«Өрендер жүйрік болар өрге басып...» – «Ақ қауырсын» өнер үйірмесінің шығармашылық таныстырылым кеші өтті

1738
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

2025 жылдың 8 қазан күні Гимназияның «Ыбырай Алтынсарин» атындағы жиын залында «Ақ қауырсын» өнер үйірмесінің шығармашылық таныстырылым кеші ұйымдастырылып, өнерсүйер жалынды жастардың көңілінен шыққаны белгілі.

Кештің басты мақсаты – жас өрендердің өлеңге, аудармаға, жалпы өнерге, айтысқа деген қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық қабілетін көпшілікке таныстыру.

Ашылу салтанатында Гимназияның Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қалиева Сара Сырымқызы құттықтау сөзін сөйледі. Үйірме жұмысының басталуымен оқушыларды құттықтап, жас шығармашыл өрендерге табыс пен шабыт тіледі.

Кеште мынадай өнер кезегі ұсынылды: 8-сынып оқушысы Аманбекова Сабинаның жүрекжарды «Ақ қауырсын» туралы «Арнау» жыры тыңдарманға ерекше әсер қалдырса, «Күй күмбір» нөмірінде – 7-сынып оқушысы Жұман Ерхан домбыраның үнімен өрілген «Алаш аманаты» күйі ұлттық рухты сезіндіріп, жастарды жігерлендіре түссе, «Ақындар айтысы» бөлімінде – 7-сынып оқушылары Ерхан Жұман мен Әлихан Еркебұланұлы Қайым айтысып, өзара сөз сайысып бақты. Артынша, «Жас өрендер жырлайды» – шығармашылық бөлімге ұштасты. Бұл кезеңде жас ақындар өз авторлық өлеңдерін оқып, еркін де көркем поэзия әлеміне бойлады. Атап айтқанда, бастауыш сынып оқушылары: Жасарбек Расул – «Ыбырай Алтынсарин өлеңімен, Идрисова Інжу – «Ұстазға алғыс» өлеңін оқыса, Зере Серікболат – «Анашым» өлеңін, Айлин Мамеева – «Абай ата» өлеңімен, Бекжан Дауылбеков – «Ұстаз» өлеңімен, Сәкенов Ерасыл – «Ата-анаға алғыс» өлеңдерін паш етті.

Қорытынды сөзді үйірме жетекшісі Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы жас ақындарға шығармашылық табыс тілеп, өнердің биігіне ұмтылуға шақырды. Марапаттау рәсімінде, Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қалиева Сара Сырымқызы барлық қатысушыларды құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

«Ақ қауырсын» – жас ақындар мен өнерге құштар шәкірттерді қанаттандыратын, шығармашылыққа баулитын үйірме. Айталық, мұндай шаралар оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, поэзия мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттырмақ.

Кеш соңында, ұстаздар мен оқушылар, жас өрендер жиылып, естелік суретке түсіп, тарқасты.

ҚР Журналистер одағының мүшесі – Ерік Қайратбекұлы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -