Қазақстан БҰҰ-ның 80 жылдығын Астанада өткен гала-концертпен салтанатты түрде атап өтті

1232
Фотосурет: БҰҰ және Қазақстан

БҰҰ күнін мерекелеу аясында Қазақстан Ұйымның 80 жылдығын салтанатты гала-кешпен атап өтті. Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында өткен шараға Үкімет, дипломатиялық корпус, азаматтық қоғам, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар қауымынан 600-ден аса қонақ жиналды. Іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ Елдік тобы ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бағдарлама Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижёрі Ернар Нұртазин жетекшілік еткен концертімен және «Қазпошта» АҚ-мен әріптестікте шығарылған UN80 мерейтойлық пошта маркасының ресми таныстырылымымен ерекшеленді. Бұл кеш көпжақты ынтымақтастықтың сегіз онжылдығына және БҰҰ мен Қазақстан арасындағы берік серіктестікке арналған құрмет болды.

Салтанатты ашылуда ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мырза және БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча ханым сөз жолдап, бейбітшілік, орнықты даму және адами қадір-қасиет жолындағы ортақ іске жекелей және ұжымдық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

«БҰҰ бүгін де әлемдегі миллиардтаған адам үшін үміттің символы болып қала береді. Қазақстан Президенті атап өткендей, БҰҰ әділетті әрі тұрақты халықаралық тәртіптің алмастырылмас тірегі саналады. Астана ядролық қарусыздандыру, климаттық төзімділік немесе өңірлік ынтымақтастық болсын, жаһандық диалогқа белсенді үлес қосып отырғанына мақтанады. Қазақстан үшін БҰҰ жай ғана институт емес. Бұл – стратегиялық әріптес, бағыт беретін компас және біз адамзаттың ең өзекті сын-қатерлеріне арналған шешімдерді бірлесе іздейтін алаң», – деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы — бейбітшілік күші, халықаралық құқық қорғаны, орнықты дамудың қозғаушысы, дағдарыс кезіндегі өмір тұтқасы және адам құқықтарының шамшырағы болып қала береді. Бүгінгі сын-қатерлер БҰҰ қолдауымен әлем қол жеткізген зор ілгерілеуді жоққа шығармауы тиіс. Ұйымның негізгі қағидасы — бейбітшілік пен үміт — бүгінде де аса өзекті. Алайда БҰҰ өз миссиясына сай болу үшін үнемі бейімделіп, реформаланып отыруы қажет», — деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча ханым.

«Жаһандық мақсаттар үшін музыка» атты концерт музыка тілінің әмбебаптығы бейбітшілік, бірлік және орнықты даму рухын қалай жеткізетінін көрсетті. Әрбір шығарма орнықты даму мақсаттарына іспеттес, әділетті, инклюзивті және тұрақты әлем құру идеясына ой салды. Қонақтар қазақстандық және әлемдік классиканы, сондай-ақ заманауи әуендер мен атақты фильмдер саундтректерінің оркестрлік нұсқаларын қамтыған мұқият құрастырылған музыкалық бағдарламаны тамашалады: Макс Рихтер, Джон Уильямс, Adele, Coldplay, Ханс Циммер және Людовико Эйнауди шығармалары, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев және Ғазиза Жұбанованың туындылары орындалды.

АҚ «Қазпошта» бірлесе ұсынылған UN80 мерейтойлық маркасы — сан алуандығымыздағы бірлікті және ортақ ілгерілеуді бейнелейтін көрнекі құрал. Оның тұжырымдамасында әйелдер мен ер адамдар, қыздар мен ұлдар, мүгедектігі бар және егде жастағы адамдар бейнеленген қауымдастықтар Бейбітшілік кептерінің символы астында біріктірілген — бұл БҰҰ рухын және үйлесім мен тұрақты дамуға бейілділікті жеткізуге арналған образ.

Кеш барысында БҰҰ қызметінің басты бағыттары — Бейбітшілік, Адамдар, Өркендеу, Серіктестік және Ғаламшар бойынша нақты нәтижелермен музыкалық бөлімдерді ұштастырып, Елдік топтың ұлттық әріптестермен қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Ұйымның 80 жылдығы — көпжақты дипломатияны ілгерілетудегі БҰҰ-ның тарихи рөлін саралап, заманауи күрделі сын-қатерлер жағдайында оның өзектілігін қайта растауға мүмкіндік беретін ерекше сәт.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -