Қазақстандағы халықтың қартаюы — соңғы жылдары әлемнің көптеген еліне де ортақ тақырып. Егер XX ғасырдың орта шенінде елдің демографиялық құрылымы жас болып саналса, бүгінде қарттардың үлесі де артуда.
Биылғы жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде 60 жастан асқан 2,8 миллион адам бар. Бір жыл ішінде олардың саны 3,7%-ға өсті. Жалпы алғанда, қарт адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді: 2010 жылдан бері орташа жылдық өсім 3,8%-ды құрайды.
Абсолюттік көрсеткіштердің артуымен қатар салыстырмалы көрсеткіштер де артып келеді. Биылғы жылдың басында 60 жастан асқан адамдардың үлесі ел халқының жалпы санының 13,9%-ын құрады, көрсеткіш жыл сайын артып отыр, бұл халықтың қартаю үдерісін растайды. Мәселен, 2023 жылдың басында қарттардың үлесі 13,6% болса, 2020 жылдың басында 12%, ал 2010 жылдың басында 9,8% болды.
Гендерлік тұрғыдан алғанда жағдай мынадай: қарт әйелдердің үлесі 16,4%-ды, ал қарт ерлердің үлесі 11,3%-ды құрайды. Екі жағдайда да өсім байқалады.
Қазақстанда қарт тұрғындардың саны халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығымен қатар өсіп келеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып отыр, тек коронавирус пандемиясы кезеңінде ғана азайды. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,44 жылды құрады (2023 жылдың қорытындысы бойынша — 75,1 жыл).
Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 79,42 жылға дейін (өткен жылы 79,06 жыл болды), ерлерде 71,33 жылға дейін (өткен жылы 70,99 жыл болды) ұзарды.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) секілді халықаралық агенттіктер халықтың қартаюын маңызды демографиялық мәселе деп бағалайды. Әлем бойынша өмір сүру ұзақтығы 1913 жылы 34 жастан 2022 жылы 72 жасқа дейін өсті, бұл ұзақмерзімді үрдіс алдағы уақытта да жалғасады деп болжануда. Десе де, 1970 жылдан 2020 жылға дейін туу көрсеткіші барлық елде төмендеді. БҰҰ мен ДДҰ құрылған кезде 15 жасқа дейінгі балалардың саны 65 жастан асқан адамдардың санынан жеті есе көп болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен теңеседі деп күтілуде. 2000 жылдан 2050 жылға дейін 80 жастан асқан адамдардың үлесі төрт есе ұлғайып, әлем халқының шамамен 5%-ын құрайды деп болжануда.
«Мұндай өзгерістер алдағы он жылда денсаулық сақтау, әлеуметтік әрі экономикалық салаларда жаңа мәселелерді туғызады», — деп атап өтті ХВҚ сарапшылары.
Айта кетерлігі, БҰҰ мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда қарт адамдардың саны алдағы уақытта да өседі.
Халықтың қартаюы мәселесінде зейнетақы жүйесінің маңызы ерекше. Қарттардың саны көбейіп, өмір сүру ұзақтығы артқан сайын медициналық және әлеуметтік қызметтерді жақсартумен қатар, зейнетке шыққаннан кейін сенімді қаржылық құрылым қалыптастыру маңызды.
Зейнетақы тек әлеуметтік төлем болып қана қоймай, қартайған шақта адамның экономикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін кепілге айналады. Сондықтан Қазақстан үшін демографиялық мәселелерге бейімделе алатын заманауи әрі тұрақты зейнетақы жүйесін дамыту маңызды.
Қазақстандағы маңызды құрылымдардың бірі — 25 жылдан астам уақыт бұрын енгізілген жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Бұл жүйе бойынша әрбір азамат өз зейнетақы жинағын жеке есепшотында қалыптастырады, ал қаражат қосымша кіріс әкелетін және инфляциядан қорғайтын инвестицияларға бағытталады. Мұндай тәсілдің бірқатар артықшылықтары бар:
- зейнеткерлер саны артқан жағдайда мемлекеттік бюджеттің жүктемесін азайтады;
- еңбек қызметі мен болашақ зейнетақы төлемдерінің деңгейі арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз етеді;
- азаматтарға зейнет жасына дейін өзінің қаржылық қорын өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік береді;
- зейнетақы активтерін экономикаға инвестициялауға мүмкіндік береді, бұл оның дамуына ықпал етеді.
Қазіргі таңда елімізде көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істеп тұр, бұл жүйе халықтың қартаюына байланысты мәселелерді тиімді шешуге және азаматтардың зейнетке шыққаннан кейін лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі, әсіресе оның жинақтық бөлігі, қазіргі таңда ерекше өзектілікке ие, себебі демографиялық жүктеме коэффициенті өсіп келеді. Бұл көрсеткіш — еңбекке жарамды әр мың адамға шаққандағы зейнеткерлік жастағы азаматтардың саны. Жыл сайын бұл коэффициент артып келеді: 2024 жылы еңбекке жарамды әр мың адамның 212-сі зейнеткерлік жасқа жеткен адам.
Әлемдік тәжірибе жинақтықтаушы жүйелердің тиімділігін растап отыр: халықтың қартаюы көптеген елдердің үкіметтерін осы жүйелерді енгізуге итермеледі. Егер 2000-ыншы жылдардың басында әлемдегі зейнетақы жүйелерінің шамамен 70%-ы бөлуші типке жатса, ал бүгінде жинақтаушы компоненті бар жүйелер басым. Қазақстан осы бағытта аймақтағы алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып табылады, қазіргі уақытта зейнетақы моделін жетілдіру бойынша түрлі шаралар қабылдануда — инвестициялық құралдарды әртараптандыру, зейнетақы жинақтарын әлеуметтік маңызды мақсаттарға пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылуда.