Астана — тазалық пен тәртіп қаласы: «Таза Қазақстан» акциясына 150 мың тұрғын қатысты

1386
Фотосурет: Gov

Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция аясында үлкен жалпы қалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оған 150 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, волонтерлер, жастар, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен әртістер, мемлекеттік органдар қызметкерлері, бизнес өкілдері және басқа да азаматтар қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Олардың әрқайсысы елорданың тазалығы мен тәртібін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосты. Көпқабатты үйлердің тұрғындары бірігіп, өз аулаларын тазалады.

Сенбілікке 150 мыңнан астам адам, 4 мыңнан аса кәсіпорын, ұйым және мекеме қатысып, шамамен 800 арнайы техника тартылды.

Экоакция аясында Астананың барлық алты ауданында 11 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ экологиялық акция аясында Мемлекет басшысы волонтерлермен және экобелсенділермен бірге елордалық Ботаникалық бақ аумағына ағаш отырғызуға қатысты. Барлығы 150 ағаш отырғызылды, олардың қатарында емен, алма және тораңғы бар.

Тораңғы ағашы Астанада алғаш рет осы акция барысында отырғызылды. Бұл ағаштың ерекшелігі – төзімділігі мен температураның күрт ауытқуына бейімделгіштігі.

Ботаникалық бақ аумағына тораңғы отырғызудың экологиялық маңызы зор: ол топырақты бекітеді, ылғалдандырып, биологиялық алуандықтың сақталуына ықпал етеді.

Сенбілік барысында кең көлемді жұмыс жүргізілді: 20 мыңнан астам аула тазартылды, 100-ден астам саябақ пен сквер абаттандырылды, 84 тарихи-мәдени нысан ретке келтірілді, 200 тонна қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ 200 әлеуметтік нысанның – мектептердің, балабақшалардың, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау мекемелерінің, сондай-ақ өнеркәсіптік және бизнес нысандарының аумақтарында тазалық жұмысы жүргізілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -