«Музей түні»: Қазақстанда ерекше бағдарламалар дайындалды

1166
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда Халықаралық музей күніне орай республикалық «Музей түні» акциясы ұйымдастырылады. 16–18 мамыр аралығында ел аумағындағы музейлерде тарихи мұра, өнер, заманауи технологиялар мен этномәдени бағыттарды біріктіретін кешкі және түнгі бағдарламалар өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биылғы акция аясында ұлттық музейлер арнайы жобалар мен интерактивті форматтарды көпшілік назарына ұсынбақ.

Қастеев музейіндегі «Жеті қазына» көрмесі

Республикалық акция 16 мамыр күні Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде басталады.

Бағдарлама аясында:

  • «Жеті қазына» көрмесі өтеді
  • Open Air форматындағы мәдени шаралар ұйымдастырылады
  • музей ауласында шығармашылық бағдарламалар ұсынылады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба музей кеңістігін көпшілікке жақындатып, мәдени демалыстың жаңа форматын қалыптастыруға бағытталған.

Ұлттық музейде роботтар қатысатын ерекше концерт өтеді

18 мамыр күні ҚР Ұлттық музейінде скрипкашы Назым Мұстафина гуманоид робот пен бионикалық робот-иттің қатысуымен өнер көрсетеді.

Жоба аясында өнер мен заманауи технология ұштасып, тарихи-мәдени мұра жаңа форматта таныстырылады.

Бұл формат келушілерге музей кеңістігін тек дәстүрлі экспозиция ретінде емес, инновациялық мәдени алаң ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

«Музейге сый» акциясы ұйымдастырылады

Сол күні ҚР Ұлттық орталық музейінде қордағы жәдігерлерді сақтау мен толықтыру бағытына басымдық беріледі.

«Музейге сый» акциясы аясында:

  • мәдениетке қатысты құнды жәдігерлер
  • өнер саласындағы тарихи бұйымдар
  • спорт тарихына қатысты заттар
  • сирек кездесетін коллекциялар

музей қорына табысталады.

Квест, театр және этноауыл: қонақтарды не күтеді

Акцияға музей-қорықтар да қатысады. Бағдарламада көптеген интерактивті және этномәдени форматтар қарастырылған.

Келушілер үшін:

  • тарихи ескерткіштерге арналған түнгі бағыттар
  • театрландырылған қойылымдар
  • тарихи квестер
  • жарық және дыбыстық шоу
  • мультимедиялық жобалар
  • жасанды интеллект элементтері ұйымдастырылады

Сонымен қатар:

  • қолөнер шеберлерінің көрмелері
  • ұлттық ойындар
  • дәстүрлі тағамдар жәрмеңкесі
  • этноауылдардағы рухани кездесулер
  • киіз үйдегі түнгі шай форматтары өтеді

Бағдарламада шатырлы лагерьлер мен жұлдызды аспанды тамашалау секілді ашық аспан астындағы жобалар да қамтылған.

Барлық музейге кіру тегін болады

Ұйымдастырушылар акция күндері елдегі барлық музейге кіру тегін болатынын хабарлады.

Мәдени шараның басты мақсаты – халықтың музейге қызығушылығын арттыру, тарихи мұраны насихаттау және мәдени кеңістікті заманауи форматта дамыту.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -