Алматы секілді алып қала тұрғындар үшін қолайлы болып қана қоймауы керек, сондай-ақ қауіпсіздік те басты назарда болуға тиіс. Осы тұрғыда шаһар көшелерінде қызмет атқаратын әскери жасақтың маңызы зор. Сол себепті тұрғындар мен қала қонақтарының тыныштығын қорғау және ауқымды бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің жауынгерлеріне жүктеледі. Осындай міндет арқалаған бірнеше сарбазды сөзге тарттық.
Еліміздің мәдени астанасы атанып кеткен Алматының Арбатында кеш құрым адам қарасы көбейіп кетеді. Бірақ көптің арасына Ұлттық ұланның әскери жасағы көзге анық байқалады. 5571 әскери бөлімінің қырағы жауынгерлерінің бірі – қатардағы Жансұлтан Аманбаев Алматы қаласының тұрғыны. Бүгінде ол туған қаласының тыныштығын қорғап жүр.
«Бұл өзі өзгеше сезім екен. Өзім өсіп-өнген қаламның тыныштығын күзету менің мойыныма жүктеліп отыр. Арқама ауыр жауапкершілік арқалағанымды түсінемін. Несі бар? Жігіт болған соң мұны да көтере білу керек. Керек емес-ау, ел үшін кез келген ауыртпашылықты еңсере білуге тиіспіз. Міндеттіміз. Бүгінде мен соны ұқтым. Бір жағынан мұның бәрі өмірлік тәжірибе. Әскерге келгелі адамдармен қарым-қатынас жасаудың жолдарын меңгердім. Томаға-тұйықтық пен енжарлықтан арылдым десем де болады», - деді Жансұлтан Аманбаев.

Оның айтуынша, қала тұрғындарының мәдениеті жоғары. Дегенмен бес саусақ бірдей емес деп санайды. Қателік жасайтындары да болатын көрінеді. Сарбаз қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде құжаттарын жоғалтып алған шетелдік азаматтарға көмек көрсеткен. Жоғалған баланы тауып берген сәттері де болыпты.
«Әскерден соң ата-анамның үмітін ақтап, аяққа тұруға тиіспін. Аяқталмаған оқуым бар. Оны да тәмамдау қажет. Ұлттық ұланда қызмет етуді әуелден жоспарлап келгенмін. Айналамдағы сержанттар мен офицерлерден, командирлерден үлгі алуға тырысамын. Отан қорғау – ер азамат үшін парыз. Армиядан тайсақтап, қаймығудың қажеті жоқ. Жастар жағы әскерде ұрып-соғады, қысым жасайды деп ойлайды. Бірақ олай емес. Бастысы – өз-өзіңе деген сенімділік», - деді ол.
Оның шымкенттік қаруласы қатардағы Бекзат Сейдазым Отан алдындағы борышын өтеу үшін 18 жасқа толғаннан кейін бірден әскери комиссариатқа өзі сұранған.
«Өзімнің ағам да Ұлттық ұлан сапында қызмет еткен болатын. Сондықтан құқықтық тәртіп әскері жайында хабардар болдым. Осында келгеніме қуанбасам, қапаланбаймын. Ал әскерге барудан тайсақтайтын жігіттер іштегі жағдайлардан мүлде бейхабар деп ойлаймын. Олар әскери қызмет атқару кейбір адамдар ойлағандай қорқынышы еместігін білсе, көптеп келер еді. Менің ойымша, оларды әскери қызмет жайында көбірек ақпараттандыру керек. Ата-аналар балаларым әлімжеттікке ұшырайды деп ойлайды. Ал әскердегі сарбаздардың ажал құшуы әртүрлі факторға байланысты болуы мүмкін. Көп жағдайда суицид жасалатыны жайында естіп жатамыз. Соған қарағанда мұның бәрі сарбаздардың әскери өмірге шыдай алмағандығы салдарынан шығар. Әйтпесе, әскерде жаға жыртысу мен қасақана зақым келтіру деген атымен жоқ», - деді ол.
Бекзат Сейдазым алғаш жауынгерлік қызметке шыққан сәтінде-ақ нәтижелі қызметімен көзге түскен. Бұл жайында ол мақтанышпен айтып берді.
