Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары бауырлас екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастады. Каспий маңындағы екі мемлекет бүгінде тек экономикалық емес, геосаяси тұрғыдан да түркі әлемінің өзегіне айналып отыр. Сапар қорытындысында қол қойылған құжаттар мен келісімдер аймақтық тұрақтылыққа, көлік-транзиттік бағыттардың дамуына және энергетикалық қауіпсіздікке жаңа серпін берді.
Осы тарихи кездесудің мән-маңызын тереңірек түсіну үшін біз әзербайжандық саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Ризван Гусейновпен сұхбаттасқан едік.
Фотосурет: facebook.com/RizvanHuseynov001
– Ризван мырза, ең алдымен, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының маңызы мен нәтижесі қандай?
– Ең алдымен, бұл – мемлекеттік сапар екенін атап өткен жөн. Сапарлардың жіктелуінде бұл – ең жоғары деңгей. Мұндай сапарлар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа сатыға көтереді. Көп жағдайда дәл осындай сапарлар барысында ең маңызды, ұзақмерзімді келісімдерге қол қойылады. Бұл жолы да екі ел арасындағы экономикалық, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған құжаттар қабылданды. Айта кету керек, жақында Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен әскери жаттығулар өткізген болатын, бүгінгі келісімдер соның жалғасы іспетті.
– Президенттердің кездесуінде қандай мәселелер басты назарда болды деп ойлайсыз?
– Бұл сапар аясында Үкіметаралық кеңес пен Жоғары деңгейдегі үкіметаралық кеңестің отырыстары өтті. Онда барлық негізгі бағыттар – экономика, көлік-транзит, энергетика және гуманитарлық сала талқыланды. Соңғы үш жылда екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді, бүгінде шамамен жарты миллиард долларға жетті. Бірақ әлеует бұдан да жоғары. Сондай-ақ, экологиялық тұрғыдан маңызды мәселе – Каспий теңізінің тартылуы да күн тәртібінде тұрды. Қазақстан мен Әзербайжан бұл мәселе бойынша ұқсас ұстанымға ие, оны екі елдің басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясында да атап өткен еді.
– Сіз жиі айтып жүрген Туран немесе түркі кеңістігінің контексінде бұл сапардың орны қандай?
– Бүгінгі таңда Каспийдің қос жағалауындағы екі ел – Қазақстан мен Әзербайжан – тек аймақтық емес, тұтас түркі әлемі үшін стратегиялық маңызға ие. Туран кеңістігіндегі логистика, экономикалық және гуманитарлық өзара байланыстардың көпшілігі дәл осы «Каспий осі» арқылы өтеді. Басқаша айтқанда, түркі әлемінің даму деңгейі көбіне Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастыққа тәуелді. Бұл өз кезегінде түркі мемлекеттері ұйымының ішкі интеграциясына да, сыртқы байланыстарына да әсер етеді.
– Геосаяси тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Әзербайжанның маңызы соңғы жылдары арта түсті. Бұған не себеп?
– Иә, қазіргі геосаяси жағдайда Еуразия кеңістігіндегі негізгі коммуникациялық және көлік бағыттарының көбі санкция салынған аумақтар арқылы өтеді. Сондықтан жаңа баламалы бағыттарды қалыптастыру – уақыт талабы. Мұнда Қазақстан мен Әзербайжанның рөлі айрықша. Олар Еуропа мен Азия арасындағы ең тұрақты және тиімді көпірге айналып отыр. Бұл бағытқа Қытай да, Еуропалық одақ та үлкен қызығушылық танытуда. Демек, екі ел тек аймақтық емес, жаһандық маңызы бар транзиттік хабқа айналуда.
– Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты сіздің жеке бағаңыз қандай?
– Менің ойымша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған сыртқы саясаты – өте дәл және теңгерімді саясат. Қазақстан өзін жауапкершілігі жоғары серіктес ретінде танытып, халықаралық диалог алаңының рөлін тиімді атқарып келеді. Президент Тоқаев – халықаралық ұйымдарда мол тәжірибесі бар тұлға, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женева бөлімшесін басқарған. Сондықтан ол Ресей мен Қытай секілді ірі державалар арасындағы нәзік теңгерімді сақтап, елдің ұлттық мүддесін барынша тиімді қорғап отыр. Бұл – үлкен дипломатиялық шеберлікті қажет ететін бағыт.
– Жалпы алғанда, осы сапар екі ел үшін қандай перспективалар ашты деп ойлайсыз?
– Перспективалар өте үлкен. Себебі Қазақстан мен Әзербайжан арасында шешілмеген түйткілді мәселе жоқ. Саяси, экономикалық, транзиттік, энергетикалық және гуманитарлық салаларда толық түсіністік бар. Сондықтан мен бұл сапарды серпінді, болашағы зор қадам деп есептеймін. Бұл тек екі елдің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің интеграциялық процестеріне оң әсерін тигізеді.
– Соңғы сұрақ: Қазақстанның геосаяси орналасуы мен Президент Тоқаевтың рөлін қалай сипаттар едіңіз?
– Қазақстан – түркі әлеміндегі ең ірі мемлекет. Географиялық тұрғыдан алып қарасақ, ел Ресей мен Қытай сияқты әлемдік державалардың ортасында орналасқан. Мұндай жағдайда сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтау – үлкен өнер. Президент Тоқаев осыны өте жақсы меңгерген. Ол екі көршінің де рөлін, мүддесін жақсы түсінеді және Қазақстанның мүддесін ең тиімді жолмен қорғай алады. Бұл саясат тек Қазақстанның емес, тұтас Туран кеңістігінің тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосып отыр.