Шабыт сабағы: астаналық оқушылар Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттеді

1353
Фотосурет: ҚР Президенттік орталығы

Астана қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының қызметкерлері ұлы ғалым, шығыстанушы, тарихшы, фольклортанушы, этнограф және географ Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған әдеби сағат өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараның мақсаты – ұлы тұлғаның өмірі мен ғылыми мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, Шоқан еңбектері арқылы оқушылардың тарихи санасын, зерттеушілік қызығушылығын және отансүйгіштік рухын арттыру болды.

Іс-шараға елорданың мәдениет және білім саласының өкілдерімен қатар 50-ден астам оқушы мен мұғалім қатысты. Әдеби сағат барысында қатысушылар ғалымның өмір жолы мен еңбектері туралы деректі бейнематериалдар көріп, баяндама тыңдап, кітап көрмесімен танысты.

Әдеби сағат барысында оқушылар 1855–1856 жылдары Шоқан Уәлиханов Семей, Аягөз, Қапал және Алматы қалаларына сапар шегіп, қазақ пен қырғыздың ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинағанын білді. Сол жинақталған деректердің негізінде ол «Тәңірі (Құдай)» және «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбектерін жазған. 1857 жылы ол Алатау қырғыздарына сапар жасап, олардың тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Сол сапарында қырғыз халқының энциклопедиялық эпосы «Манасты» алғаш рет толық жазып алды.

«Қазақтың ұлы ғалымы, ойшылы, ағартушысы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған “Шоқан – қазақ ғылымының шамшырағы” атты әдеби сағатымызға қош келдіңіздер! Бүгін біз Шоқанның ғылым мен мәдениетке қосқан зор еңбегін дәріптеп, оның қазақ халқының тарихы мен рухани әлеміндегі мәңгілік орнын тағы бір еске аламыз», — деді ҚР ПІБ Президенттік орталығының Кітапхана қызметі басшысы Жанар Дүйсенбиева.

Шоқан Уәлиханов қазақ ауыз әдебиетінің теориялық мәселелеріне зор үлес қосты. Оның «Қазақтың халық поэмасының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз-ертегілері», «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», «Ер Көкше», «Ер Қосай» атты еңбектері ұлттық әдебиеттанудың дамуына негіз болды.

Ғалым «Едіге» жырының үш нұсқасын салыстырып, жаңа нұсқасын жазып шыққан. Сондай-ақ ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын алғаш қағазға түсірген. Тарих пен әдебиетті жетік меңгерген әкесі Шыңғыс Уәлихановтың тәрбиесі болашақ ғалымның ғылым жолына түсуіне үлкен ықпал етті.

Талантты зерттеушінің «Бұқардың Абылайға айтқаны», «Абылай туралы жырлар», «Шора», «Орақ», «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» секілді еңбектері қазақ әдебиетінің тарихына арналған іргелі зерттеулер қатарында. Ал оның әйгілі «Жоңғар очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар» еңбектерінің көптеген беттері қазақ әдебиетінің ерекшеліктеріне арналған.

1858–1859 жылдары Шоқан Уәлиханов атақты Қашғария сапарына барып, аса қауіпті жағдайда өз өміріне қауіп төндіре жүріп, сол өлкенің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен географиялық жағдайына қатысты бұрын-соңды белгісіз құнды деректер жинады. Осы зерттеулердің нәтижесінде ғалымның әйгілі еңбегі — «Алтышардың немесе Қытайдың Нанжи провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» атты ғылыми жұмысы жарық көрді. Бұл еңбек әлем шығыстанушылары тарапынан жоғары бағаланды.

«Бүгінгі әдеби сағат бізге үлкен рухани серпіліс сыйлады. Шоқан атамыздың ғылымға деген шексіз қызығушылығы мен халқы үшін жасаған еңбектері бізге үлгі. Ол жас болса да, өз халқының тарихын терең зерттеп, әлемге қазақтың мәдениетін танытты. Біз де сол жолды жалғастыруға тиіспіз», – деді іс-шара қатысқан 11-сынып оқушысы Тәшім Нұрай.

«Ғалымның ең үлкен парызы – өз халқының болашағына қызмет ету» деген Шоқан Уәлихановтың сөзі әдеби сағаттың басты ұранына айналды.

Іс-шара соңында қатысушылар Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Белсенді оқушылар мен ұстаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -