Республика құрдасы: арманы мен еңбегі тоғысқан өмір

2563
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Тәуелсіздікпен бірге түлеп, егемен елмен қатар қалыптасқан буын бүгінде мемлекеттің берік тірегіне айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Солардың бірі – Ұлттық ұлан академиясының кадрлар бөлімінің аға маманы, ефрейтор Жасуланова Адинай Нұрланқызы. Оның өмір жолы – Республика құрдастарының елге адал қызмет етуінің жарқын үлгісі.

Адинай Нұрланқызы 1995 жылы 2 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында дүниеге келген. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы. Бала күнінен білімге құштар, мақсатшыл қыз 2002 жылы дарынды балаларға арналған Абұ Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернатына қабылданып, 2013 жылы үздік бітіреді. Кейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде білімін жалғастырып, 2017 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды.

Білім ордасынан түлеп ұшқан жас маман өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстыруды мақсат етеді. 2022 жылдың 17 қазанынан бастап ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының кадрлар бөлімінде аға маман – жауапты орындаушы қызметін атқарып келеді. Қызметіне адал, мінезі байсалды, әріптестері арасында сыйлы маман.

«Мен үшін әскери қызмет – тәртіп пен сенімнің мектебі. Әр күн жаңа жауапкершілік жүктейді. Бұл тек жұмыс емес, өз Отанымның дамуына қосқан кішкентай үлесім деп білемін», – дейді Адинай Нұрланқызы өз жұмысы жайында.

Қызметтегі табандылықпен қатар, ол отбасындағы сүйіспеншілік пен жылылықтың да символы. 2014 жылдың 26 маусымында Темірлан Төлігенұлымен отбасын құрған. Екі қыздың – Аделя мен Лейланың аяулы анасы.

«Отбасы мен қызметті қатар алып жүру – әйел үшін үлкен сынақ, бірақ сол сынақ арқылы мықтылық қалыптасады. Балаларым – менің қуатым, шабытым. Олардың болашағы үшін еңбек ету – менің борышым», – дейді ол.

Ұлттық ұлан академиясының ұжымы ефрейтор Жасуланова Адинайды ерекше құрметтейді. Ұжымдастары оның қарапайым мінезін, ұқыптылығын және жауапкершілікке толы қызметін жоғары бағалайды. Күн сайынғы жұмысына тиянақтылықпен қарап, тапсырманы дер кезінде орындауы – оның кәсіби деңгейінің айғағы. Кадр бөлімінің ең күрделі және маңызды саласында еңбек етіп жүрсе де, Адинай ешқашан асығыстыққа жол бермейді, әр істің мәніне үңіліп, әрбір адамның тағдырына бейжай қарамайтын жан. Оның бойындағы еңбекқорлық, адалдық пен сабырлылық – замандастарына үлгі.

Иә, Адинай Нұрланқызының өмір жолы – Тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан буынның шынайы бейнесі. Ол ел дамуының куәгері ғана емес, оның өркендеуіне өз еңбегімен үлес қосып жүрген жан. Тәуелсіз елдің құрдасы ретінде ол мемлекетпен бірге есейіп, жаңа мүмкіндіктер мен сынақтар кезеңінде өз орнын тапқан.

Бүгінгі таңда Тәуелсіздік құрдастары – елдің ең белсенді, еңбекқор және саналы азаматтары. Олар Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырып, қоғамның рухани және кәсіби дамуына серпін беріп отыр. Солардың бірі – Адинай. Ол үшін елге қызмет ету – тек міндет емес, жүректен туған борыш.

«Біз – Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өскен ұрпақпыз. Біздің міндетіміз – осы егемендіктің қадірін түсініп, оны сақтау ғана емес, ұрпаққа аманаттау. Мен өз қызметімді сол аманаттың бір бөлігі деп білемін», – дейді ефрейтор Адинай Нұрланқызы.

Осы сөздер – елге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және патриоттық рухтың көрінісі. Адинайдың өмірі мен еңбегі арқылы бүгінгі жастарға берер өнеге көп: ар-намысқа адал болу, отбасы мен қызметті үйлестіру, ел игілігі үшін тер төгу.

Сондықтан да Адинай сынды замандастар – тәуелсіз елдің шынайы айнасы, ертеңгі ұрпаққа үлгі болатын «Республика құрдастарының» жарқын өкілі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -