Бүгін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту саласындағы негізгі стратегиялық құжаттарды келісуге арналған үш күндік ұлттық семинар басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шарада 150-ден астам қатысушы - мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың және азаматтық сектордың өкілдері бас қосты.
Семинар 2035 жылға дейін биологиялық алуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі тұжырымдама (NBSAP), Ұлттық бейімдеу жоспары (NAP), Париж келісімі шеңберінде ұлттық деңгейде айқындалатын салым (NDC), сондай-ақ транспаренттілік мәселелері бойынша екінші екі жылдық баяндамамен біріктірілген Қазақстан Республикасының тоғызыншы ұлттық хабарламасы сияқты стратегиялық шеңберлер арасындағы тиімді өзара іс-қимыл бойынша практикалық ұсынымдарды талқылап, әзірлеуге арналған маңызды платформаға айналды.
Бұл стратегиялық құжаттар өзара келісілген әрі бірін-бірі толықтыратын климаттық және табиғат қорғау шараларын әзірлеуге бағытталған. Жиынтығында осы құжаттар парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттық тәуекелдерге бейімделу және биологиялық алуантүрлілікті сақтау жөніндегі іс-қимылдар бір-бірін нығайтатын жүйелі тәсілге негіз болып қаланбақ. Бұл - аса маңызды іс, себебі жекелеген шаралар іс жүзінде бір-біріне қарама-қайшы болуы мүмкін.

«Қазақстан Париж келісімі шеңберінде Климаттық тұрақтылықты нығайта отырып және парниктік газдар шығарындыларын азайта отырып, халықаралық міндеттемелерді дәйекті түрде орындайды. Бұл бағыттағы негізгі құралдар ұлттық бейімделу жоспары және Ұлттық анықталған жаңа үлес болып табылады (ОНУВ 3.0). Бұл құжаттар елдің төмен көміртекті және тұрақты даму стратегиясын қалыптастырады. Сондай-ақ, Қазақстан биоалуантүрлілік бойынша Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасының мақсаттарын қолдайды және оларды іске асыру үшін нақты қадамдар жасауда. БҰҰДБ және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, 2025 жылы Қазақстан Республикасында биологиялық әртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасының 2025-2035 жылдарға арналған жобасын дайындау аяқталды. Бұл құжат биологиялық әртүрлілікті қорғау және ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты айқындайтын негізгі стратегиялық құжатқа айналады», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким.

Семинар шеңберінде сараптамалық сессиялар, консультациялар және практикалық талқылаулар өтті, онда биологиялық алуантүрлілікті сақтау жөніндегі 7-ұлттық баяндаманы дайындаудан бастап, су, ауыл және орман шаруашылықтарын, сондай-ақ төтенше жағдайлар секторын қоса алғанда, негізгі секторлардағы климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне дейін ауқымды тақырыптар қамтылды. Қатысушылар BIOFIN бастамасын қоса алғанда, табиғатты қорғау шараларын қаржыландыру тетіктерін және 2100 жылға дейінгі климаттық тәуекелдер мен экономикалық шығындарды бағалау тәсілдерін талқылайды.
Биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласындағы гендерлік аспектілерге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға талқылап, түсініктемелер мен ұсыныстар беруі үшін биологиялық алуантүрлілік саласындағы гендерлік талдаудың алдын ала нұсқасы ұсынылды.

«Табиғат - даму өзегіне айналған кезде, біз экожүйені сақтайтын, экономиканың тұрақтылығын нығайтатын және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын шешімдерге ұмтыламыз. Ұлттық даму стратегияларында халықтың барлық топтарының, оның ішінде табиғатты қорғауда және табиғи ресурстарды орнықты басқаруда ерекше рөл атқаратын әйелдердің мүдделерінің ескерілуі – маңызды іс. Ұсынылған гендерлік талдау және әйелдерді тартудың үздік тәжірибелері - бұл неғұрлым инклюзивті және әділ экологиялық саясатқа бастар қадам», — деп атап айтты БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Сонымен қатар, қатысушылар ұлттық саясатқа табиғатқа негізделген шешімдерді (nature-based solutions) біріктіру, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, көші-қон және жұмыспен қамту сияқты өтпелі тақырыптарды есепке алу қажеттігін атап өтті.

Биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және орнықты даму саласындағы өзара байланысты міндеттерді шешуге кешенді және үйлестірілген көзқарас мемлекеттік саясаттар, секторлар және басқару деңгейлері арасындағы синергияны күшейту жолындағы маңызды.