968
Фотосурет: Ұлттық ұлан

«Бұл бала генерал болады…» Кезінде ауылдағы қара шаңырақта айтылған осы бір ауыз сөзді ешкім тағдырдың жазуына айналады деп ойламаған шығар.

Бірақ Қазығұрттың етегіндегі Шанақ ауылында дүниеге келген қара баланың жүрегіне атасының сол сенімі ерте ұялаған еді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жылдар өтті... Президенттің қатысуымен өткен салтанатты жиында сап түзеген үздік түлектердің арасынан курсант Ғаламат Нышанбектің есімі аталған сәтте, бәлкім, оның көз алдынан балалық шағы бір сәтке көлбеңдеп өте шыққан болар. Атасының ақ батасы, кітапханашы анасының тәрбиесі, көлік инспекциясында еңбек еткен әкесінің өнегесі, әскери форма киюді армандаған бала күнгі қиялдары…

Ал дәл сол сәтте Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев оған алғашқы офицерлік аға лейтенант шенін табыстады.

Үздіктер қатарындағы Ғаламаттың әскери жолы академия қабырғасынан емес, балалық арманнан басталды. Бесінші сыныпта жүргенде-ақ әскери мектепке түсуді мақсат еткен ол тағдырын әскери өмірмен байланыстыратынын анық білді. Кейін Шымкенттегі республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушісі атанып, әскери өмірдің алғашқы баспалдақтарынан өтті.

«Жас Ұландағы» жылдар оны тәртіпке үйретсе, Ұлттық ұлан академиясы офицер ретінде қалыптастырды. Суық желмен бетпе-бет келген далалық жиындар, ұйқысыз өткен оқу түндері, тасқын судың алдын алу жұмыстары, палаткаға айналған оқу сыныптары – мұның бәрі жас жігіттің мінезін шыңдаған сынақтар болатын.

Алайда Ғаламат қиындық туралы айтқанда өзінің жетістігін емес, жанындағы жолдастарын еске алады. Оның айтуынша, 243-оқу тобы бір-біріне сүйенген шағын отбасы секілді еді. Сол ұйымшылдық талай ауыр кезеңді жеңуге көмектесті.

Жас курсанттың үздік түлектер қатарына қосылуы кездейсоқ жетістік емес. Әскери ортада адамның білімі ғана емес, мінезі де бағаланады. Ол курсант кезінен-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен және көшбасшылық қасиетімен ерекшеленді. Командирлердің сеніміне ие болып, бөлімше командирі ретінде жолдастарына бағыт-бағдар көрсетті. Оқу үлгерімі мен әскери даярлықтағы нәтижелері де оның үздіктер қатарынан көрінуіне негіз болды.

Ол бірінші курста жүргенде Президент қолынан шен алу туралы естіген. Бірақ жүздеген курсанттың арасынан үздік атану қол жетпес армандай көрінген. Дегенмен оның өмірлік ұстанымы басқа болатын.

 – Президент қолынан шен алған сәтте ең алдымен ата-анам есіме түсті. Себебі бұл жетістік тек менің емес, маған сенген жандардың еңбегі мен үмітінің нәтижесі деп есептеймін. Сол сәтте курсант болып академия табалдырығын алғаш аттаған күнім көз алдыма келді, – дейді жас офицер.

«Үмітсіз адам тамыры өлген ағашпен тең». Осы сөз оны алға жетеледі. Әр жаттығуда, әр емтиханда, әр жауапты тапсырмада осы сөз ой төрінде тұрды.

Петропавл төріндегі Ұлттық ұлан академиясы – болашақ офицерлердің кәсіби ғана емес, азаматтық ұстанымы қалыптасатын орта. Мұнда курсанттар әскери ілімді меңгеріп қана қоймай, жауапкершілік пен төзімділіктің, тәртіп пен көшбасшылықтың мектебінен өтеді.

Ұлттық ұлан академиясы - мінезді шыңдайтын үлкен өмір мектебі. Мұнда әр курсант таңғы саптан бастап кешкі өзіндік дайындыққа дейін қатаң тәртіппен өмір сүреді. Болашақ офицерлер аудиторияда теориялық білім алып қана қоймай, тактикалық дайындықта, далалық жиындарда, жауынгерлік машықтарды жетілдіру барысында сыннан өтеді. Осындай ортада әркімнің шынайы болмысы ашылады: біреуі қиындыққа мойыса, енді бірі жауапкершілікті арқалап, өзгеге тірек бола біледі. Ғаламат та төрт жыл ішінде осы сынақтардың бәрінен өтіп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара алатын, жеке құрамды соңынан ерте білетін жас офицер ретінде қалыптасты. Ғаламат үшін де академия қабырғасында өткен төрт жыл өмірдің жаңа белесіне айналды.

Бүгінде аға лейтенант Ғаламат Нышанбек үшін Президент қолынан шен алу – меженің соңы емес, жаңа жауапкершіліктің бастауы. Өйткені кезінде атасы айтқан сенім енді оның өз иығына жүк болып артылды.

Ал үлкен армандарға сенетін ауыл баласы үшін бұл жолдың әлі талай белесі алда.

Жанерке Мұратқызы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -