Сиыр етін экспорттауға енгізілген квота тетігі қазақстандық шаруаларға қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде сыртқы жеткізілімдерді жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте экспортқа толық тыйым салынған жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мұндай шешімді ведомствоаралық комиссия теңгерімді әрі ұтымды шара ретінде қабылдады.
Жыл соңына дейін жеткізуге қатысты қолданыстағы келісімшарттары бар экспорттаушылар өз міндеттемелерін орындауды жалғастыра алады. Бұл шетелдік өткізу нарықтарын сақтап қалуға, жеткізілімдердің үзілуіне жол бермеуге және Қазақстанның сенімді жеткізуші ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ерекше атап өтер жайт: алаңдауға себеп жоқ – экспорт жоспарлы режимде жалғасады.
Айта кетерлігі, елде сиыр еті тапшылығы жоқ. Бүгінде ірі қара мал басы 8,7 млн басқа жетіп, оның ішінде 4,5 млн сиыр тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артық. Төл алу көлемі де айтарлықтай өсіп, 2,7 млн бұзауға жетті (өсім 17,9%). Бұл көрсеткіштер өндіріс көлемін одан әрі арттыруға негіз қалайды.
1 тамыздан бастап айналым қаражатын толықтыру үшін бордақылауға арналған мал сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл шара әсіресе шағын шаруашылықтар үшін маңызды, себебі олардың мал басын көбейтуге ынталандырады.
Сонымен қатар бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына тапсырылған әр килограмм ірі қара үшін 300 теңгеге дейінгі көтерілген субсидия нормасы өндірістің өсуіне қосымша серпін береді.
Ерекше көңіл австралиялық технология бойынша ет кластерлерін дамытуға бөлінуде. Бұл – бордақылау, сұрыптау және экспортқа шығару бойынша заманауи тәсіл, ол вертикальды интеграцияланған шаруашылықтардың қалыптасуын қамтамасыз етеді. Өткен жылы пилоттық жоба аясында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. Биыл да 11,7 млрд теңгеге 4 жоба қолдау тапты.
Қолданылып отырған шаралар Қазақстанға ішкі нарықты сапалы сиыр етімен тұрақты қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті де сақтауға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемдері мен қолдау шаралары ішкі сұранысты толық қамтып, экспорттық міндеттемелердің орындалуына кепілдік береді.