Алматыда халықаралық Denis Ten Memorial Challenge турнирі басталды

957
Фотосурет: Gov

Алматыда әйгілі қазақстандық спортшы, қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің жарқын бейнесіне арналған мәнерлеп сырғанаудан VI-шы халықаралық «Denis Ten Memorial Challenge» турнирі салтанатты түрде ашылды. «Халық Арена» мұз айдынында спорт федерацияларының өкілдері, ресми тұлғалар, құрметті қонақтар мен мәнерлеп сырғанау жанкүйерлері бас қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салтанатты іс-шарада «Қазақстандық мәнерлеп сырғанау одағы» федерациясының президенті Бауыржан Ералы және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшылығының хатшысы Әлімжан Ақаев құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің ел спорты үшін маңызы мен жас дарындарды қолдаудағы рөлін атап өтті.

Төрт күнге созылатын жарысқа 18 елден келген 130-дан астам спортшы қатысады. Мұз айдынында Қазақстанның үздік мәнерлеп сырғанаушылары да, әлемдік жұлдыздар да өнер көрсетпек. Олардың қатарында америкалық әйгілі спортшы Джейсон Браун мен Оңтүстік Корея чемпионы Ча Джунхван бар.

Көрермен назары – алматылық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа ауды. Ол 2025 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ Grand Prix және Challenger Series додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Михаил Шайдоров қазақстандық ерлер мәнерлеп сырғанауының көшбасшысы саналады. Оның турнирге қатысуы еліміздің мәнерлеп сырғанау мектебінің сабақтастығы мен жоғары деңгейін айқындайды.

Жарыс соңында ең үздік спортшылар қатысатын кешкі гала-шоу өтеді. Көрермендерді әсерлі қойылымдар, тосынсыйлар мен мерекелік көңіл-күй күтіп тұр. Бұл спорттық мереке Алматы тұрғындары мен қонақтарының есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -