Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қытайлық «Shandong Hongzhi Jeyie Chemical Co., Ltd» компаниясының бас директоры Сон Джицземен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Басқосуда тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру және жаңа өндірістік жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Қытайлық компания “Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аймағы аумағында алюминий өнеркәсібіне арналған алдын ала күйдірілген анодтар өндіретін зауыт салмақ.
Жобаға сәйкес, қытайлық инвестор 10,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Компания бас директорының айтуынша, өндіріс орнының қуаттылығы жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде 260 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобаны пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының инвестициялық ахуалы тұрақты екенін және әкімдік шетелдік инвесторларға барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін атап өтті.
«Өңір экономикасын дамытуға серпін беретін және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызатын жобаларды қолдауға дайынбыз. Бар мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, заң аясында олардың жедел әрі нәтижелі іске асуына жан-жақты жағдай жасауға әзірміз», – деді өңір басшысы.

«Shandong Hongzhi Jeyie Chemical Co., Ltd» - Қытайдың жетекші химия өнеркәсібі компанияларының бірі. Компания көміртекті материалдар мен электрөткізгіш өнімдер өндіру саласында мол тәжірибеге ие.
Айта кетейік, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Жыл басынан бері экономикалық аймаққа 25 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның 6,6 млрд теңгесі тікелей шетелдік инвестициялар.
Қазіргі таңда АЭА аумағында 55 отандық және шетелдік компания тіркелген. Оның 27-сі толық іске қосылған, ал 28 жоба жүзеге асырылу кезеңінде.