PhD доктор, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жадыра Бердімұратқызы Аширова көпсалалы ғылымдар ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағына ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жас ғалым бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етеді.
Жадыра Аширова 2011 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бакалавриатын, 2014 жылы магистратурасын және 2020 жылы докторантурасын бітірген.
АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университетінде және Түркияның Ақдениз университетінде білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырған.
2024 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, «500 ғалым» бағдарламасы аясында Италияның Марке политехникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын 2011 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен бастаған. Әр жылдары ҚызПУ және Халықаралық бизнес университетінің оқытушысы, аға оқытушысы ретінде еңбек еткен. 2022-2025 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультеті кафедра меңгерушісінің орынбасары, доцент міндетін атқарушысы қызметтерін атқарған.
Жас ғалым қазақ және ағылшын тілдерінде білім алушыларға биологиядан білім беруде цифрлық контент, ғылыми зерттеу әдістері, биологиялық білім беруде виртуалдық лабораторияны қолдану салалары бойынша дәріс оқиды.
Оның авторлығымен рейтингі жоғары отандық және шетелдік ғылыми журналдарда 30-ға жуық мақала, Scopus және Web of Science ғылыми дерекқоры базасына кіретін басылымдарда 14 мақала (h-индексі – 4), оқу-әдістемелік нұсқаулық жарық көрген. Жадыра Ашированың жетекшілігімен 10-нан астам бакалавриат студенттері мен магистрлер даярланды.