. Суға қатысты жұмысқа атсалысқан барлық азаматқа рақмет, соның ішінде Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыс айтамын» Шаруа Қалмырза Бейсенбаев
Түркістан облысындағы шаруалар су жеткізу сапасының жақсарғанын да атап өтті.
«Алдыңғы жылдары бұл жерлер сорғымен суарылатын. Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары қабылдаған шаралардың арқасында су сорғысыз, өз ағынымен суарылып жатыр» Жетісай ауданындағы «Агро-Бірлестік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Төрехан Дүйсенбиев
«Биыл өнім мол. «Қазсушардың» уақытылы су жеткізгенінің арқасында ешқандай қиындық болған жоқ. Су мен техника жағынан да мәселе туындамады. Тіпті биыл жазда температура 50 градусқа жетсе де, мол өнім алдық. Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымды білдіремін» Шаруа Хахрамон Жұмаев