Қарағанды университетінде академик Бөкетовтың мерейтойы аталып өтті

979
Фотосурет: Gov

26 қыркүйек күні академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде ұлттың біртуар тұлғасы, ғалым, жазушы, аудармашы, публицист, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына арналған «Е.А.Бөкетовтің ғылыми көкжиектері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Евней Бөкетовтің мерейтойы аясында жыл бойы ел ішінде және шетелде бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде өткен «Бөкетов күні». Қарағандыдағы халықаралық конференция осы мерейтойлық іс-шаралар топтамасын қорытындылады.

Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойы университет аясында ғана емес, ұлттық ғылым мен руханият үшін де тарихи белес болып отыр. Мерейтой аясында «Танымал оқиғалар мен тұлғалар» топтамасынан шыққан «E.BÓKETOV. 100 JYL» коллекциялық монетасы мен қайраткердің өмір жолы мен еңбегін айғақтайтын көптомдық «Шығармалар жинағы» жарық көрді.

Мерекелік жиынның басында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университетке ұлттық мәртебе берілуіне орай жолдаған құттықтауын оқыды. Ал ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің ізгі тілегін Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы жеткізді.

Басқарма төрағасы – Ректор Н.О.Дулатбеков өз сөзінде академиктің ғылым мен ел болашағындағы орнын айрықша атап өтті:

«Евней Арыстанұлы Бөкетов – заманы өзгерсе де, асқақ идеясы мен адами қағидатынан айнымаған қайсар ғалым. Оның ғұмыры – өнеге, еңбегі – бағдар, мұрасы – келешекке шамшырақ», – деді ол.

Ауқымды жиынға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімі, шетелдік және отандық ғалымдар, белгілі түлектер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Е.А.Бөкетовтің ұрпақтары қатысты. Ғалымның қызы, техника ғылымдарының докторы, профессор Ақсұлу Бөкетова алғысын білдіре отырып,

«Бұл мерейтой – біздің әулет үшін ғана емес, барша ел ғылымы мен мәдениеті үшін де рухани тағзым, әкемнің ғылымға, білім мен мәдениетке арнаған ұлы еңбегін ұлықтау», – деп атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -