Медициналық көмек сапасын жақсартудың бірден-бір жолы – салада білікті маман даярлаумен байланысты. Оның ішінде науқастарды бірінші болып қабылдап, емшара тағайындайтын жалпы тәжірибе дәрігерінің жұмысында ағаттық болмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың учаскелік дәрігерлердің құзыретін одан әрі арттырып, өңірлерді білікті мамандармен қамту мақсатында 2025 жылды Жалпы тәжірибе дәрігерінің біліктілігін арттыру жылы деп жариялағаны тегіннен-тегін емес.
Біліктілік арттыру жылында тек жалпы тәжірибе дәрігерлерінің біліктілігі жоғарылайды деу қате түсінік. Себебі биыл медицинаның сан саласындағы мамандармен қатар жоғары оқу орындары мен колледждің оқытушылары да біліктілігін арттырды. Кез келген жігерлі, талапты жастың білгір маман болып қалыптасуына мамандыққа баулыған ұстазы себепші болатынын ескерсек, медицина оқытушыларының тәжірибелі болғаны да маңызды. Осыған қоса, биыл практик дәрігерлермен қатар мейіргерлердің қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлеп, бекіту міндеті қойылған еді.
Жалпы, салада кадр тапшылығы бұрыннан бар. Жергілікті әкімдіктер де қарап қалмай, өңірге маман тартудың қам-қарекетін жасап жатыр. Ауылға баратын дәрігерлерге жәрдемақы қарастырылған. Оның ішінде аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 8,5 млн теңге шамасында біржолғы ақшалай төлем бар. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға барған денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Қала берді, медицина мамандарының мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандыру төлемдер пакеті кеңейтілді.
Статистикаға зер салсақ, медициналық жоғары оқу орны түлектерінің үштен біріне жуығы өзіне бөлінген медициналық ұйымда жұмыс істемейді екен. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі ЖОО бөлу тетігін тиімді үйлестіруді бастады. Бұл да болса, маман тапшылығын алдын алудың бір жолы. Себебі жұмысқа орналасарда түлектер жалақысына қарап, жеке медициналық ұйымдарға барғанды жөн көреді. Сол секілді жергілікті бюджет қаражатының есебінен кадр даярлау мен мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде маман даярлаудың арасында үйлесімділік байқалмапты. Сондықтан қазір Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды жергілікті жерлерде ұстап қалу үшін дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөліп отыр. Яғни, ынталандыру шараларын тиімді ұйымдастыруды көздейді. Елімізде 2024 жылы 10 570 медицина маманы Жоғары оқу орнын тәмамдаса, биыл 10 530 маман диплом алған. Оның ішінде 2025 жылғы түлектердің 1333-і (34%) ауылдық медициналық ұйымдарға бөлінген. Былтыр бұл көрсеткіш 370 адамды(17%) құраған. Осыған қоса, биыл өңірлердің өтінімдері мен қажеттіліктерін ескере отырып, 5 мыңнан астам білім беру гранты бөлінген. 2024 жылдың қазан айынан бастап 8,5 млн теңге біржолғы ақшалай төлемді ауылдық денсаулық сақтауда жұмыс істейтін 16 аса тапшы мамандық бойынша 254 дәрігер алған. Биыл бұл төлем 105 маманға тиді. Неге аз десеңіздер, жыл соңына дейін тізім толығатынын ескерген жөн.
Кешенді іс-шаралардың нәтижесі бойынша дәрігерлердің тапшылығы былтырмен салыстырғанда 19 %-ға және орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 13 %-ға төмендеген. Бұл ретте ауылдағы дәрігер тапшылығы 17 %-ға азайған. МСАК және ауыл деңгейінде бейінді бағыттар бойынша мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін 1 қыркүйектен бастап 6 мамандық (жалпы тәжірибе дәрігері, терапия, педиатрия, хирургия, балалар хирургиясы, акушерлік және гинекология) бойынша интернатурада дайындық басталды. Сондай-ақ қыркүйектен 14 балалар мамандығы бойынша резидентурада дайындық өтіп жатыр.
Медициналық білім беруді халықаралық кеңістікке интеграциялау ісі тасада қалған жоқ. Мысалы, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды медицина университеті мен Қазан Федералды университеті (70 білім алушы) арасындағы меморандум шеңберінде қос дипломды бағдарламаның бакалаврына студенттер қабылданған. Бұдан өзге, Пәкістанда медицина университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталып жатқан көрінеді.
Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жазалау шараларын қатаңдатуды тапсырған еді. Былтыр медицина мамандарының құқығын қорғайтын заң қабылданды. Биылдан бастап стационарларда полиция бекеттері орнатылды. Нақ қазір медицина мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стационарларда 152 полиция бекеті ашылған. Бекеттегі қызметкерлер медицина ұйымдарында тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінде облыстық стационарларда – 10, қалалық стационарларда – 30, балалар стационарларында –12, перинаталдық орталықтарда – 5, аудандық орталық ауруханаларда – 48, аудандық ауруханаларда – 23 пост ашық. Бекеттегі полиция қызметкерлері кез келген оқыс оқиғадан тыс қалмайды. Жедел әрекет етеді. Шиеленістердің алдын алады. Әрине, олар тек медицина қызметкерлерін ғана емес, пациенттердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Иә, қазір дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын оңалтатын, мәртебесін арттыратын шешімдер қабылданып жатқанын байқап отырмыз. Бірер жылда қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қабылданғаны қуантады. Осының барлығы келешекте мамандықтың мәртебесін арттырып, салаға қызығатын түлектердің қатары толығады деген үміттеміз.