«Менің бірінші рет қоғамдық қызмет атқаруға шыққан кезімде екі адам көзіме күдікті болып көрінді. Олар есірткі іздеп жүр екен. Сол үйдің маңында тұратын көршілері рация арқылы хабарлаған. Бағдарға қарай бағыт алып, дәл үстінен түстік. Күдік шынайы болып шықты», – деді масаттанған күйі.
Ол өзі бала күнінен футболмен шұғылданған. Тіпті «Ордабасы» футбол клубы сапында кәсіби ойын өткізіп, Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері атанған.
«Оқуға түсуіме байланысты сол қаптал қорғаушысы ретіндегі мансабымды ерте аяқтадым. Өйткені маған оқу маңызды болды. Бұл үшін өкінбеймін. Қазіргі кезде режиссер әрі сценарий жазушы мамандығы бойынша оқып жатырмын. Негізгі мақсатым – актер болу. Аталған мамандық мені арманыма біртабан болсын жақындатады деген ойдамын. Оқудан үзіліс алып, әскерге келдім. Өз құрдастарымнан қалысқым келмеді. Кейін қайта жалғастырамын. Сүйікті фильмім – Титаник. Ал үлгі тұтатын режиссерім – Ақан Сатаев. Ди Каприоның актерлық шеберлігіне тәнтімін. қазақ актерлерінен Нұрлан Қоянбаевқа ризамын», – деді шығармашылыққа жақын Отан қорғаушы.
Ал оның жерлесі қатардағы Құлжігіт Ақылжан спортқа жақын екен. Ол - көп балалы отбасының жетіншісі. Түркістанда дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алған. Қазақ күресімен шұғылданған. Әкесі ат баптап, көкпар ойнайды. Ұлын да соған баулыған. Өзі блогерлікке әуес. Сол арқылы адамдарға көңіл күй сыйлағысы келеді. Әдебиет әлемінен де алыс емес. Ақын Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқиды. Оның да қызмет барысы жайлы айтар естеліктері бар.
«Биылғы жаздың соңғы күнін кешкі сағат 22:00-дер шамасында бізді жанжал шыққан орынға бағыттады. Әскери жасақ кезекшісінің қасында жүргенбіз. Сол жерге барып, мәселені шешкен соң оқиға орнынан кетуге қамдандық. Кенет бір қыз жанымызға жүгіріп келді. Қасында адасып қалған бүлдіршін бар екен. Ол «әкешім», «анашым» деген сөздерді айтумен болды. Түнгі мезгіл ғой. Олардан әке-шешесі қайда екенін сұрадық. Жақын маршрутта жүрген әскери жасақтарға хабарлап, 4 жастағы қызды кезіктіргенімізді айттық. Сол баланы қолымызға алып, көпірден арғы жағына өттік, бергі жағына қайта келдік. Бала іздеген адам байқалмады. Сәлден соң жақын маңдағы балалардың ойын алаңына қадам бастық. Сол кезде жан-жағына уайыммен көз салып, жүгірген ананы кездестірдік. Баласын алып келе жатқанымызды көрген әйелдің қуанышында шек болмады. Сәбиді бауырына қысқан қалпы алғысын жаудырды. Қызмет барысындағы осы оқиғадан кейін командирлеріміздің қолынан алғыс хат алдық. Суретіміз «Жебе» қабырға газетіне ілінді», – деді жігерлі жауынгер. Қарап тұрсаңыз қай-қайсы сарбаздың да айтар ойы, бастан кешкен оқиғасы жетерлік. Біз бүгін сол жігіттердің бірнешеуімен ғана тілдестік. Бәлкім, бұл кей жанға ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай қырағылықтар адам өмірін сақтап қалуда немесе жоғалған затты дереу табуға өлшеусіз септігін тигізеді.

Мәселен, биылғы 9 айдың ішінде Ұлттық ұланның әскери жасақтары 14 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізген. Оның ішінде 501 адамда қылмыс белгілері анықталды. Мемлекет кірісіне 19 миллион 905 мың 756 теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Патрульдік қызмет кезінде 218 дана суық және атыс қаруы тәркіленді, сондай-ақ есірткі заттарына қатысты 100 факті тіркелді. Мұндай нәтижелі қызметтің артында біз сұхбаттасқан ұландық сарбаздардың қажыр-қайраты жатыр. Сондықтан да әскери жасақтың әлеуетін жоғары бағалауға тиіспіз.
Жанболат Кенжеғұл, Астана - Алматы - Астана