Елордада Қазақстан халқына арналған Президент Жолдауын талқылау жалғасып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осындай кездесулердің бірінде Maqsut Narikbayev University жанындағы Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева студенттерге бағдарламалық құжатта белгіленген негізгі міндеттер жөнінде әңгімелеп берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Maqsut Narikbayev University проректоры, PhD докторы Арман Пірзадаев, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының уақытша міндетін атқарушы Даниэль Сержанов, профессор-оқытушылар құрамы, сарапшылар және университет студенттері қатысты.
«Президенттің 8 қыркүйекте жариялаған Жолдауы тек стратегиялық бағытты айқындап қана қоймайды, ол Конституциялық және құқықтық кеңістіктегі терең өзгерістерді бекітеді», — деп атап өтті Әлия Оразбаева.
Ол конституциялық реформамен, билік жүйесін қайта құрумен және құқықтық жүйені дамыту мәселелерімен тікелей байланысты негізгі басымдықтарға тоқталды.
Бірінші басымдық – Парламенттің жаңа форматы. Президент Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшу мүмкіндігін талқылауды тапсырды. Қазіргі екі деңгейлі құрылым заң жобаларын қабылдау барысында белгілі бір «буфер» қалыптастырады: қоғамға да, сарапшыларға да нақты қай тұста кідіріс туындағанын немесе кімнің жауапты екенін түсіну қиын. Ал бір палаталы модельде мұндай «екі деңгейлі сүзгі» болмайды. Барлық заң жобасы бір палатаның ішінде талқыланып, қабылданады, сондықтан үдеріс қоғам үшін барынша ашық әрі түсінікті болады», – деп түсіндірді институт директоры.
Мысал ретінде ол Швеция, Дания, Эстония секілді бір палаталы парламенті бар мемлекеттердің тәжірибесін келтірді.
Екінші басымдық – өңірлердің қаржылық дербестігі. Бұл бюджетаралық қатынастарды децентрализациялауды күшейтуді және өкілеттіктерді жергілікті өкілді әрі атқарушы органдарға көбірек беруді білдіреді.
«Мұндағы нақты нәтиже неде? Азаматтар өз салықтарының жергілікті жерде қалай жұмсалып жатқанын көре алады және Конституцияда бекітілген құқықтары аясында есеп беруді талап ете алады. Бұл тек биліктің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғамның құқықтық қорғалуын да күшейтеді», – деді ол.
Спикер үшінші басымдық ретінде студенттердің назарын Жер кодексі мен цифрлық кадастрға аударды.
«Президент: «Жер ресурстары ашық бөлінуі тиіс. Барлық конкурс электронды форматта өтеді», – деп атап көрсетті. Мұндай бастаманың құқықтық маңызы – жариялылық пен тең қолжетімділік қағидатын тікелей заң жүзінде бекіту.
Процестерді цифрлық кадастр арқылы автоматтандыру лауазымды тұлғалардың еркін шешім қабылдау мүмкіндігін жояды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», – деді Әлия Оразбаева.
Төртінші басымдық ретінде ол жаңа Салық кодексін атады. Жаңа кодекс қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Салық нормаларын жеңілдету кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайтып, олардың міндеттемелерін болжамды әрі ашық етеді.
Сонымен қатар, жаңа кодекс жергілікті бюджеттерге жеткілікті кіріс көзін қамтамасыз етіп, өңірлер өз функцияларын толыққанды орындай алатындай болуы қажет.
«Бесінші басымдық. Президент: «Саланы орнықты, ашық әрі қауіпсіз дамыту үшін берік заңнамалық негізді жаңа Құрылыс кодексі қалыптастыруы тиіс», – деді. Бұл дегеніміз, жаңа Құрылыс кодексі цифрлық жобалауды енгізеді деген сөз. Құрылысты бақылаудың ашық жүйесі жасалады. Ең алдымен, құрылыс сапасы артады, мерзімдері қысқарады. Барлық үдеріс әр кезеңде қатаң қадағаланып отырады. Мектептер, жолдар, ауруханалар – бәрі цифрлық бақылаумен салынады», – деп атап өтті зерттеу институтының басшысы.
Сонымен бірге ол Президенттің банк заңнамасы мен цифрлық активтерге қатысты қойған міндеттерін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Банктер және банк қызметі туралы» заң нақты секторды несиелеуді қолдау мақсатында өзгереді. Цифрлық активтер мен цифрлық теңге туралы заң қабылданады.
«Егер Қазақстан Президент айтқандай цифрлық теңгені кеңінен қолданысқа енгізіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құрса, мемлекет бюджет қаражатын мақсатты бағытта пайдалану құралына ие болады (мысалы, стипендия, жәрдемақы, әлеуметтік жеңілдіктер). Бұл ашықтықты күшейтіп, азаматтардың мемлекеттік бағдарламаларға сенімін арттырады және ең маңыздысы – цифрлық экономикаға инвестиция тартуға жол ашады», – деп түсіндірді спикер.
Ол сондай-ақ Президент айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттіліктің мызғымас тірегі екенін атап өтті.
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт ретінде спикер цифрландыру мен жасанды интеллектті атады.
«Президент жаңа технологиялар қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс екенін ерекше айтты. Оның артықшылықтары көп: мысалы, мемлекеттік қызметтерді жеделдету, құжаттар мен өтініштерді жасанды интеллект арқылы жылдам өңдеу; алгоритмдер адами факторды жояды; ІІ әлеуметтік-экономикалық үдерістерді болжап отырады. Сонымен қатар, заманауи технологиялар елді бизнес үшін тартымды етеді. Цифрландыру және жасанды интеллектіні реттеу бағытымыз үздік әлемдік тәжірибелерге толық сәйкес келеді», — деді Әлия Оразбаева.
Сөз соңында ол студенттердің болашақта осы реформаларды жүзеге асыратын мамандар екенін ерекше атап өтті.
«Президент Жолдауы – Конституцияны, бюджет және салық нормаларын, жер қатынастарын өзгертетін, жаңа цифрлық стандарттар енгізетін реформалардың жол картасы. Бірақ реформа – бір реттік шара емес, ол үздіксіз үдеріс. Жаңа заңдар қоғамдағы нақты сұранысқа қарай жасалады. Олардың табысты болуы мемлекет, қоғам және жаңа буын мамандарының жауапкершілігіне байланысты. Біздің студенттеріміз – ертеңгі мамандар, болашақ реформаларды жүзеге асыратындар», – деп қорытындылады ол.