Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекет жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Елде медициналық нысандарды кең ауқымда жаңғырту жүргізілуде.
Тек «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, жыл соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалаларда жаңа ірі орталықтар іске қосылды, олардың қатарында Астанадағы онкоорталық пен Алматыдағы Жұқпалы аурулар ғылыми орталығы бар.
Президент тек құрылыс қана емес, жаңа медициналық нысандарды тиімді іске қосу қажеттігін, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы жеке инвесторлардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды екеніне тоқталды. Пандемиядан кейін стратегиялық басымдыққа айналған фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар, инфрақұрылымдық өзгерістермен бірге денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешу маңызды. Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджеттік реттеуші рөлін атқарып отыр, алайда ресурстарды тиімді басқару үшін бұл жеткіліксіз. Осыған байланысты медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологиялары арқылы қадағалайтын жаңа жүйе құру тапсырылды.
Бұл тұрғыда жасанды интеллект тек диагностиканың құралы ғана емес, денсаулық сақтауды басқарудың бүкіл жүйесінің тірегіне айналмақ. Алгоритмдер үлкен деректер ауқымын талдап, тиімсіз шығындарды анықтауға, пациенттердің қажеттілігін болжауға және шығыстардың ашықтығын арттыруға қабілетті.
Қазақстан жүйелі түрде цифрлық медицинаға көшу жұмыстарын жүргізуде: есеп жүргізу ақпараттық жүйелері енгізілген, телемедицина дамып келеді, ұлттық деректер базалары құрылуда.
Бүгінде ең көп сұранысқа ие медициналық анықтамалардың сегіз түрі (жүргізушілікке рұқсаттан бастап, еңбекке жарамсыздық парағына дейін) цифрландырылды. Жыл басынан бері ақпараттық жүйелерде осындай 4,7 млн-нан астам құжат тіркелді. Бұл дәрігерлердің қағазбастылығын 40%-ға азайтып, пациенттердің мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін едәуір жеңілдетті. Face ID арқылы пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы орынсыз тағайындауларды 6%-ға қысқартып, 4,7 млрд тең қаржыны үнемдеген. Жуық арада диагностиканы оңтайландыруға және қателерді азайтуға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі «дәрігердің көмекшісі» енгізіледі.
Халықаралық тәжірибе Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде цифрлық шешімдерді енгізу:
- қашықтан емдеу мен ауруларды басқару ауқымын кеңейтті;
- емдеуді үйлестіруді жақсартты;
- электрондық рецептілерді енгізуге жол ашты.
Дүниежүзілік экономикалық форум жасанды интеллект бүкіл әлем бойынша миллиондаған медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігін шеше алады деп атап айтты. Осы жағдайларда біздің стратегиялық міндетіміз цифрландыруды кешенді реформаға айналдыру болмақ. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер денсаулық сақтау жүйесінің тірегіне айналуы тиіс. Президенттің айтуынша, медицина саласын жаңғыртудың негізгі қозғаушысы цифрландыру мен жасанды интеллект болуы керек, олар оның тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Бибигуль Омирбаева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы